7 маусымда аудандық Мәдениет үйінде Қазақстан Республикасының Конституциясын — Адам құқықтары мен азаматтардың кепілдендірілген құқықтары туралы негізгі заңын түсіндіру мақсатында Жамбыл облысы бойынша Адам құқықтары жөніндегі уәкілдің өкілі Берікбол Байхожаев Қордай ауданының тұрғындарымен кездесті.
Берікбол Ұзақұлы ҚР кейбір заңдарына енгізілген өзгерістер, заңдарды қатаңдату және оқу орындарындағы буллинг туралы айтып, олар бойынша жалпы түсініктеме берді. Ол Конституциямен қандай құқықтар мен бостандықтарға кепілдік берілетіні туралы айтты. Берікбол Байхожаев Жамбыл облысы бойынша адам құқықтары жөніндегі уәкіл азаматтардың құқықтарын қорғау ісінде билік органдарымен және қоғамдық ұйымдармен тұрақты байланыста екенін хабарлады. Ол балалар мен жасөспірімдер тақырыбына толық түсініктеме берді. Қазіргі кезде ата-аналарды уайымдататын мәселелерге тоқталып кетті: буллинг, педофилия, киднепинг, сонымен қатар әрбір ата-ана балаларды алып кете алады деген мифті жоққа шығарды. Берікбол Ұзақұлы балаларды жақсы ата-аналардан (ішпейтіндер, жұмыс істейтіндер және балаларына қамқорлық жасайтындар) алып кетуге болатындығы туралы кодексте ешқандай өзгеріс жоқ деп сенімді түрде мәлімдеді. Ол сондай-ақ педофилдерге қарсы ең қатаң заңдар қабылданатынын, киднепинг үшін қазір 10 жылдан 15 жылға дейінгі мерзімге жауапкершілік қарастырылғанын, суицидті насихаттағаны үшін 200 АЕК айыппұл қарастырылғанын, буллинг 30 АЕК түріндегі айыппұлмен жазаланатынын, қоғамдық көлік жүргізушісі жол ақысын төлемегені үшін кәмелет жасына толмаған баланы түсірсе, әкімшілік жауапкершілікке тартылатынын атап өтті. Кездесуге аудан әкімінің орынбасары Дамира Сүгірбай және «Елу жылда — Ел жаңа» қоғамдық кеңесінің төрағасы Шарапат Сүйімқұл да (Тараз қаласынан) қатысты. Шарапат Батырбекқызы өз баяндамасында баланы отбасында тәрбиелеу, ата-аналардың жауапкершілігі туралы айтып, қазіргі қоғамдағы кейбір өзекті мәселелерге тоқталды. Кездесуден кейін Берікбол Ұзақұлы мен Шарапат Батырбекқызы тұрғындарды қабылдап, заң аясында барлық мәселелер бойынша түсініктемелер берді.
Мадина УЗБЕКОВА