ЖОБА АУДАНДА ҚАРҚЫН АЛДЫ

0

Аудан әкімінің орынбасары Жұлдызбек Бақаевтың төрағалығымен ауданда «Ауыл аманаты» жобасының іске асуы бойынша келелі жиын өтті. Қазіргі таңда Кенен ауылында іске асып жатқан жобаға Қаракемер және Қарасу ауылдық округтері де кіріп отыр. Бес бағыттан тұратын жобаға бөлініп отырған қаржы да қомақты.
Жиынға облыс әкімдігінің ауыл шаруашылығы басқармасының бөлім басшысы Дулат Оспанов, «Тараз ӘКК» АҚ-ның өкілі Әл-Фараби Сейсенов, аудандық мекеме мен бөлім басшылары, ауылдық округ әкімдері қатысты.
Жалпы «Ауыл аманаты» жобасы туралы, оның ерекшеліктері мен басымдықтары, кейіннен болған өзгерістер мен ережесі жайында Дулат Оспанов кең көлемде баяндама жасап өтті. Арнайы слайд арқылы сүйемелденіп отырған баяндамада жобаның әр пункті, талаптары, ауыл әкімдері тарапынан қолға алуы тиіс жұмыстар тайға таңба басқандай көрсетілді. Мәселен, баяндамадан ұққанымыз 2023 жылы 24 млрд. теңгеге 10 ауданнан 26 ауылдық округ қаржыландыруға ұсынылып отыр екен. Талапқа сәйкес 26 округтің, оның ішінде жобаға енген біздің ауданымыздағы ауылдардың барлығында кооперативтер құрылып, тіркеуден өту қажет. Сонымен бірге «1 ауыл – 1 өнім» жобасы бойынша әрбір ауылдық округ не болмаса бірқатар округтермен бірлесе отырып жоғары қосымша құны бар өнім өндіру қажет. Ол үшін округте қайта өңдеу цехы қажет не болмаса округтер маңайында орналасқан ірі кәсіпорынның айналасына бірігуі тиіс.
Аудан әкімінің орынбасары Жұлдызбек Бақаев «Ауыл аманаты» жобасын іске асыруда ауыл әкімдерінің дербес жауапкершіліктерін ескеріп, әр ауылдық округте сүт, ет және көкөністен бастап «Эко чикен» және «Гидропоника» бойынша жұмыстарға да басымдық беру қажеттілігін айтты.
-Аталмыш жоба туралы ауыл әкімдері әлі күнге егжей-тегжейлі біле бермейді. Сол себепті бүгін ауылдық округ әкімдіктеріндегі мамандарды, аудандық статистика басқармасы, салық, жер қатынастары, «Атамекен» кәсіпкерлер палатасы өкілдерін де шақырып отырмыз. Өзіміз қолқа салып облыстық басқарманың мамандарын шақыртып, түсіндіру жұмыстарын жүргізуді сұрадық. Бұл баршамызға ортақ іс. Тапсырма – бар, орындау – міндетіміз. Оның нәтижесі ауыл тұрғындарының табысын артыру. Осыған үлкен жауапкершілікпен қарауымыз қажет, — деді Жұлдызбек Төленұлы.
Жалпы «Ауыл аманаты» жобасының ерекшелігі ауыл тұрғындарына 2,5%-бен жеңілдетілген шағын несие беруге және ауылдарда жаңа жұмыс орнын құруға мүмкіндік беру. Жалпы, 7 жыл ішінде бағдарламаға 1 млн-нан астам ауыл тұрғынын қамтып және оларды кооперативтік кәсіпкерлікке тарту жоспары бар. Жобаның негізгі мақсаты – ауыл шаруашылығы тауарын өндірушілерді жан-жақты қолдау, ауыл тұрғындарын аграрлық бизнеске барынша тарту, азық-түлік қауіпсіздігі және азаматтардың өмір сүру сапасын жақсартуға байланысты мәселелерді шешу.

Ж.ОМАРОВ

Leave A Reply

Your email address will not be published.