Адам өмірінің тақтайдай тегіс болмағы сирек. Тағдыры жазған кедір-бұдыры, қиындықтары көп, шырғалаңды өмір жолында өзін жоғалтып алмай ұдайы биікке ұмтылып, белгілі бір межеге жете білудің өзі ерлікке барабар. Біз сөз еткелі отырған Қордай аудандық ардагерлер кеңесінің төрағасы Біржан Әлімбеттің ғұмырнамасына зер сала отырып, барға тасымайтын, жоққа жасымайтын қайратты адамның ішкі мәдениетін, өмір бойы қалыптасқан өзіндік ұстанымынан зейнет жасында да айнымаған қайраткерлігін байқаймыз.
Атасы Әлімбеттен тартып бұл әулет тағдырдың әрқалай сынағында көрмегенді көріп келген екен. Өткен ғасырдың жиырмасыншы-отызыншы жылдары қызыл үкіметтің қара халыққа қырғидай тигені мәлім. Кеңес заманының қуғын-сүргін, ашаршылық нәубаттарын бұл отбасы түгелдей басынан өткерді. Үлкен атасы Сәлімбай «Бай-құлақ» болып айдалып кетті, сүйегінің қайда қалғаны да белгісіз. Атасы Әлімбет пен анасы Биша бас сауғалап қырғыз асты.
Бірер жыл ақ басты Алатаудың қойнауында қар жастанып, мұз шайнап жүріп, қодас бағып жан сақтаған. Содан, ел тынышталды-ау дегенде кері оралып, қазіргі Қасық ауылының маңында ел шетіне ілігіп табан тіреген екен. Бірақ бұл ауылдан оба ауруы шығып атасы Әлімбет пен анасы Биша қайтыс болып кетеді де әкесі Әбдікерім сол кездегі Фрунзе қаласындағы «балалар үйінде» тәрбиеленеді, кейінінен әпкесі Тұрымтай «балалар үйінен» тауып алып, Отарда теміржолда істейтін Жапарбай атасының қолында өседі.
Соғыс басталғанда он сегізге толған әкесі Әбдікерім бірден майданға алынып, «Максимнің» құлағында ойнаған пулеметші де болыпты, диверсиялық мектепте дайындықтан өтіп жау тылында партизандық ұрыстарға да қатысыпты. Ауданда жалғыз ҰОС Партизан қозғалысының ардагері еді, «Толстой» деген лақап аты болған, себебі күнделік жазады екен. Негізінен Белоруссияны жаудан тазарту шайқастарының бәрінің дерлік ортасында болған. Жеңістен кейін омырауында орден, медальдары сыңғырлап елге келіп, «Ақтерек» колхозында еңбекке араласқан. Жұбайы Зағипамен отау құрып, алғашқы перзенттері сонда дүниеге келген. Біздің бүгінгі кейіпкеріміз өмірге келетін 1952 жылдың қазан айында бұл ауылда әлі перзентхана жоқ, анасы мұны үйде босанған-ды.
