Ғасырлық мерейтой иесі

0

Қарттар – жүректі мейірімге толтырып, көңілді еріксіз елжірете түсетін асыл жандар. Ал жасы жүзге жетіп, сергек отырған қарияны көрсеңіз одан сайын көңілің көркемдене түседі. Өйткені, ғасырлық ғұмыр кешу әр адамға бұйыра бермейтін бақ екені сөзсіз.

Үлкен Сұлутөр ауылының тұрғыны Қатипа Естаева – ауданымыздың ең қарт адамы. Бір ғасыр ішінде ұлт тарихындағы қаншама оқиғаға куә болған көнекөз қарияның өмірі – бүгінгі ұрпаққа өнеге. 1923 жылдың 1 қаңтарында дүниеге келген Қатипа Естаева 100-ге таяп қалса да, ширақ. Тек есту қабілеті нашарлаған. Сол себепті әженің өзімен тілдесу мүмкін болмай, ол туралы барлық мәліметтер мен естеліктерді қызы Айтбала Таурбаева айтып берді.
Бір ғасыр куәсі болған Қатипа әже заман зарын көп тартыпты. Балалық шағы сұрапыл кездермен тұспа-тұс келіп, күнкөрістің қамымен еңбекке сегіз жасынан араласқан. Кейін тұрмысқа шыққан соң, үш баламен жесір қалады. Жұбайы Еркінбай Кенебаев 1942 жылы соғысқа аттанып, 1943 жылдың соңына таман майдан даласында ерлікпен қаза тапқан. Қатипа әже ауыр қасіретті бастан кешіре жүріп, ертеңгі бейбіт күннен, тәуелсіздіктің нұрлы таңынан күдерін үзбеді. Ел басына күн туған қиын кезеңде ер-азаматтармен қатар еңбек етіп, шиеттей бала-шағасын асыраған. Аудандық баспаханада әріп теруші болып қызмет етіп, кейінірек малшы да, егінші де болыпты. «Жұмыс талғамай, өмір бойы адал еңбек еткен анам осы күнге дейін бір тыным таппады. Өткен жылы тіпті ауладағы бау-бақшаны өзі жөндеп, жұмысқа қызу кірісіп кеткен болатын. Биыл ғана жүріп-тұруы сәл қиындап қалды. Ұзақ жасауының сыры да осы еңбекте болса керек», — дейді қызы Айтбала.
Қызының айтуынша Қатипа әже өте сабырлы, көп сөйлемейтін, мінезі жайлы адам. Екі елуді еңсерген қарияның балаларына үнемі айтып отыратыны «Қайтып келер есігіңді қатты серппе» деген сөзі екен. Әсіресе, қыз баласы үшін бұл даналықтың астарында терең мән жатыр. «Бұдан өзге де ақыл-кеңестерін беріп, әрқашан біздің қолдаушымыз, қорғаушымыз бола білді. «Есейіп кетсем де, мен саған сәбимін» дегендей, анамыз барда біз әлі де өзімізді жас балаша сезінеміз», — деп жымиды қызы.
Еңбекке ерте араласып, ата-ана мейіріміне шөлдеп өскен қарияға көп ұрпақ сүю бақыты бұйырыпты. Бүгінде ол 26 немере, 16 шөбере, 8 шөпшектің қазыналы ақылшысы. Немерелерінің қуанышына бөленіп, шөберелерінің қолынан су ішіп отырған жайы бар. Қатипа әженің ұзақ жылғы адал еңбегі де елеусіз қалмады. Ол «Еңбек ардагері» атанды. Ал биыл қарттар күнінде аудан әкімінің қолынан құттықтау алып, «Қордай ауданының Құрметті ардагері» төсбелгісімен марапатталды. Жақындары 1 қаңтар әженің ғасырлық мерейтойын дүркіретіп атап өтеміз деп отыр. Жаратқан Иеміз Қатипа әжемізге күш-қуат беріп, сол қуаныштың куәсі болуымызды жазсын. Қазақтың қазыналы қарттары аман болсын.

Сәуле МҰХАДИНҚЫЗЫ

Leave A Reply

Your email address will not be published.