ҒАЛЫМНЫҢ ҮЛГІЛІ ҒҰМЫРЫ

0

«Адам болатын бала алысқа қарайды» деген мақал осындай кісілер туралы айтуға болатын шығар. Мыңжасаров Рахымбай Исатайұлы 1955 жылы 21 қазанда Жамбыл облысы, Қордай ауданы, Қасық ауылында (қазіргі Әлжан ана) өмірге келді. Әкесі – Ұлы Отан соғысына қатысып, төсіне орден, медальдар таққан майдангер Мыңжасаров Исатай, анасы – Тиінтай. Екеуі де Қасық ауылының өсіп-өркендеуіне айтулы үлес қосқан еңбек адамдары еді.

 Рахымбай – жанұядағы бес баланың жас жағынан «ортан терегі». Алдында үлкен ағалары Құдайберді мен Ақынбай, артында Рақымжан мен Еркін есімді інілері бар. Балалық шағы көп балалы қарапайым отбасында өтті. Іргетасын рулас аталары Қалдыбай Абдуллин, Олпан, Шолпан аталары қалаған Талапты орта мектебінде оқып, білім алды. Кезінде бұл мектепте қазақтың маңдайына біткен жұлдыздарының бірі, министр, мемлекет қайраткері дәрежесіне дейін көтерілген Балжан Бөлтірікова да оқып, бітіріп шыққан болатын.

Рахымбай мектеп қабырғасында жоғары білімді ұстаздардан дәріс алды. Мысалы, физика-математика пәндерінен Әбен Ташметов, Тілеукен Сағындықов, Сейтке Тоқтанаев сынды мұғалімдер сабақ берсе, қазақ тілі мен әдебиетінен әр жылдары Әлімжан Аманкелдиев, Жақып Абдрахманов, Ақтай Шолпанова тәлім берді. Сол сияқты химия мен биологиядан – Рәтәй Канапина, шет тілінен Сатылған Ершұбұлов оқытты. Қай-қайсысы болмасын шәкіртінің болашағына зор сеніммен қарайтын. Талантты жастың бойына білімдерін барынша сіңіре білді.

Оқуға деген құштарлығы басым Рахымбай да олардың үмітін ақтауға тырысты. Ақтады да. Мектепті үздіктердің қатарында аяқтап шықты. Бірге оқыған достарының арасында сыйлы еді. Әлі күнге дейін Ізетбек Қалиясқаров, Тынышбек Қасымбеков, Серік Абдрахманов сынды жора-жолдастары оның қарапайымдылығын тілге тиек етеді.

Мектепті бітіре салысымен күзде әскер қатарына шақырылып, екі жылдық азаматтық борышын Германияда өтеп қайтты. Тіреп тұрған ешкімі жоқ Рахымбай өзін-өзі жетелеп, арманын арқалап, сол кездегі Қазақстан Республикасының астанасы – Алматы қаласындағы Қаныш Сәтбаев атындағы Қазақ политехникалық институтының (кейін университет статусын алған) «Инженер-конструктор» мамандығын даярлайтын факультетіне оқуға түседі.

Алайда бұл айтқанға ғана оңай шаруа еді. Яғни, бұл жоғары оқу орнына түсуге кез-келгеннің жүрегі дауаламайтын. Себебі бойыңда туа біткен дарының мен қабілетің болмаса, осындай күрделі сабақтары бар оқу орнына түскеніңмен, ары қарай игеріп кету оңай емес еді. Бұл қасиеттердің барлығы да Рахымбай Исатайұлының бойынан табылатын.

Институт қабырғасында жүріп үйленеді. Жанұяларына ұл мен қыз қосылады. Олардың да тәрбиесіне басты назар аударады. Кейін олар да өмірден қиналмай өз жолдарын тапты.

Рахымбай бұл оқу орнын 1981 жылы үздіктер қатарында тәмамдап шығады. Сол жылы осы университеттің Ақтау қаласында орналасқан Ш. Есенов атындағы филиалына жұмысқа жіберіледі. Тапжылмай сегіз жыл еңбек етеді. Алғашқы оқу орнынан алған білімін іске асыру үшін бойындағы барлық жігері мен күшін аямайды. Ақтау қаласындағы университеттің қалыптасуына атсалысады. Университеттің техникалық зертханасын жасап, жабдықтауға, оқу процесі мен әдістемесін жүйеге келтіруге көп еңбек сіңіреді. Есімі университеттің Құрмет кітабына енеді. Әріптестері арасында зор беделге ие болды.

Білімге деген құштарлығы оны 1987 жылы Мәскеу қаласында білімін жетілдіруге итермелейді. Ол осы қаладағы атақты Бауман атындағы университетке аспирант болып қабылданады. Алғашында жұмысын стажер болып бастап, еңбегі мен білімінің арқасында көзге түсіп, осы университетте лекция оқитын ұстаздар санатына қосылады. Қажырлы еңбегінің жемісін көріп, университет қабырғасында доцент, техника ғылымдарының кандидаты, профессор атақтарын абыроймен алып жүреді.

Сонымен қатар Мәскеу қаласындағы «Халықтар достығы мен ұлттық мәдениетті қорғау» және «Астана» қоры сияқты қоғамдық жұмыстарды да табысты атқарды. Бар ғұмырын ғылымға арнады. Шалғайда жүріп «қазақтың баласы осындай!» деген қасиетті ұғымның қадірін асқақтата білді. Талай марапаттарға ие болды. Өзінің де келбеті мен білімі үйлесім тапқан Рахымбай Исатайұлы университет қабырғасында әріптестерімен тіл табыса білді. Абыройы асқақтады. Мәскеу қаласына білім іздеп барған жастарға көмек қолын созудан жалықпайтын. Көбісінің осы университетке түсіп, жақсы аяқтап шығуына ықпал етті.

Амал не, тағдырға қарсы тұра алмайсың. 2025 жылдың 1 мамырында Рахымбай Исатайұлы Мәскеу қаласында жүрек талмасынан бақилыққа аттанды. Артында аңырап, еске алар бауырлары, туған-туыстары, дос-жарандары қалды. Мәйіті ұшақпен Алматы қаласына жеткізіліп, жаназасы мешітте оқылып, Алматы қаласындағы Кеңсай-2 зиратына арулап жерленді. Соңғы сапарына шығарып салушылар жүректеріне мұң ұялап, ақыреттік иман тілеп, қаралы сөздерін арнады.

Хош бол, Рахымбай Исатайұлы. Есімің ел есінде сақталады.

Мағауия Аманкелдиев, зейнеткер

Leave A Reply

Your email address will not be published.