Қарбыз – жаздың символы, шөлді қандырып, бойды сергітетін ерекше дәм. Қазақ халқы бұл жемісті ежелден бері жаздың сәні деп білген. Алайда соңғы жылдары қарбыз дүкен сөрелерінен тек жаз мезгілінде ғана емес, жыл он екі ай бойы түспейтін болды. Бұл көрініс тұтынушылар үшін қуанышты болғанымен, денсаулыққа байланысты алаңдаушылық тудыруда.
Қазіргі таңда қарбыздардың басым бөлігі жылыжайда өсіріледі. Олар көбінесе Өзбекстан, Қырғызстан, Қытай сияқты елдерден жеткізіледі. Ерте пісуі үшін түрлі тыңайтқыштар мен пестицидтер пайдаланылады. Мұндай әдістер жемістің тез жетілуіне және сырттай әдемі болып көрінуіне себеп болады. Алайда бұл көзбояушылықтың астарында адам ағзасына зиян келтіретін қауіптер жатыр.
Дәрігерлердің айтуынша, ерте піскен қарбыз құрамында нитраттар мөлшері артық болуы мүмкін. Бұл заттар улануға алып келеді. Атап айтқанда, жүрек айну, іштің түйілуі, құсу, іш өту, әлсіздік, бас айналу, дене қызуының көтерілуі секілді белгілер – нитратпен уланған адамның ең жиі кездесетін шағымдары. Мұндай жағдайлар соңғы жылдары жиілей түсті. Откен жылдары Жамбыл облысында оннан астам адам қарбыз жегеннен кейін ауруханаға жеткізілген. Зерттеу нәтижесінде олардың улану көзі – құрамында нитрат мөлшері жоғары қарбыз болғаны анықталған.
Тұтынушылардың да пікірі екіге бөлінген. Бірі қарбызды тек табиғи маусымында сатып алғанды жөн санаса, енді бірі бағасы мен қолжетімділігін ескеріп, қыс-көктемде де тұтынуға бейіл. «Қарбызды тек шілде мен тамызда аламын. Табиғи дәмі де, сапасы да сол кезде болады», – дейді қордайлықтар. «Жаз басталмай алған қарбыздан кейін ішім ауырды», – деп шағымданатындар да жоқ емес.
Мамандар қарбызды сатып аларда сақтық танытуға кеңес береді. Ең алдымен, жемісті маусымында, сенімді сатушылардан, сатып алу қажет. Сырты жарылған, жұмсарған немесе ерекше иісі бар қарбыздан бас тартқан жөн. Сондай-ақ жартылай кесілген қарбыздың санитарлық талаптарға сай келмеуі де мүмкін екенін есте ұстаған дұрыс.
Қарбыз – денсаулыққа пайдалы жеміс. Бірақ ол дұрыс таңдалмаған жағдайда керісінше, ағзаға зиян тигізуі ықтимал. Сондықтан жаздың тәтті дәмін шын мәнінде рахаттанып жеу үшін оның сапасына, шығу тегі мен пісу уақытына мән беруіміз қажет.
Денсаулық – ең басты байлық. Қарбыз – жай ғана жеміс емес, дұрыс тұтынылса, рахатқа бөлейтін, ал бейқамдық танытсақ, денсаулыққа қауіп төндіретін өнім екенін ұмытпайық.
Аружан ҚАДІР, Әл-Фараби атындағы Қазақ Ұлттық Университетінің журналистика факультеті студенті