ЖЕКЕ МӘСЕЛЕМЕН – ӘКІМГЕ

0

Сәрсенбі, 3 сәуірде, аудан әкімі Бегзат Болатбеков азаматтарды жеке мәселелерімен қабылдап, әрбірінің шағымын тыңдады. Іс-шараға аудан әкімдігінің бөлім және мекеме басшылары, сондай-ақ ауылдық округ әкімдері қатысты.

Қабылдау барысында тұрғындар әлеуметтік проблемаларды көтерді, олардың қатарында  баспана мәселесі, материалдық көмек көрсету, жер учаскесін бөліп беру, денсаулық және жұмыспен қамту жайлы сұрақтар болды.

Қабылдауға келген адамдардың бір бөлігі баспана проблемасын алға тартып, материалдық көмек сұрап, жұмысқа орналастыру туралы өтініш айтты. Алайда, жеке қабылдау барысында белгілі болғандай, кейбір азаматтар тұрғын үй алуға кезекке тұрмаған, «Қордай ауданы бойынша Мансап орталығына» есепке алу үшін құжат өткізбеген. Бұл азаматтарға аудан басшысы мен тиісті сала мамандары түсінік берді. Сонымен қатар, жеке тұрғын үй алу үшін жер учаскесін алуға бірнеше жылдан бері кезекте тұрған азаматтар да болды. Мәселен, 2015 жылдан бері кезек күткен Қордай ауылының тұрғынына Қордай ауылындағы «Тау самалы» шағын ауданынан жер телімдерін бөліп беру көзделгені жайлы айтылды. Қазіргі уақытта кешенге инфрақұрылым төсеу мәселесін шешу үшін қаржы қарастырылып жатыр. Жарық, су, газ, жол тәрізді инфрақұрылым мәселелері шешілгеннен кейін 1200-ге тарта жер учаскелері беріледі деп жоспарланған. Қордай ауылы бойынша жеке баспана салу үшін жер телімін алуға 11 мыңнан астам адам кезекте тұрғанын атап өту керек. Келесі азамат «Шығыс» шағын ауданынан жер сатып алуға көмек сұрап келіпті. Бұл азаматқа биыл аукцион өткізу жоспарланғаны, оның өтетіні жайлы алдын ала аудандық «Қордай шамшырағы» газетінде жарияланатыны жайында түсіндірілді. Аукционға кез-келген ниет еткен адам қатыса алады.

Жеке қабылдау барысында орын алған бір қуантарлық жайт – бірқатар кәсіпкерлер биогумус өсіруге ниетті екен, Жаңатұрмыс ауылы маңынан бір-бір гектардан жер алу үшін аудан әкіміне өтінішпен келді. Бұл мәселе жақын арада аудандық жер комиссиясында шешілетін болады. Еске сала кетсек, биогумус – экологиялық таза, табиғи және ең танымал тыңайтқыш түрі. Ол өсімдік қалдықтарын құрттармен өңдеу нәтижесінде алынған жоғары молекулалы органикалық қосынды болып табылады.

Омыртқа кемістігіне шалдыққан Қордай ауылының келесі тұрғынының жағдайына байланысты аудан басшысы аталған азаматты жұмысқа орналастыру және медициналық тексеруден өткізу жөнінде жауапты тұлғаларға тиісті тапсырмалар берді.

Әкім жеке қабылдауына келген әр тұрғынның сауалын мұқият тыңдап, тиісті мамандарға нақты тапсырмалар берді. Сонымен қатар, аудан басшысы бірде-бір өтініш қараусыз қалмайтынын айтып, барлығы заң аясында шешілетінін баса айтты.

Анжела ИЗАЕВА

Leave A Reply

Your email address will not be published.