Гвардейск гарнизонында «Оңтүстік» өңірлік қолбасшылығына қарасты әскери бөлімдердің әскер қатарына жаңа келген сарбаздары атыс даярлығы сабағында қарудан бастапқы жаттығуды орындады.
Іс жүзінде өтетін атыс сабағы Құрлық әскерлеріне қарасты оқу-жаттығу орталығының полигонында жүргізілді. Атыс қаруынан бастапқы жаттығуы әскерге жаңа келгендердің бағдарлама жоспарына сәйкес қауіпсіздік шаралары сақталып, ұйымдастырылды. Жас сарбаздар атыс қаруынан бастапқы жаттығуды орындау алдында қарудың тактикалық-техникалық сипаттамаларын жан-жақты үйреніп, бастапқы жаттығу мен ату кезіндегі қауіпсіздік ережелерін жатқа меңгерді.
Сонымен қатар, атыс даярлығы барысында оқу-жаттығу орындарында атыс қаруынан атуға дайындалу, атыс қаруын дұрыс көздеу және тағы басқа нормативтерді орындады.
— Біз бүгін алғаш рет атыс қаруынан бастапқы жаттығуды орындадық. Жаттығуды жақсы деген бағаға орындадым. Бұл жетістігім офицерлер мен сержанттардың үйреткен әдіс-тәсілдерін қолданудың нәтижесі деп ойлаймын, — деді артиллериялық бригадасының жас сарбазы қатардағы жауынгер Асхат Әбдіғали.
— Жас сарбаздар атыс қаруынан бастапқы жаттығуды жақсы орындады. Біз оларға қаруды қолданудың әдістері мен қыр сырын үйреттік. Жаттығуды орындау барысында олардың қызығушылығы арта түскені байқалды, — деді взвод командирі гвардия аға лейтенанты Бекболат Әбіш.
Гвардейск гарнизонының баспасөз қызметі