Біржанның үш-төрт жасында олардың отбасы ежелгі ата қоныстары Мадияр жазығында пайда болған жаңа ауылға қоныс аударады. Жан-жақтағы шағын артельдер біріктіріліп, Киров атындағы колхоз болып іріленіп жатқан кез еді. Бекеңнің балалық шағынан тартып, бүкіл саналы ғұмыры сол ауылмен (бүгінгі Кенен) етене өріліп келеді. Жаңа көшелер тартылып, үйлер салынып жатқан мекенде мұның әкесі де өзгелер тәрізді алғаш жаппа там, кейін қоржын тоқал там, одан да кейін шатырлы үй тұрғызып ел қатарлы тірлікке жегіледі. Ұзақты күн үй көрмей достарымен доп ойнап кеткен баласын талай шықпыртып үйге қуып келіп мал жайғауға, қора-қопсы тазалауға аямай салатын. Әбдікерім мектепте мұғалім болатын, содан да балаларының оқуын қатты қадағалады. Ордабай Сәдібеков, Керімқұл Қосақовтай майдангер ұстаздар да біліммен қатар өмір сабақтарына да үйретті. Олардың қатал тәртібі мен тәлімді тәрбиесінен жаман болған жері жоқ, ертелі-кеш бір бітпейтін үйдің тірлігімен шынығып өсті, мектепті де жақсы бітірді. Қамқор әке баласының бұдан кейінгі тағдырын да өзінше кесіп-пішіп қойыпты. Біржанның физкультурашы боламын дегеніне қарамай, желкелеп апарып медицина институтына түсірді де жіберді. Соғыстың талай сұмдығын көріп қайтқан майдангердің сондағы уәжі: «соғыс бола қалса, алғы шептен шалғай госпитальда жүресің, ең болмаса қартайғанда мені емдейсің». Ал әкенің айтқаны заң. Бір орысы жоқ таза қазақ ауылында мектеп бітірген оның жолы болғанда, емтихандарды қазақ тілінде тапсырып оқуға түсті де кетті. Барлық құқай содан кейін басталды ғой. Орыс және латын тілдерінде күндіз-түні жазып, медициналық терминдерді тілі бұралып жаттаумен екі жылдай қиналып, ақыры көшке ілесіп кетті. Соңғы алтыншы курста өзімен бірге оқитын Изагүлмен отау құрып, ерлі-зайыпты педиатрлар интернатуралық тәжірибеден өтуге Жамбыл (Тараз) қаласының балалар ауруханасына жіберіледі. Бұл 1975 жыл болатын.
Осыдан бір жылдай бұрын ғана олардың туған жерінде жаңадан аудан (Красногор) ашылып, қай салада да білікті маман-кадрлар әлі тапшы болатын. Сондықтан, бір жыл өте жан-жақтан шақырылған жоғары білімді оншақты дәрігердің қатарында олар Гвардейскідегі аудандық ауруханаға келіп орналасты. Алғашқыда туған ауылы Кенендегі үйден қатынап қызмет етсе, кейіннен өздеріне жеке пәтер берілді. Осында қызмет еткен оншақты жылда лауазымы өсіп, учаскелік дәрігер-педиатрдан бас дәрігер-педиатр, аудандық аурухана бас дәрігерінің орынбасары, орталық аурухананың бас дәрігеріне дейін көтерілді. Бірінің артынан бірі балалары өмірге келіп жатты.
1984 жылы Красногор ауданы қайта жабылып Қордайға қосылғаннан кейін Бәкең өз еркімен Красногор ауылдық ауруханасына ауысып, табиғаты тамаша бұл өңірде табаны күректей 9 жыл бас дәрігер болып еңбек етеді. Шағын учаскелік ауруханаға ол басшылық еткен жылдары ыстық-суық су жүйесі тартылып, перзентхана салынады, жедел жәрдем бөлімі ашылады. Науқастарға медициналық қызмет көрсету жақсарып, ауылдық аурухана аудан бойынша үздіктер қатарына көтеріледі.
Біржан Әбдікерімұлына кейіннен туған ауылына ауысуға тура келді. Анасы дүниеден өтіп, қыздар шетінен тұрмысқа шығып, қара шаңырақта аурушаң әкесі әлі мектепте оқитын кенже інісімен ғана қалғандықтан, өзі сұранып Кенен ауылдық амбулаториясына келіп орнықты. Мұнда да табаны күректей жиырма жеті жылын өткізіпті, сонда жалпы дәрігерлік өтілі қырық жылға жуықтайды. Қытайда «дәуір алмасып жатқанда өмір сүрме» деген сөз бар екен. Ғасыр мен ғасыр, екі мыңжылдық ауысып жатқан кездің, оған қоса келмеске кеткен кеңес өкіметінің орнында жаңа мемлекет құрудың қиыншылықтарымен тайталаса жүріп, саналы ғұмырын халықтың денсаулығын сақтауға арнаған ол ауылдастарының ыстық ықыласына бөлене білді. Оның дәрігерлік ұжымы қадағалайтын аймақта түрлі жұқпалы дерттердің, ана мен бала өлімінің, қатерлі ісік ауруларының шығуы мүлде тыйылды. Беделі артып, жерлестері 2002 жылы білікті дәрігерді аудандық мәслихаттың 4-ші шақырылымына депутаттыққа сайлады. Енді оған адам емдеумен қатар, өз сайлаушылары тұратын аймақтың әлеуметтік мәселелерімен де айналысу міндеті артылды. «Отар-Сұлутөр-Көктөбе» жолының жөнделуі, Кенен ауылындағы мәдениет үйін күрделі жөндеу, ауылдағы су құбырын жаңарту, емдеу мекемелерінің материалдық-техникалық базасын нығайту — депутат Біржан Әлімбет білек сыбана кіріскен елдік істердің бір парасы ғана.
