Биыл жыр алыбы Жамбыл Жабаевтың туғанына 180 жыл толуы халқымыз үшін маңызды шара болып табылады. Мерейтой аясында Қасық ауылдық округі, Әлжан ана ауылдық мәдениет үйінде өткен ақындар мүшәйрасы қазақ әдебиетінің мәртебесін көтеруге, ұлы ақынның ұлағатты мұрасын жаңғыртуға бағытталған маңызды мәдени шаралардың бірі ретінде ерекшелінді.
Аталмыш мүшәйраны «Шабыт» әуесқой ақындар клубының мүшесі Ерлан Бүрбаев әсерлі, әрі тартымды жүргізді. Мүшәйраға ауданымызға қарасты бірқатар ауылдық округтен келген талантты ақындар мен өнерпаздар қатысты.
Әлем Халықтары Жазушылар Одағының мүшесі Айсара Оразбаева, білім саласының үздігі Сағымжан Жанәділова, «Түркі әлемі» жазушылар одағының мүшесі Мағауия Аманкелдиевтің шәкірттері – Амина Исмаил мен Нұрсила Жақыпбай өз өнерлерін ортаға салды.
Онымен қоса, «Шабыт» әуесқой ақындар клубының жетекшісі Берік Семетаев, клуб мүшелері Алдаберген Жолдасбаев, Эльмира Орқара, сондай-ақ, жас ақын Ержан Қадамбай өздерінің жырларын оқып, көрермендерді ерекше әсерге бөледі. Халықаралық байқаулардың жүлдегері, жас термеші Ерхат Тәжібаевтың орындауындағы жыр-термелері тыңдармандардың жүрегіне тікелей жол тапты.
Бұл мүшәйра қазақ поэзиясының дамуына және жастарды әдебиетке тартуға бағытталған.
Ақындардың әрбірі өз туындыларын оқу арқылы ұлы тұлғаның рухына тағзым етіп, қазақ әдебиетінің көркемдігі мен тереңдігін көрсетіп берді. Шара барысында жергілікті тұрғындардың, жастар мен өнер сүйер қауымның қызығушылығы жоғары болды.
Кештің соңында, жүргізуші Ерлан Бурбаев жастарды поэзия жазуға, өнермен айналысуға шақырды. Ол бүгінгі ақындар мүшәйрасының Жамбыл Жабаевтың шығармашылығына құрмет көрсету ғана емес, сонымен қатар қазақ әдебиетінің ел ішіндегі дәрежесін көтеру, сондай-ақ, жас ұрпақты шабыттандыру мақсатында ұйымдастырылғанын атап өтті.