21-22 қыркүйек күндері Астана қаласында Жамбыл облысының ауыл шаруашылығы өнімдерінің жәрмеңкесі өтуде. Бұл шара өңіраралық ынтымақтастықты дамыту мақсатында ұйымдастырылған және оған облыстың 10 ауданы мен Тараз қаласының 90-нан астам ауыл шаруашылығы тауар өндірушілері қатысты.
Жәрмеңкеге 10 автокөлікке тиелген азық-түлік тауарлары жеткізілген. Оның ішінде:
— 33,2 тонна ет (жылқы, сиыр, қой және тауық еті), 4 тонна шұжық өнімдері, 22,2 тонна сүт өнімдері, 6 мың дана жұмыртқа, 10 тонна қант, 2,5 литр өсімдік майы, 1 тонна кондитерлік өнімдер, 5,4 тонна макарон өнімдері, 0,4 тонна ас тұзы, 4 тонна балық, 4 тонна ұн, 6,8 тонна бал, 202,3 тонна жеміс-жидек пен көкөніс өнімдері бар.
Астанадағы «Қазанат» атшабарында өткен бұл жәрмеңкеде жамбылдық шаруалар жалпы құны 220,4 млн теңгені құрайтын 301,8 тонна өнімдерін нарық бағасынан 10-20%-ға төмен бағада ұсынды. Солардың ішінде қордайлық шаруалар да форель балығы, пияз, картоп, қырыққабат, сәбіз, көк-сөк, шалғам, қарбыз, алма және асқабақ сынды көкөніс-жемістерді жеткізген.
Жәрмеңкеге жиналған халықтың қарасы қалың. Елорда тұрғындары мен қонақтары Жамбыл облысынан жеткізілген сапалы әрі табиғи таза өнімдерді алуға асықты. Ұсынылған өнімдердің көптігі мен бағаларының төмендігі халықтың қызығушылығын арттырғаны байқалды. Бұл күнгі көңіл-күй де көтеріңкі, халық ауыл шаруашылығы тауарларын алып қана қоймай, Жамбыл облысының шығармашылық ұжымдары ұйымдастырған концерттік бағдарламадан ләззат алды.