Жайқалған алма бақтары

0

Жаздың аптап ыстығына қарамастан аудан диқандары алқаптарда тыным таппай тер төксе, бағбандар бақтарын баптап, мол өнімнен үмітті. Аудан әкімдігіне қарасты ауыл шаруашылығы бөлімінің берген мәліметіне сәйкес, қазіргі таңда аудан көлеміндегі алма бақтарының аумағы 684 гектарды құрап, оның 130 гектары замануи технологиямен жабдықталған.

Жалпы, алма өсірудің «қарқынды бақ шаруашылығы» аталатын тәсілі бүгінгі таңда өзінің тиімділігін дәлелдеп үлгерген. Сол себепті аудан шаруалары осы бағытта белсенді жұмыс жүргізіп, 2015 жылы Қордай ауданының таулы аймақтары аталмыш кәсіпті дамытуға қолайлы өңір деп танылды. Бұл іспен айналысқан агроқұрылымға мемлекет тарапынан айтарлықтай қолдау көрсетіліп, бақ отырғызуға, тамшылатып суғару жүйесін орнатуға, қажетті техника алуға бағытталған инвестициялық субсидиямен қатар, жеңілдетілген несиелер де қарастырылған.

Аудан көлемінде бақ өсіруден алдына жан салмайтын Қарасай ауылдық округіне келер болсақ, мұнда 2009 жылдан бері бақ өсіру жұмыстары қайта жанданып келеді. Бүгінде округ аумағында 365 гектар жеміс бақтары тіркелген. Аталмыш бақтарда алма, алмұрт, қара өрік ағаштары өседі. Өткен жылы округ шаруалары 100 тонна жаздық алма, 150 тонна алмұрт, 1,5 тонна қара өрік жинап, жоғары өнімділікке қол жеткізген. Осы орайда өткенге көз жүгіртіп, тарих қатпарына үңілгенді жөн көрдік. Мысалы, 1978 жылы бұрынғы Алмалы совхозында бағбандар 15000 тонна «апорт», «розмарин», «ранета», «мельба» сұрыпты алма жинап, бұл жұмыстарға жан-жақтан мыңнан астам адам жұмылдырылған. Дәмі тіл үйіретін жеміс теміржол арқылы Қазақстанның түпкір-түпкіріне, Мәскеуге, Ленинградқа, Кузбассқа, Таулы Алтай мен Сібірге жөнелтілсе, қалған өнімнен жергілікті мамандар сапасы жоғары шарап жасайтын…

Жалпы, алмасымен аты шыққан бұрынғы Алмалы, қазіргі Қарасай ауылының тыныс-тіршілігі жаман емес. Бір кездері кеңес өкіметінің кертартпа саясатынан тамырына балта шабылып, тоқырау жылдары келмеске кеткен алма бақтары бүгінде қайта жанданып, үлкенді-кішілі шаруашылықтар ата кәсіпті қолға алып келеді. Мысалы, округтен орын тепкен «Саната» шаруа қожалығы 20 гектар алқаптағы алманы жинау жұмыстарына кіріскелі отыр. Шаруашылық басшысы Өмірсерік Байтасовтың айтуынша, биылғы өнім жаман емес. Бақта жаздық, күздік және қыстық алманың сұрыптары бар.

«Біз ауылымыздағы алма бақтарының көлемі ұлғайса деп армандаймыз. Біз бірлесе осы бағытта талмай еңбек етуіміз тиіс», — дейді Өмірсерік Байтасов.

Leave A Reply

Your email address will not be published.