Білім мен тәрбиені ұштастырып, биік белестерді бағындыру — әрбір оқушы мен ұстаздың ортақ мақсаты. Ахмет Байтұрсынұлы атындағы орта мектеп ұжымы мен оқушылары жыл басынан бері түрлі деңгейдегі байқау, олимпиада және спорттық жарыстарда үздік нәтижелерге қол жеткізіп, мектебіміздің абыройын асқақтатуда. «Адал азамат — біртұтас тәрбие» бағдарламасы аясында мектеп оқушылары білім мен ізденісте айрықша табыстарға қол жеткізді.
Атап айтқанда, ұстаздар қауымы оқу жылының басынан бері жетістіктерден шет қалмады. «Ерлік пен елдік сабақтастығы: қазіргі білім беру жүйесінде» тақырыбындағы Шымкент қаласында өткен республикалық ғылыми-тәжірибелік конференцияда мектептің тарих пәні мұғалімі Бақытгүл Тынысбай өз тәжірибесімен бөлісіп, алғыс хатқа ие болды. Сондай-ақ, ауданымыздың беделді ұстазы Айтолқын Беккулова Республикалық пәндік олимпиадада педагогтерге арналған «Олимп шыңы» байқауында II дәрежелі дипломмен марапатталды. Бұл — мектеп мұғалімдерінің кәсіби шеберлігін дәлелдейтін жарқын нәтиже. Сондай-ақ, қазақ тілі мен әдебиеті пәнінің мұғалімі — Асланбек Керімқұлов, дебат клубының жетекшісі Үсен Тұрлыбаев аудандық және облыстық көлемде өткен «Qordai CUP-2025» пікірсайыс турнирлерінде жүлделі орындармен оралды. Сонымен қатар, орыс тілі мен әдебиеті пәні мұғалімі Татьяна Шапорева ауданымызға үлкен жетістіктер алып келуде. Облыстық «Үздік авторлық бағдарлама» байқауында II дәрежелі жеңімпаз атанды. Жуырда жалпы пәндер бойынша ауыл мектептеріне арналған облыстық олимпиадада 10-сынып оқушысы Раяна Білдебай III дәрежелі дипломмен марапатталды. Сондай-ақ, аудан мен мектептің дамуына қосқан үлесі үшін биология пәнінің мұғалімі Ақмарал Қалдарбекова еңбегін ерекше атап өткен жөн. Ұстазымыз өзінің жоғары кәсіби біліктілігімен, жауапкершілігімен және шығармашылық ізденісімен ұжым арасында зор құрметке ие.
Мектеп оқушылары да осы ұстанымды басшылыққа алып, түрлі білім бәйгелерінде топ жарып жүр. Оқушыларымыз да облыс, аудан көлеміндегі байқауларда үздік нәтиже көрсетіп, мектебіміздің мерейін үстем етуде. Солардың бірі — 11-сынып оқушысы Серік Бағымжан. Оқушылар арасында өткен облыстық «Қазақтың біртуар ұлы – Дінмұхамед Қонаев» шығармашылық байқауында «Ғылыми жоба» бағыты бойынша Бағымжан ауданнан бас жүлде, облыстан II орынды жеңіп алды. Бұл — мектеп оқушыларының білім мен ізденісте табандылық танытқанының көрінісі.
Оқушыларымыз тек білім ғана емес, спорттыда дамытуда. Атап айтқанда, Қордай ауданының еркін күрестің негізін қалаушы Рүстем Кәшербаевты еске алуға арналған республикалық турнирде мектебіміздің оқушылары жоғары нәтиже көрсетті. Атап айтқанда, 8 «Б» сынып оқушысы Асан Байнур — I жүлделі орын, 9 «Ә» сынып оқушысы Жұмабай Ерсұлтан — II орын, 8 «В» сынып оқушысы Иван Докшин — III орын иеленіп, облыс, республика көлемінде мектебіміздің мерейін үстем етті. Дене шынықтыру пәні мұғалімі Даурен Рамазанов аудандық «Дене сауықтыру» кешенінің ұйымдастыруымен өткен 8-сынып қыздар арасындағы жарыстарда жүлделі орындарға қол жеткізді.
Аталған жетістіктер кездейсоқ емес. Себебі, мектебіміздің ұстаздары оқу-тәрбие процесінде Ж.Қараевтың «Үшөлшемді оқыту технологиясы» әдістемесін тиімді қолдана отырып, оқушылардың жеке қабілетін дамытып, оқушылардың функционалдық сауаттылығын дамытуда тың тәсілдерді қолдана отырып, үлкен жұмыс атқаруда. Бұл технология арқылы оқушылар өз бетімен ойланып, шешім қабылдауға, жауапкершілікке және шығармашылық ізденіске тәрбиеленуде.