ЖАРҚЫН БОЛАШАҚТЫҢ КЕПІЛІ

0

«Үштілділік мемлекеттік деңгейде ынталандырылуы керек…». Бұл сөздерді Елбасы Н.Назарбаев «Қазақстан-2050» стратегиясында айтып өтті. Сонымен қатар, ол: «Орыс тіліне және кириллицаға біз қазақ тіліне қандай қамқорлықпен қарасақ, сондай қамқорлықпен қарауымыз керек. Орыс тілін білу — біздің ұлтымыздың тарихи артықшылығы екені баршаға белгілі. Дәл осы орыс тілі арқылы қазақстандықтар бірнеше ғасыр бойы қосымша білім алып, ел ішінде де, шет жерлерде де өз дүниетанымдары мен араласатын ортасын кеңейтіп келе жатқанын жоққа шығармауға тиіспіз. Біз ағылшын тілін игеруде серпіліс жасауымыз керек. Қазіргі әлемнің осы «лингва франкасын» меңгеру біздің еліміздің әрбір азаматына өмірдегі шексіз жаңа мүмкіндіктерді ашады» — дейді. Расында, ағылшын тілін білген адам шексіз мүмкіншіліктерге ие болады.
Ағылшын тілі әлемдегі ең кең тараған тіл. Шамамен бұл тілде жер бетінде бір миллиардтан астам адам сөйлей алады. Әлемдегі экономикасы дамыған мемлекеттер — Ұлыбритания мен АҚШ-тың мемлекеттік тілі. Сонымен қатар, ондаған мемлекеттердің ресми тілі. Дүниедегі барлық аударма шығармалардың, ақпараттардың 33%-ы ағылшын тілінен аударылса, 15 % – француз тілінен, ал 1%-ы ғана неміс тілінен аударылады. Бұл статистикалардан-ақ, ағылшын тілін меңгерудің қаншалықты маңызды екенін, ақпарат пен білімнің барлығы да сол тілде екенін түсінуге болады. Ағылшын тілін білетін адам, жер жүзінде бір миллиард адаммен еркін коммуникацияға түсе алады деген сөз.
Шет тілдердің арасында ағылшын тілі ешкімге шаң жұқтырмай, алғашқы орынды бермей келеді. Бизнес, туризм, ғылым, білім беру жүйесі, интернет, кинемотография т.б. әлемнің түрлі саласында дәл осы ағылшын тілі қолданылып, көптеген әлемдік жобалар, саяси кездесулер мен жиындар, спорттық жарыстар мен олимпиадалар ағылшын тілінсіз өткен емес. Сондықтан, еліміздегі білім мен ғылымды т.б. саланы дамытамын деген әрбір жас, әрбір патриот ағылшын тілін білуі міндетті. Оның пайдасы да шаш етектен.
Ағылшын тілін білген адам, болмаса кадрдың еңбек нарығындағы бағасы өседі. Бүгінде елімізде жұмысқа қабылдағанда ағылшын тілін білетін жастарға ерекше құрметпен қарайды. Ал, кейбір шетелдік компанияларда бұл тіпті талап ретінде қарастырылып жатқаны өтірік емес. Бесаспап, яғни әмбебап маман болам десеңіз, өз ісіңіздің іскері болам десеңіз оған ағылшын тілінсіз айналып бару мүмкін емес.
Көп тілді меңгерген жастар көп тіл білу адамның мінезіне де, карьерасына да, өміріне де оң әсер ететінін айтып жатады. Өзге тілді білу жаңаша ойлауға және бұрынғы қалыптасқан пікірлеріңді одан әрі дамытуға үлкен септігін тигізеді. Жаңашылдыққа, объективті ойлауға жетелейді. Мінез тұрғысынан, адамдармен ашық араласып, бұрын болмаған позитивті ойлар қалыптасады. Яғни, ағылшын т.б. тілдерді білсең өзіңді еркін сезініп, әлем бойынша кез келген адаммен қарым-қатынасқа түсе алатыныңды байқайсың.
Сол лингвистика ғылымының тілімен сөйлейтін болсақ, екі тілді білетін адамды «қостілді», ал 3 немесе одан да көп тілді білетін адамды «полиглот» дейді. Дүние жүзі тарихына көз жіберсең, жаһанға атағы жайылған дара тұлғалардың, ғалымдар мен ақындардың барлығы дерлік кемінде 2 немесе 3 тілді меңгергенін байқауға болады. Мәселен, шығыс ғұламасы, Аристотельден кейін екінші ұстаз атанған, қазақ топырағынан шыққан Әбу Насыр Әл-Фараби 70-ке жуық тілді меңгерген. Бүгінде бұл ғалым тарих парақтарынан өшпестей орын алған. Ал, орыстың классигі, ақыны А.С.Пушкин француз, ағылшын, неміс, итальян, испан, латын, грек, славян тілдерін білген. Тіпті, көне еврей тілін зерттеп үлгеріпті. Бүгінде орыс десең – Пушкин, Пушкин десең – орыс есіңе түседі. Яғни, Пушкин Ресейді жер жаһанға танытуда ақындығымен қатар, бірнеше тілді меңгергенінің көмегі де болған.
Қазақ поэзиясының атасы – Ұлы Абай орыс-қазақ тілдерімен қатар парсы, араб тілдерін меңгеріп, сол тілдерде бірнеше кітаптарды оқыған. Орыс тілін орта жастан асып барып, кеш меңгерген. Дегенмен, ештен кеш жақсы ұстанымын ұстанған ұлы данамыз, ғылым игеруде тіл білудің маңыздылығын өте жақсы ұққан. Көптілді адам білім мен ғылымға құштар болатыны бүгінгі күнде де талай дәлелденіп отыр.
Қазақ халқының «Жеті жұрттың тілін біл, жеті түрлі білім біл» деген мақалы «Үш тұғырлы тіл» саясатын жүргізудің негізі бола алады. Ал, А.П.Чеховтың «Шет тілін білмеген адам өзін паспортсыз жандай сезінеді» деген қанатты сөзі, бір тілмен шектелген адам өзін еркін, бостандықта жүргенін сезіне алмайтынын нұсқап отыр. Ендеше, «Үштұғырлы тілді» меңгеру – еркіндіктің, бостандықтың, бүкіл әлем бойынша жүріп-тұрудың кепілі.
Данибала ИМАНКУЛОВА,
«Тілдерді оқыту орталығы»
КММ оқытушысы

Leave A Reply

Your email address will not be published.