Отанға деген сүйіспеншілік – отбасыға деген махаббаттан басталады. Тәрбиенің негізі де, адамдықтың бастауы да – ошақ қасында, ана мен әке тағылымында қаланады. Бүгін біз сондай өнегелі шаңырақтың бірі – Қақпатас ауылындағы Мұқашевтар жанұясын әңгімелегелі отырмыз. Бұл отбасының басты ерекшелігі – махаббатқа, өзара құрметке, жан жылуына және еңбекқорлыққа толы өмір салты.
Отағасы – Әмірхан Қорғанбекұлы, бай өмірлік тәжірибесі бар, ел мен жер қадірін терең ұғынған азамат. Ол Ырғайты ауылшаруашылық техникумын (қазіргі Қордай ауылшаруашылық колледжі) агроном мамандығы бойынша тәмамдап, Батыс Украинада, Польша шекарасында шекаралық әскер қатарында Отан алдындағы борышын өтеген. Еңбек жолын ауыл шаруашылығына арнаған Әмірхан аға звеношы, наубайхана меңгерушісі, гидротехник-инженер, бас агроном сынды бірнеше лауазымдарда қызмет етіп, ел игілігі жолында тер төккен. 2011 жылдан бері «Елнұр» шаруа қожалығын басқарып келеді.
– Ата-аналарымыз бізге де, немерелеріне де бір қарапайым, бірақ өте маңызды шындықты үйретті. Бұл – жақындарыңа қамқор болу, үлкенді құрметтеу және отбасылық құндылықтарды ардақтау. Өмірдің мәні мен тірегі осы, – дейді ол. Жұбайы – Ләйлә Ештаева шаңырақтың түтінін түзу түтетіп отырған ардақты жан. Мектепте вахта қызметін атқара жүріп, үй тіршілігіне, бау-бақшаға, қолөнер мен тігінге де уақыт табады. Қолынан іс келетін, әр іске икемі бар Ләйлә Жанылбайқызы ауылда еңбекқорлығы, ашық мінезі және қолғабыс жасауға әрқашан дайын тұратын пейілімен көпке сыйлы.
– Мен үшін отбасы – бұл бақыттың бастау бұлағы. Адам үйден рухани тыныштық таппаса, өмірдің дәмі болмайды. Әрбір отбасы мүшесі үйдің берекесі мен тыныштығына жауапты. Отбасы – нәзік әйнек тәрізді, оны сындырып алу оңай, ал қайта қалпына келтіру қиын. Сондықтан баланы кішкентайынан отбасы алдындағы жауапкершілікке тәрбиелеу керек, – дейді Ләйлә апай шынайы тебіреніспен.
«Ұяда не көрсең, ұшқанда соны ілесің» деген халық даналығы бар. Әмірхан аға мен Ләйлә апай – отбасылық өмірдің биік үлгісін көрсетіп келе жатқан жандар. Биыл отасқандарына 27 жыл толған. Осы уақыт ішінде олар бес бірдей перзентті тәрбиелеп өсірді: Бота, Елнұр, Зейнеп, Әлия және Ерасыл.
Үлкен қыздары Бота Қордай ауылында тұрады, тұрмыста, үш баланың анасы. Елнұр жоғары оқу орнын аяқтап, әскер қатарында борышын өтеп, қазіргі таңда өз жолын қалыптастыруда. Зейнеп – Алматыдағы «Нархоз» университетінің студенті. Әлия биыл мектеп бітірді, ал кенжелері Ерасыл – мектеп оқушысы.
Бұл шаңырақтағы жылылық пен үйлесімділіктің басты себебі – ата-ананың мейірімі мен өзара қолдауы. Әмірхан ағаның жан жары, шаңырақтың шырайы болған Ләйлә апай – мейірімі мен ізгілігі, әйелге тән даналығы мен кең жүрегі арқылы өмірлік серігін толықтырып, отбасын жылулыққа бөлеп отыр.
– Біз үшін анамыз – әрдайым үлгі. Ол – ерекше жан. Бізге өмірдің қыр-сырын, ісмерлікті де, ас үйдің берекесін де, үй шаруасын ұршықша иіруді де үйретті. Ең бастысы – отағасын құрметтеуді, оған адал серік болуды бойымызға сіңірді, – дейді үлкен қызы Бота мақтанышпен.
Мұқашевтар – ұлттық дәстүр мен құндылықты қадір тұтатын жанұя. Олар демалыс сайын бір дастарқанда бас қосып, шүйіркелесе отырып, отбасы ынтымағын арттыруды әдетке айналдырған.
Осындай үлгілі өмір салты, ауыл өміріне қосқан үлесі үшін Мұқашевтар отбасы аудан әкімінің қолынан «Өнегелі отбасы» деген марапатқа ие болған.
Әмірхан аға мен Ләйлә апай бақытты жанұя құпиясымен де бөлісті:
– Бала тәрбиесі – күн сайынғы тынымсыз еңбек. Мұнда ананың да, әкенің де рөлі айрықша. Үй ішінде бірлік пен түсіністік болмаса, бала да шаттықты сезінбейді. Ең бастысы – ерлі-зайыптылардың бір-бірін құрметтей білуінде, – дейді олар.
Расында да, Мұқашевтар әулеті – берекелі отбасының көрнекі үлгісі. Бұл шаңырақ – мейірім мен жылулықтың, қонақжайлылық пен махаббаттың мекені. Әмірхан Қорғанбекұлы – Қақпатастың тумасы, ал Ләйлә Жанылбайқызы – Қордай ауылынан. Екеуі де туған жеріне адал еңбек етіп, жүрек жылуымен жарқыратып жүрген қарапайым жандар.
Мадина Узбекова