Қордай ауданында «Ауыл аманаты» жобасы нәтижелі іске асырылып келеді. Ауыл шаруашылығы тауарларын өндірушілерді жан-жақты қолдау, ел тұрғындарын аграрлық бизнеске барынша тарту, азық-түлік қауіпсіздігі және азаматтардың өмір сүру сапасын жақсартуға байланысты мәселелерді шешу мақсатында іске асырылған жобаға ауылдағы халық қызығушылық танытып жүр.
Жоба аясында Қаракемер ауылдық округінде жалпы 908,8 млн. теңгеге 137 ауыл тұрғынына 2,5%-бен несие беру жоспарланған. Бүгінгі күнде СПК «Таразға» 137 үйдің құжаты тапсырылып, оның 137-сі мақұлданды. Қаракемер ауылдық округі әкімдігінің мәліметінше, қазіргі таңда 110 тұрғынға несие мақұлданып, есеп шоттарына 675,7 млн теңге аударылды. Осылайша 38 ауыл тұрғыны түскен қаражатқа мал сатып алған. Нақтырақ айтсақ, 192,8 млн теңгеге 539 бас ірі қара, 4,8 млн тенгеге 8 жылқы және де 28,3 млн тенгеге 34 бас ұсақ мал алынды.
«Ауыл аманаты» жобасымен несие алған азаматтың бірі – Руслан Сүлейманов. Бес баланың әкесі ауылда отырып табыс табуға болады дегенді ести салысымен әрекет етіп, құжаттарын тапсырып үлгерген. 4 млн 900 мың несие алып, 11 бас ірі қара сатып алып, қорасына кіргізді.
— Осындай тиімді жоба жайлы әкімдікте өткен жиналыста естідім. Бізге толық мағлұмат беріп, құжаттарды реттестіруге көмектесті. Көп уақыт өтпей есепшотыма қаражат түсіп, ірі қара сатып алдым. Ол малдарды жақында сойып, етке өткіздім. Орнына тағы ірі қара сатып алдым. Осы жоба арқылы қорадағы мал басын көбейтіп алдым. «Ауыл аманаты» – оңтайлы бағдарлама, 2,5%-бен, бірінші жылға арналған жеңілдікпен және ауылдық жылжымайтын мүлік кепілімен қазірде бірде-бір банк қарыз бермейді. Осындай мүмкіндік берген мемлекетімізге алғысымды айтамын, — дейді шаруа.
Ауыл тұрғындары жаңа жобаға үлкен үміт артып отыр. Қолынан іс келетін, дөңгелетіп отырған шаруасы бар көптеген кәсіпкер, фермерлер бұл бастамаға барынша мүдделілік танытуда. Олар қаржылай қолдау болса, ауыл-аймақта өз кәсібін бастауға немесе осыған дейін шұғылданып келген шағын кәсіптерінің аясын кеңейтіп, талапқа сай дамыта алатынына бек сенімді.
Е.ҚҰДАЙБЕРГЕН