ҒАПЫЛДЫҚ ПЕН МАСЫЛДЫҚ

0

«Қазақ тілінің түсіндірме сөздігінде» «Ғапылдық» сөзі білместік, бейқамдық, алаңғасарлық, қапылдық деген мағыналарды береді. Дін тұрғысынан алсақ, «Ғапылдық» өзін жоқтан бар еткен Жаратушысын ұмыту және өлімді, ақыретті еске алмау десек болады. Бір сөзбен айтқанда: ғапылдық – ақыреттік бейғамдық деген сөз.
Жүрегінде ғапылдық пердесі пайда болған адам ақиқатты ұғына алмайтындай жағдайда болады. Хазіреті Мәуләна өзінің бір сөзінде: «Ақымақ адам әркімнің өлгенін ести тұра, өзінің өлетінін еш есіне алмайды», – дейді. Харис Мухасаби: «Бауырым біліп қой, шын мәнінде, күнә жасау ғапылдыққа, ғапылдық жүректің қатаюына, қатайған жүрек Алладан алыстауға, Алладан алыстау тозаққа түсуге себеп болады. Шын мәнінде, бұл жайында тек тірілер ақыл жүгіртеді, ал өлілер болса дүниеге деген құштарлықтарының себебінен өз-өзін өлтіруде», – дейді.
Расында күнәлар адамның жүрегі қатайып, көкірегін мұң басып, бір сәттік ләззат оған әрдайым қайғы-мұң, уайым болмақ. Сонымен қатар толассыз уасуастың астында қалуы да ғажап емес. Қасиетті Құран Кәрімде былай делінген: «Ал кім үгітімнен бет бұрса, сонда күдіксіз оған бір тар тұрмыс болады. Сондай-ақ оны соқыр түрде жинаймыз. «Раббым, мені неге соқыр етіп тірілттің? Расында мен көретін едім», – деді. (Алла): «Міне осылай, өйткені саған аяттарымыз келген еді. Сонда сен оны ұмытқан едің, сол сияқты бүгін сен де ұмытыласың», – дейді» («Таһа» сүресі, 124-126 аяттар). Адамның істеген күнәсі жүрегінде қара дақ болып, тіпті сол қара дақ жүрегін қаптап, оның өлуіне әкеп соғады. Алла Тағала Құранда: «Жоқ, бәлкім олардың жүректерін істеген қылықтарының таты басады» («Мутоффифин» сүресі, 14-аят) дейді.
Адам күнә істеген сайын оның бойы күнәға бейімделіп, істеген күнәсына немқұрайлы қарай бастайды. Күндердің күнінде істеген күнәсін жариялап, сол күнәсін мақтан тұтатын дәрежеге жеткенін өзі сезбей қалады. Ибн Масғудтан жеткен мына хадисте: «Шын мәнінде мүмін адам күнәсін таудай етіп көреді және сол тау үстіне құлайтындай қорқыныш сезімде болады. Ал күнәһар адам күнәсін мұрнының үстіндегі шыбын сияқты көреді. Келіп қонды да ұшып кетті дейді» (Бұхари, Сахих). Сондықтан дүниенің тарлығынан Алланың кеңдігіне шығу үшін көп тәубе етуге міндеттіміз. Тәубе есігі әрқашан ашық. Алла Тағала Құранда: (Мұхаммед): «Әй, өздеріне зиян қылған құлдарым! Алланың мейірімінен күдер үзбеңдер. Алла біртұтас күнәларды жарылқайды. Өйткені ол тым жарылқаушы, өте мейірімді!» («Зумар» сүресі, 53-аят) дейді.
Масылдық сана – ғасырлар бойы қоғамның өсіп-өркендеуін тежеп келе жатқан дерт. Бүгінгі таңда жұмыс істемей, елден көмек күтетіндер көбейіп кетті. «Масылдық» сөздікте масыл болушылық, арамтамақтық деген мағынаны береді. «Масыл» сөзі парсы тілінде «мәслуб», яғни айырылу, тартып алу сияқты мағыналарын білдіреді. Араб тілінде бұл сөз (мәслуб) басқа сөздермен тіркескенде «бір заттан, нәрседен айырылу» деген мағынаға ие болған.
Халқымызда «Адамға балық берме, қармақ бер» деген аталы сөз бар. Өкінішке қарай, кей тұрғындар арасында масылдық психология меңдегені рас. Біреудің есебінен өмір сүру, ауырдың үстімен, жеңілдің астымен жүріп күн көру, қиындыққа төзбеу, жеңіл табыс табуға ұмтылу секілді жағымсыз әрекеттер – қазіргі қоғамның кесірі. Масылдықтан арылу үшін адам рухани тұрғыдан байып, Алланың берер ризығын адал жолмен табуға ұмтылу керек.
Құранда Алла Тағала былай дейді: «Жер жүзіндегі күллі жаратылыстың қорегі тек Аллаға ғана тиесілі» («Һұд» сүресі, 6-аят). Иә, әркім Алланың пешенесіне жазған ризығынан артық та, кем де ала алмайды. Адам таңертең үйінен ризық әкелейін деп шығады. Алайда оны қандай жолмен (арам не адал) табуды адамның өзі таңдайды және сол үшін де сұралады. Омар ибн әл-Хаттаб (оған Алла разы болсын) бір сөзінде: «Сендер «Я, Алла, маған ризық бер!» деп дұға етіп, кәсіп жасамай, ризық іздемей отырмаңдар. Аспаннан алтын не күміс жауады деп ойлайсыңдар ма?» деген екен («Ихяя улумуд-дин). Сондықтан адамның міндеті – адамға алақан жаймай, Алладан ғана сұрап, ризығын адал жолмен табу.
Адам бойындағы нәпсіні күнге ұқсатуға болады. Қараңғылық түскен сәтте де ай арқылы өзінің жарығымен барлығына пайдасын түсіретіні секілді, нәпсі де өзін таза ұстаса, айналасына пайдасын тигізер еді. Оны өз орнымен пайдаланбаса, адам құрдымға кетеді. Ішкі дауысын тыңдамай, ар-намысын жоғалтқан адам Алла алдындағы хәлін ойламай, ақыретін ұмытып, дүниеге беріліп кеткен адам ғапылдыққа ұрынады. Сондықтан күн мен түннің тепе-теңдігі секілді нәпсіні билеуде де тепе-теңдік ұстау маңызды.
Абай атамыз ғапылдық ұғымын дүниемен байланыстыра қараған. Адам өзіме жинап жатырмын деп өмір бойы жиғанмен, ақырында соның бәрі артта қалады. О дүниеге ештеңе де әкете алмай, дүние-мүліктің шынайы иесі Алла екенін кеш ұғады. Дүниенің соңында жүріп, ғапылдыққа ұрынбай, елге масыл болмай, адами қалыпты сақтай білейік!
Бақытжан ҚҰРАЛБАЙҰЛЫ

Leave A Reply

Your email address will not be published.