ҒЫЛЫМИ МАҢЫЗДЫ ШАРА

0

Латын әліпбиін пайдалану мемлекеттіліктің іс жүзінде барлық бағыттарын қозғайтын маңызды қажеттілігі болып табылады.  Қазіргі уақытта латын әрпін қолдану, ең алдымен, заман талабы болып отыр. Сондықтан да заманауи технологияларға тәуелді екенімізді мойындап, кез келген жаңа дүниелермен санасуымыз жөн сияқты. «Бұл үдеріс жақсы дайындықты және ойластырылып жүргізілуді қажет етеді.

 Осы орайда, ХХ ғасырда кириллица негізінде қазақ тіліндегі әдеби және ғылыми мұралардың ауқымды қоры әзірленгенін есте сақтағанымыз дұрыс. Ең маңыздысы, қазақстандықтардың болашақ ұрпағына арналған халықтың осынау қазынасы жоғалып кеткен жоқ. Біз қазақ тілін латын әрпіне көшіру жөнінде мемлекеттік комиссия құрамыз», – деді Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаев өз сөзінде.

Қазіргі қазақ жазуында қолданылып жүрген әліпбиді латын әріптерімен ауыстыру мәселесіне алаңдаушылық тудырып отырғандардың бар екендігін жасырмаймыз және олардың сандары да баршылық. Бірақ бұл болашаққа батыл қадам жасап, елімізді төрткүл дүниеге танытып келе жатқан Елбасының тағы бір маңызды бастамаларының бірі және дер кезінде қозғалған тіліміздің болашағы үшін жасалған ғылыми маңызды шара деп білуіміз қажет сияқты. Қалай ойлайсыздар?

Сөйтіп, ғалымдар 30-31 әріптен тұратын әліпби жасауды нысана етіп отыр. Бұл бұрынғы 42 әріптің қысқарып, 10 таңбасы алып тасталынатынын көрсетеді. Мысалы, бұрынғы әліпбиде «ащы», «тұщы» және өзге тілден келген щетка, щи, деген санаулы сөзді таңбалау үшін арнайы «щ» әрпі алынған болса, енді осындай әріптердің қысқаруы нәтижесінде кірме әріптерге қатысты 30-40 басы артық ереже өзінен-өзі жойылып кетеді екен.

Менің пікірімше, ынтасы бар адамға бұл әріпті үйренудің еш қиындығы жоқ, соның ішінде жоғары білімді немесе шет тілін білетін адамдарға. Алысқа бармай-ақ қоялық, қазір көп адамдар әлеуметтік желілерде отырады.Сонда отырып-ақ, өзара латынша жазуды үйрене берсе де болады. Латын әліпбиіне көшу – ол, өз әліпбиімізге оралу, нақтырақ айтақанда түрік әлеміне, тіліне оралу деп түсінемін.

 

 Қуанышбек Нұрғалиев, Қордай ауданы әкімдігінің мәдениет және тілдерді  дамыту бөлімінің «Тілдерді оқыту орталығы» КММ-ің аға әдіскері

 

Leave A Reply

Your email address will not be published.