«ЖЕР – ҚАЗЫНА, СУ – АЛТЫН»

0

Аудандық «AMANAT» партиясы филиалының мәжіліс залында аудандық Қоғамдық кеңестің кезекті отырысы өтті. Жиынды кеңес төрағасы Нұржан Молдабеков ашып, қатысушыларға отырыстың мақсатын түсіндірді.

Отырысқа аудандық Қоғамдық кеңес мүшелері, тиісті сала басшылары, үкіметтік емес ұйымдар және БАҚ өкілдері қатысты. Жиында талқыланған бірінші мәселе ауыл шаруашылығындағы көктемгі егіс-дала жұмыстарына дайындық барысы болды. Аграрлық саясат, кәсіпкерлікті дамыту жөніндегі комиссия мүшесі Ерік Ағыбаев бұл мәселе бойынша баяндама жасап, әсіресе, қуаңшылыққа байланысты алдын алу шаралары мен суармалы судың тапшылығына тоқталды. Оның мәлімдеуінше, ауданның ауыл шаруашылығы үшін суармалы судың қолжетімділігі ерекше маңызды, және осы тұрғыда нақты шешімдер қабылдау қажет.

Сонымен қатар, күн тәртібіндегі бірінші мәселе бойынша аудандық ауылшаруашылығы бөлімінің статисі Ғалымжан Оспанов маңызды анықтама берді. Ол баяндамасында көктемгі егіс-дала жұмыстарының дайындық барысына қатысты мәселелерді көтерді. Ең алдымен, егіс жұмыстарына байланысты жүргізілген зерттеулер мен статистикалық мәліметтерді келтірді. Оның айтуынша, ауданның ауыл шаруашылығы секторында көктемгі егіс жұмыстары уақытында басталып, жүргізілуде. Алайда, егіс жұмыстарына қажетті ресурстардың жетіспеушілігі мәселесі де бар. Сондай-ақ, ол қуаңшылық жағдайы туралы мәліметтерді ұсынып, биылғы жылдағы ауа райының аграрлық секторға әсерін талдады. Қуаңшылықтың әсерін азайту мақсатында аудандық ауылшаруашылығы бөлімінің тарапынан қабылданатын алдын алу шаралары сипатталды. Ғалымжан Жарылқасымұлы, суармалы судың тапшылығы сияқты мәселелерге аса мән берді, егістікте судың жеткілікті деңгейде болуы ауыл шаруашылығы өнімділігінің артуына тікелей байланысты екенін айтты. Кеңес мүшелері Ғалымжан Оспановтың мәлімдемесін тыңдап, оған қатысты бірқатар сұрақтар қойып, пікір алмасу жүргізді.

Келесі мәселе «2025 жылғы аудандық бюджеттің орындалуының зерделеу қорытындысы» жөнінде болды. Бюджет, қаржы және шаруашылық салаларын қолдау мәселелері жөніндегі комиссия төрайымы Айнұр Алматаева аталған тақырып бойынша баяндама жасап, бюджет жобасының жүзеге асырылуы және қаржыны тиімді пайдалану бойынша ұсыныстармен бөлісті. Айнұр Тұрлыбекқызы аудан бюджетінің көрсеткіштерін талдай отырып, қаржылық тұрақтылықты қамтамасыз ету мақсатында қандай шаралар қабылдау керектігін атап өтті.

Кеңес мүшелері талқылау барысында көтерілген мәселелер бойынша өз ұсыныс-пікірлері мен ескертпелерін білдірді. Отырысқа қатысушылар ауыл шаруашылығын дамыту, бюджеттік шараларды тиімді қолдану, жер ресурстарын басқару және басқа да маңызды сулардың жетіспеушілігі сияқты мәселелерді көтерді. Мұның барлығы аудан экономикасын дамытуға және тұрғындардың әл-ауқатын арттыруға бағытталған маңызды қадамдар екендігі айтылды.

Отырысты қорытындылай келе, кеңес төрағасы Нұржан Смағұлұлы айтылған ұсыныстар мен пікірлердің тиісті басшылық орындарға жіберілетіндігін, сондай-ақ олардың орындалуын бақылауда болатынын мәлімдеді. Бұл жөнінде ол аудан тұрғындарының мәселелерін шешу және олардың әлеуметтік жағдайларын жақсарту үшін маңызды екендігін баса айтты.

Әділет ҚҰТТЫБАЙ

Leave A Reply

Your email address will not be published.