Ұстазым-ұлағатым, қарттарым қазынам

0

Жұма күні, аудан әкімдігінің мәдениет және тілдерді дамыту бөлімі, тілдерді оқыту орталығы коммуналдық мемлекеттік мекемесінің ұйымдастыруымен 1 қазан – Халықаралық қарттар күні мен 5 қазан – Ұстаздар күніне орай «ШАҢЫРАҚ» клубының «Ұстазым-ұлағатым, қарттарым қазынам» тақырыбында кездесу өткізілді.

Кездесуге аудандық ардагерлер кеңесінің төрағасы Біржан Әлімбет, аудандық билер кеңесінің мүшесі Сейсенбек Сайбиров, аудандық аналар кеңесінің төрайымы Роза Қағазбаева, білім саласының ардагері Айман Тобышакова, белсенді жастар қатысты. Бастапқы кезеңде, мекеме директоры Баян Ыбышеваға сөз ұсынылып, келген меймандарды төл мерекелерімен құттықтай, жүрекжарды тілегін жеткізді. «Алыптың да, дананың да ұстазы болған. Сіздер үшін ең ұлы ұстаз бола білген кім?», — деген сауал ардагерлер кеңесінің төрағасына қойылды.  «Бала тәрбиесінде алғашқы ұстаз  әрбір бала үшін ата-ана. Ата-ана бала тәрбиесіндегі басты тұлға болып саналады. Бала үшін үй ішінен, ата-анадан артық тәрбиеші жоқ. Адамгершілік, бауырмалдық, татулық, қайырымдылық, әдептілік сияқты қасиеттер — жанұяда тәрбие балаға сөзбен, үлкендердің үлгісімен сіңеді»,-деп түйіндеді Біржан Әбдікерімұлы. Сондай-ақ, өзге де қонақтар жас ұрпақтың адал, жалқаулық атаулыдан алыс болуын тілеп, өмірлік тәжірибелерімен бөлісті.  Жастарды келешек өмірлеріне жауапкершілікпен қарауға үйрету, елге қоғамға еңбегі сіңген тұлғалармен таныстыру, оларды насихаттау шараның бірден бір мақсаты.

«Алты Алаштың баласы бас қосса, төрдегі орын мұғалімдікі», — деп ақын Мағжан Жұмабаев айтқандай қай қоғамда болса да, ұстаз мәртебесінің жоғары екенін, осы деңгейге көтерілу үшін әрбір ұстаз саналы ғұмырын сарп ететіндігін өскелең ұрпақ қаперінен шығармағаны жөн. Шара соңында, келген қонақтарға сый-сыяпат ұсынылып, аудан өнерпаздарының орындауында  ән шашуға ұласты.

Әділет ҚҰТТЫБАЙ

Leave A Reply

Your email address will not be published.