ЖЕЛМЕН ЖАРЫСҚАН ЖАНИЯ

0

Қылқұйрықтың жалына жармасып, желмен жарысып көрдіңіз бе? Міне, дәл осындай сәттергі сезім Жания Сатылғанова үшін өте қымбат. Ат құлағында еркін ойнайтын бойжеткен, жас күнінен жылқы десе жаны бөлек жан. Ол тізгіндеген тұлпарларымен тіпті ер азаматтарды шаң қаптырып кетеді. Жания көптеген ат спорты ойындарының жүлдегер, жеңімпазы.

Ауылдастары оны «қайтпас, қайсар мінезді қыз» деп атайды. Жастайынан мейірімділігімен ерекшеленетін, әсіресе жылқыға деген ықыласы айрықша. Бүгінде мал дәрігері кәсібін меңгерген ол әсіресе, жылқы малын жақсы сезеді, жылқыдан қуат алады.
— Ат үстіне отырсам, қайта дүниеге келген сияқтымын. Үрей, алаңдаушылық — бәрі алыс қалады. Жылқының ерекшелігі жан-дүниеңді түсіне біледі, — дейді Жания.
Шабандоз қыз 33 мәрте «қыз қууға» қатысып, бірде бір жігіт оны қуып жете алмаған. Бұл ойын түрінен ол алдына жан салмайды.
Сонымен қатар Жания көкпар тартуда да жігіттерден қалыспайды.
-Қыз баласы тек әдемі әшекейлер мен көйлекке қызығады деген пікір қателік. Көкпарға қатысқанда мен өз күшім мен төзімімді көрсетемін, — дейді күлімдеп. Бұдан бөлек көкпар және бәйгелерге қатысу үшін асыл тұқымды жүйрік аттарды баптаумен айналысады. Өзінің инстаграмм парақшасында ол мынадай жазу қалдырған: «Көптеген адамдар мен қай жүйрікті жақсы көретінімді сұрайды. Бәрі бірдей, бірақ менің «Ерке-Серім» ерекше».
-Ол, шынымен де, ерекше жылқы, жаугерлік рухы бар. Онымен кәдімгідей тілдесу керек, сонда ғана көнеді. Жалпы, кез-келген адам менің жылқыларға деген сезімімді түсіне бермейді. Көп жағдайда әйел адамдар таңданып, сын көзбен қарайды, қорықпайсың ба, әйелдің ісі емес қой, дейді. Ер адамдар қызығады, қолдайды, — дейді бойжеткен.
Өзінің алғашқы жеңісі Жанияны жігерлендіргенін ұмытпайды. Қазақстан Республикасы Президентінің жүлдесі үшін өткізілген жорға жарыс болатын, дәл сол кезде ол өзін көрсете білді және ары қарай өмірлік жолындағы кәсібін таңдады десе болады.
-Оған дейін де бірінші орындарды жеңіп жүрдім, бірақ аудандық деңгейде болатын. Одан да биік белестерді бағындырсам деп армандадым. Бар кедергілерді жеңіп шығатыныма сенімді болдым. Көздегеніме жеттім. Бірінші ат жарыста түйе ұтып алдым. Сүйікті ісіңмен айналысасың және сол үшін жүлде аласың ба деген екіойлы сезім болды, — деп жалғастырды Жания.
Одан бері бойжеткен талай жарыстарда топ жарып, жеңіп шықты. Сүйікті кәсібі әйел үшін ерсі болғанымен, ол үй шаруасын дөңгелетіп, дәмді тағамдарды дайындайды. Көп уақытын Жания Сұлутөр ауылында өткізеді. Әсем табиғат аясында қуат алады, шабыттанады. Бойжеткен болашақ жарым де атқұмар, еңбекқор азамат болса екен, деп тілейді.
Ат үстіне жылдам әрі оңай секіріп мінгенін көрдік. Осы сәтті пайдаланып біраз атқа отырып серуендеп келуді шештік.
Шабандоз қыз болса асыл тұқымды «Ерке-Серіге» отырды да, аздап желіп отырды, кейін қамшы бастырмай-ақ артынан шаңды дауыл үйіріп, бізден ұзап кете барды.

Шолпан САБАНОВА

Leave A Reply

Your email address will not be published.