Белсенді депутат биліктегілердің де назарына ілігіп, келесі шақырылымда аудандық мәслихаттың хатшылығына сайланды. Бұл 2012 жыл болатын. Енді ол сүйікті мамандығынан қол үзіп, бұрынғыдай бір сайлау округінің ғана емес, өзі басқаратын депутаттық корпусты бүтін аудан халқының әлеуметтік-экономикалық жай-күйін жақсартуға бағытталған жұмыстарды жүйелеуге тиіс болды. Мәслихаттардың шын мәнінде халық сайлаған өкілді орган екенін көрсетуге, депутаттардың белсенділігін көтеруге, олардың халық сенімі мен аманаттарын ақтауына мұрындық бола білді. Мәслихаттың үш шақырылымының депутаты және соңғысында хатшысы бола жүріп, Біржан Әбдікерімұлы аймақтардан сайланған белсенді депутаттардың көмегімен өңірдің әлеуметтік мәселелерін шешуде, экономикасын көтеруде атқарылған қыруар нәтижелі жұмыстарымен үлкен бедел мен зор сенімге ие болды десек артық айтпаймыз.
Б.Әлімбет 2015 жылы пайғамбар жасына жетіп, зейнетке шықты. Зейнет жасына жеткенше асығып, сөйтіп жетіп алып пеш түбінде алаңсыз жатқанды аңсайтындар бар. Ал, біздің Бекең көптің қалауымен өзіне тағы бір бейнет жүктеп алды. Олай дейтініміз, осыған дейін аты бар да заты жоқ, жұмысы босаңсып кеткен аудандық ардагерлер кеңесінің төрағалығына келген бетте қос білегін түрініп іске кірісті. Бір тиын ақы төленбейтін мұндай қоғамдық жұмыстан бәрі қашады, қашпаған күнде тиіп-қашып істеген сыңай танытады. Бекең болса шындап айналысып бұл істің де бас-аяғын бүтіндеп алды. Әр ауылдағы қағаз жүзінде ғана құрылып басы бірікпей жүрген ардагерлер ұйымдарының есеп беру-сайлау жиналыстарын өткізіп, іс басына беделді, белсенді қарияларды бекітті. Аудандық кеңестің де құрамын жаңартып, оның мүшелеріне сала-сала бойынша міндеттер жүктеп берді. Басты мақсат – қартайғанда елеусіз қалған еңбек майталмандарының, асыраушысыз қалған, мүгедек, мұқтаж жандардың, көп балалы аналардың мәселесіне қоғамның назарын аударып, барынша көмек ұйымдастыру. Жергілікті атқарушы органдармен байланыс күшейтіліп, ауылдық ардагерлер ұйымдарына кабинеттер бөлу, іс-қағаздарын жүргізу жолға қойылды. Көпұлтты ауданда 16 мыңнан аса зейнеткерлер болса, олармен 82 бастауыш және цехтық ұйымдар арқылы жұмыс жүргізіледі. Түрлі мерекелер сайын ардагерлерге құрмет көрсетіледі, облыстық ардагерлер кеңесінің, аудан әкімінің, мәслихаттың Құрмет грамоталары мен алғыс хаттарымен марапатталады. 75-80-90-100 мерейлі жасқа келген қарияларды туған күнімен аудандық газет бетінде құттықтау, ерекше еңбегі сіңгендерді үйлеріне барып шапан жауып, сыйлық беру дәстүрі қалыптасты. 