«ҚАЙТСЕК ҰРПАҚ ӨСЕДІ ӨРЕЛІ БОП»

0

Ілеспе аударма саласын қарапайым жұрт көп біле бермейді. Шынтуайтына келгенде, ол мемлекеттік тіліміздің конституциялық мәртебесіне лайық қолданылуын қамтамасыз ететін қуатты құрал. Ел егемендігімен қатар келген осы бір күрделі саланың алғашқы қарлығаштарының бірі – Камал Әлпейісова.

Камал Әбілқасымқызы – республикалық «Үздік аудармашы» конкурсының жеңімпазы. Қазақстан Жазушылар одағының мүшесі, «Құрмет» орденінің иегері, аудармашы, ақын, журналист. Еңбек жолын 1979 жылы «Лениншіл жас» газетінде корректорлықтан бастаған. 1981 жылы «Қазақстан әйелдері» журналында әдеби қызметкер, 1990 жылы Қазақстан Республикасы Жоғарғы Кеңесінің Әйелдер ісі, ана мен баланы қорғау комитетінде қызмет істеген.

1994 жылы Қазақстан Республикасы Жоғарғы Кеңесі аппаратының редакциялық-баспа бөлімінде консультант, ілеспе аударма секторының меңгерушісі, бөлім меңгерушісінің орынбасары болып қызмет еткен. Қазақстан Республикасы Парламенті Сенаты аппараты редакциялық баспа бөлімі меңгерушісінің орынбасары болып еңбек етті. 2011-2014 жылдары ҚР Президенті Әкімшілігінің ішкі саясат бөлімінде қызмет істеді. Қазіргі таңда Республикалық аналар алқасы төрайымының орынбасары қызметін атқаруда.

Бірнеше авторлық кітап жазған ол «Мәдени мұра» бағдарламасы бойынша шыққан «Әлемдік саясаттану антологиясында» грек ойшылдары Демокриттің, Аристотельдің, Платонның, батыс ойшылдары Джон Локктың, Паскаль Блездің жекелеген еңбектерін қазақ тіліне аударған. Саясаттану ғылымдарының докторы А.Забированың «Практикалық әлеуметтану», заң ғылымдарының докторы Н.Турецкийдің «Қазақстан билігінің заң шығарушы тармағы» атты көлемді еңбектерін қазақ тіліне аударған.

Дүйсенбі күні Кенен ауылында ілеспе ісінің шеберімен кездесу ұйымдастырылды. №42 Е.Қашағанов атындағы орта мектебінде өткен келелі кездесуге Камал Әбілқасымқызымен қатар, химия ғылымдарының кандидаты Алма Бимағанбетова, Мәдениет саласының қайраткері Ғалия Жаненова, аудан әкімінің орынбасары Дамира Сүгірбай қатысты.

Камал Әлпейісовамен жүздесуге жиналған оқушылар ақынның өлеңдерін оқып, әңгімелеріне қысқаша талдау жасаса, қазақ тілі мен әдебиеті пәнінің мұғалімі Жайнагүл Аманқызы Камал Әлпейісованың әдеби шығармаларына, еңбектеріне шолу жасады.

Әдеби-танымдық кештің соңы аудан әкімдігі жанындағы әйелдер істері және отбасы-демографиялық саясат жөніндегі комиссияның ұйымдастыруымен дөңгелек үстелге ұласты. Ауылдық округтердегі әйелдер кеңесінің төрайымдары қатысқан дөңгелек үстелде отбасы институтын нығайту, жастар тәрбиесі, әке мен ананың отбасындағы рөлі тақырыптары талқыланды.

Leave A Reply

Your email address will not be published.