Қазақстан полициясы күніне орай облыс әкімдігінде тәртіп сақшылары құрметке ие болды. Онда ішкі істер органдарының құрметті қызметкерлері облыс әкімінің алғыс хаттары мен грамоталарымен марапатталды.
Аймақ басшысы полиция қызметкерлеріне ерен еңбектері үшін алғыс білдірді.
— Полиция қызметкерлеріне қашан да үлкен жауапкершілік жүктеледі. Ол жауапкершілік – тұрғындардың тыныштығы мен қауіпсіздігін қамтамасыз ету. Сіздер өз берген анттарыңызға адалдық танытып, күн-түн демей қиыншылыққа тап болған отандастарыңызға қол ұшын созып келесіздер.
Біздің тәртіп сақшылар Қордай ауданындағы тәртіпсіздіктер кезінде жанқиярлық пен батырлықтың кезекті рет нақты үлгісін көрсете білді. Сіздердің үлкен еңбегіңіздің арқасын қазір ол жерде бейбітшілік пен тыныштық орнап отыр.
Сондай-ақ, Полиция қызметкерлері блок-посттарда күндіз-түні қызмет етіп, заңдылықтың сақталуын, азаматтардың құқықтары мен бостандықтарының бұзылмауын қатаң қадағалап отырды. Сонымен бірге есірткі саудасымен, ұрлықпен және заңсыз сауда-саттықпен, тұрмыстық зорлық-зомбылықпен күрес бір сәтке де толастамайды. Сіздердіің қызметтеріңіздің нәтижелері айқын, өйткені қылмыс деңгейі жыл сайын азайып келеді, — деді Бердібек Сапарбаев.
Аймақ басшысы полицейлерге осынау еңбектері үшін алғыс білдіріп, оларға денсаулық,амандық және жауапкершілігі мол жұмыста сәттілік тіледі. Сондай-ақ, полиция бөлімдерінің материалдық-техникалық базасын жақсартуға айрықша назар аударудың маңыздылығын жеткізді.
Жиында облыс әкімінің Құрмет грамотасымен Тараз қаласы полиция басқармасының жергілікті полиция қызметінің учаскелік полиция инспекторы Қазбек Әбкеев, облыстық полиция департаментінің патрульдік полиция батальоны командирінің орынбасары Шайзад Әліпбаев, ПД оқу-жаттығу взводы командирінің орынбасары Нұрлан Еденов, жергілікті полиция қызметі басқармасының аға инспекторы Исмаил Ибрагимов, оқу жаттығу взводының аға инспекторы Айжан Рақышева, жергілікті полиция қызметі басқармасының ЕТЖ аға инспекторы Айдар Үкпенов марапатталды. Ал, облыс әкімінің Алғыс хатына Тараз полиция басқармасының аға тергеушісі Әйгерім Жетібаева, Тараз полиция басқармасы патрульдік қызмет батальонының аға инспекторы Бексұлтан Туленов, ПД оқу-жаттығу взводының аға инспекторы Ардақ Шоңғаров ие болды.
Облыстық полиция департаментінің бастығы Жанат Сүлейменов өңір басшысына жоғары сенім білдіргені үшін алғыс айтып, полиция қызметкерлері одан әрі Отан үшін қызмет ете беретінін тілге тиек етті.