ҒИБРАТЫ МОЛ, СЫЙЛЫ АЗАМАТ ЕДІ

0

Биыл ауданның құрылғанына 95 жыл. Тарихы терең, келешегі кемел мекеннің бүгінгідей жетістікке жетіп, торқалы тойды тойлауына өз уақытында ауданымызда тынымсыз еңбек еткен азаматтардың қосқан үлесі зор. Олардың қажыр-қайраты мен жұмысына адалдығының нәтижесінде бүгінгі таңда Қордай ауданында ілкімді істер көп. Сондықтан да кейінгі ұрпақ ауданның әлеуметтік-экономикалық дамуына сүбелі үлес қосқан адамдарды біліп, үлгі тұтуы тиіс. Өкінішке қарай, олардың көпшілігі бүгінде арамызда жоқ. Міне, сондай еселі еңбегімен дараланып кеткен жандардың бірі – Ғани Саниязов. Арда азамат тірі болғанда биыл тоқсан жас мерейтойын тойлар еді. Әттең, тағдырдың жазуына шара бар ма…
Ғани Саниязов 1933 жылы 27 ақпанда Фрунзе қаласында (қазіргі Бішкек) өмірге келген. 1950 жылы Қасық орта мектебін тәмамдап, 1950-1957 жылдары Алматы медициналық институтының санитарлық-гигиеналық факультетінде білім алған. Еңбек жолын 1957 жылы Қордай аудандық санэпидстанциясында гигиенист дәрігер болып бастаған ол 1961-1997 жылдары Қордай аудандық санэпидстанциясының мемлекеттік санитарлық инспекторы, мемлекеттік санитарлық бас дәрігері, Қордай аудандық бас дәрігерінің орынбасары қызметтерін атқарған. 40 жыл абыройлы еңбек еткен білікті маман 1997 жылы құрметті зейнет демалысына шыққан.
Әрқашан ізденіске жаны құмар, жаңашылдыққа бейім болған маман білімін жетілдіру мақсатында бірнеше ірі қалаларда арнайы курстарды оқыған. 1961 жылы Харьков қаласында, 1977 жылы Ленинградта, 1981 жылы Алматыда мамандығы бойынша аттестациялық комиссиядан өтіп, «жоғары дәрежелі дәрігер-эпидемиолог» атағымен зейнетке шыққанша үзбей қызмет істеді.
Ғани Саниязовтың ауданның санитарлық-эпидемиологиялық қызметін жетілдіруге қосқаны үлесі өлшеусіз. Саналы ғұмырын осы салаға арнаған ол білімі мен білігін, тәжірибесін өзінен кейінгі жас мамандарға үйретуден еш жалықпаған. Оның шәкірттері бүгінде ісіне адал, нағыз кәсіби мамандар. Адам өмірі мен денсаулығын басты құндылық санаған Ғани Саниязұлының көзі тірісінде иеленген марапаттары мен атақтары оның ел игілігі жолындағы қызметінің бағаланғанының айғағы. 1970 жылы Қазақ Кеңестік социалистік республикасының құрылғанына 50 жыл толуына байланысты ВКСПС-нің Құрмет грамотасымен (Мәскеу), 1972 жылы «КСРО денсаулық сақтау саласының үздігі» белгісімен, сондай-ақ, «За доблестный труд», «К 50 летию Вооруженных Сил СССР», «Ұлы Отан соғысына 65 жыл» медальдарымен марапатталып, 2011 жылы «Қордай ауданының Құрметті азаматы» атағын иеленді.
Қызметте абыройлы, ортасына сыйлы азамат өмірдегі ең құнды марапатым – отбасы деп санаған. Сүйікті жары Әскеркүл Клышовамен алпыс жыл бір шаңырақ астында тұрып, екі қыз, үш ұл тәрбиелеп өсіріп, әрқайсысын жоғары оқу орындарында оқытып, үйлі-жайлы қылып, 14 немере, 6 шөбере көріп кетті. «Отбасы» атты бақыт ұясында жылулық пен мейірімге бөленіп өскен перзенттерінің барлығы өмірден өз орнын таба білді. Аудан халқының денсаулығын қорғау жолында қажырлы еңбек еткен ауданымыздың Құрметті азаматы 2018 жылдың 11 наурызында өмірден озды.
Адам баласы мәңгі емес, мәңгі қалатын – оның өнегелі ісі. Көзі тірісінде аз сөйлеп, көп іс тындырып кеткен Ғани Саниязұлының есімі оның артында қалған ұрпағының ғана емес, бүкіл аудан халқының жадында сақталмақ.

Leave A Reply

Your email address will not be published.