ЖАСӨСПІРІМДЕРДІҢ ҚҰҚЫҚТАРЫН ҚОРҒАУ

0

Өткен аптада аудандық Мәдениет үйінде аудандық прокуратураның ұйымдастыруымен мекемеаралық жиын өтті. Іс-шараға аудан әкімінің орынбасары Дамира Сүгірбай, аудан прокуроры Бірлік Ізбасаров, аудан әкімдігінің аппарат қызметкерлері, бөлім басшылары, ауыл әкімдері, әртүрлі мекеме басшылары, мектеп директорлары және құқық қорғау органдарының өкілдері қатысты. Күн тәртібіне көтерілген мәселелер толықтай талқыланды.

Жиында кәмелет жасқа толмағандардың құқықтарын қорғау мәселесі талқыланды.  Бұл өзекті мәселе әрдайым құзырлы органдардың бақылауында жүргені белгілі. Алайда, аудан прокуроры орынбасарының жасаған баяндамасынан жиынға қатысушылар бірқатар кемшін тұстар бар екенін естіді. Әсіресе мектептердегі бірқатар проблемалар айтылды. Прокурор көмекшісі нақты деректер мен дәйектерді алға тартып, аталмыш мәселеге көбірек көңіл бөлу қажеттігін баян етті. Ауданда жасөспірімдерге қатысты бірнеше келеңсіз оқиғалар орын алған, сонымен қатар ең сорақысы сол, жапа шеккендер де анықталды. Осы тұста аудан басшысы мен аудан прокурорының тарапынан құзырлы органдарға қатысты сын айтылды. Әрине, сын тезі бірінші кезекте полицейлерге, ауылдық округ әкіміне, білім бөлімінің басшысына және комиссия төрағасына түсті. Сонымен қатар, педагогтар, психологтар және осы мәселемен тікелей айналысатын арнайы комиссияның жұмысы жайы да сөз болды.

Аудан прокуроры қылмыстың алдын алу шаралары әлі де жеткіліксіз екенін атап өтіп, кәмелетке толмағандардың құқықтары еш уақытта тапталмауы керектігін баса айтты.

Осыдан кейін мінберге аудандық полиция бөлімі басшысының орынбасары көтеріліп, биылғы жылдағы жасалған қылмыстар жөнінде ақпаратты назарға ұсынды. Өз кезегінде аудандық прокурор бірнеше ескертулер айтты. Мысалы жасөспірімдердің қатысуымен орын алған жол көлік оқиғалары бойынша сұрақ қойылды. АПБ басшысының орынбасары полицейлерге айтылған сын-ескертпелердің орынды екенін атап, жұмысты барынша жандандыруға уәде берді.

Бірлік Ізбасаров аудандық орталық ауруханасы бас дәрігерінің м.а. Айдын Байбековтен ерте жүктілік мәселесі қалай қадағалатынын сұрады. Бас дәрігер профилактикалық тексерулер қалай жүргізілетінін баяндап берді.

Жиында учаскелік және мектеп инспекторларының ауыл әкімдерімен тығыз байланыста болуы да айтылды.

Leave A Reply

Your email address will not be published.