2019 жылы «Үздік ұйым» аталымы бойынша Кенен ауылдық ардагерлер кеңесі жеңімпаз болса, келесі жылы бетқайнарлық ұйым оза шапты. Ал облыстық батагөйлер байқауында Қарасай ауылындағы 90 жастағы қария Асық Уәлиев бас жүлде иеленді. Ардагерлер арасындағы облыстық спартакиададан да биыл үшінші орынмен оралды. Мұндай мысалдар көп. Ал облыстағы ардагерлер ұйымдары арасында қордайлықтардың жыл сайын екінші-үшінші орындардан көрінуі аудандық кеңестің жанды жұмысының нәтижесі. Енді әр ауылда құрылып жатқан «Билер кеңесі», «Аналар алқасы», «Әкелер кеңесі» арқылы жұмыс ауқымын кеңейте түсіп, бүгінде қоғамда орын алып отырған бала тәрбиесі, тұрмыстық бұзақылық, жастарға патриоттық тәрбие беру тәрізді өзекті мәселелерді шешуге атсалысу көзделіп отыр. «Ардагерлер туралы» заңдағы қарияларға арналған жеңілдіктер түрін көбейту туралы ұсыныстары да әзір. Әрине, бұл мақсатта оң жақ, сол жағындағы С.Сайбиров, Ә.Сейілханов, Н.Молдабеков, Б.Бай-жігітов, С.Молдажанов, Ә.Семжанов, М.Молдабекова, Р.Қағазбаева сынды кеңес мүшелерінің көмегіне, Т.Жасыбаев, А.Уәлиев, Ш.Молдахалықов, А.Шупта, Т.Сүгірбай, А.Бражниковтей ақсақалдардың ақыл-кеңесіне сүйенеді. «ҚР Денсаулық сақтау саласының үздігі», ҚР Денсаулық сақтау министрлігінің Құрмет грамотасы, Жамбыл облысы әкімінің, облыстық мәслихаттың, облыстық және аудандық денсаулық сақтау басқармаларының, аудан әкімінің, аудандық мәслихаттың Құрмет грамоталары, «Қордай ауданының құрметті азаматы» атағы Біржан Әбдікерімұлының ұзақ жылдарғы мемлекеттік қызметті және қоғамдық жұмысты қалай атқарып келгендігінің белгісі.
Әңгімеміздің басында әркімнің пешенесіне бұйырған өмір жолының бұралаң бұлтарысы, өр-ылдиын меңзеген едік. 3 ұл, 1 қыз тәриелеп өсірді. Оларды жоғарғы оқу орындарына түсіріп, оқытып азамат қатарына қосты. Тек өкініштісі, азамат болған 2 ұлының ерте қайтыс болып кетуі. Бәріне уақыт емші, олардан қалған немерелерінің дұрыс азамат болып өсіп келе жатқаны көңілге медет. Шүкір, қызы Жазира аудандық ауруханада гинеколог қызметінде әкесінің дәрігерлік жолын табысты жалғастыруда. Екі бірдей жоғары оқу орнын бітірген кенжесі Дәулет Астанада Қазақстан темір жолының білдей қызметкері. Оншақты немерелерінің үлкені Абдолла биыл мектеп бітіріп, Алматы физкультура институтына оқуға түсті. Кейінгілері әлі мектеп қабырғасында. Қазіргі зайыбы Гүлжанаттың оларға деген пейілінің ақтығына қуанады. Адам өмірінің әр он жылын бір белес деп алсақ, жетінші белесті еңсерген Бекеңнің шығар биіктері әлі алда.
Құрманбек ӘЛІМЖАН,
ардагер журналист