Жамбыл облысында шегірткеге қарсы күрес аясында 230 мың гектардан астам алқапты өңдеу жоспарланып отыр. Фитосанитарлық жұмыстар сәуір айының ортасында, алғашқы зиянкестер пайда болысымен басталады. Оған дейін мамандар жерді тексеріп, шегірткенің жұмыртқа салған орындарын анықтаумен айналысады, деп хабарлайды baq-orda.kz.
Көктемнің басында фитосанитарлық қызмет мамандары егіс алқаптарын арнайы әдіспен зерттейді. Олар топырақтағы жарықтар мен ұсақ тесіктерге назар аударып, шегірткенің жұмыртқа салған орындарын анықтайды. Жәндіктердің дернәсілдері әдетте 5–10 сантиметр тереңдікте орналасады.