Елімізде әйелдер мен балаларға қатысты зорлық-зомбылық, әсіресе, соңғы уақыттары әлеуметтік өткір мәселе ретінде қарала бастады. Ол бойынша арнайы заңда қабылданды. Қабылданған заңда сарапшылардың барлық ұсыныстары мен қарапайым азаматтардың өтініштері Президент тарапынан қолдау тапты. Мемлекет басшысының жаңа заңға қол қоюы, ел басшылығының «халық үніне құлақ асатын мемлекет» қағидатын іске асырудың бір көрінісі деп ұқсақ та болады.
Заң азаматтық қоғам мен мемлекеттің өткір және өзекті мәселені шешуге бағытталған сындарлы өзара іс-қимылының нәтижесі болды. Ұлттық құрылтайдың үшінші отырысында Президент отбасылық-тұрмыстық зорлық-зомбылықты қоғам болып күресуді қажет ететін әлеуметтік проблеманың бірі ретінде белгіледі. Сондықтан Президент қол қойған отбасылық-тұрмыстық зорлық-зомбылық туралы Заң, шын мәнінде, мемлекеттің теңдік пен заң үстемдігі қағидаттарына басымдық беретінін, құқық бұзушылыққа мүлдем төзбеушілікті қалыптастыратынын көрсетеді.
Ол туралы Мемлекет басшысы: «Мен «заң және тәртіп» қағидатын нығайтуды жақтаймын, отбасылық-тұрмыстық зорлық-зомбылық үшін жазаны қатаңдатуды қолдаймын», деді. Бұл Заң біздің қоғамды демократияландыру бағытындағы тағы бір қадам деп түсіндік.
Құқық бұзушылық дегенде еске түсетіні қазіргі таңда өзекті болып жүрген жасөспірімдердің арасындағы құқықбұзушылықтың алдын алу және оны болдырмау. «Ел болам десең, бесігіңді түзе» деп айтқандай, әрбір ата-ана өз баласының тәртібі мен тәрбиесіне аса мән беріп, бос уақытта немен айналысатынына қатаң бақылау жасалып отырса, жасөспірімдер арасында болатын құқықбұзушылық болмауына пайдасын тигізеді. Бүгінгі таңда қоғамның алдында тұрған басты міндеттердің бірі — балалар мен жасөспірімдер арасындағы құқық бұзушылықтың алдын-алу, кәмелетке толмағандар арасындағы қылмыстың өсуіне жол бермеу.
Президентіміз Түркістан қаласында өткен құрылтайда «Жас ұрпақтың, әсіресе, қазіргі құбылмалы заманда сыни тұрғыдан ойлай білуі маңызды. Балаларымыздың танымы кең болуына жағдай жасауымыз қажет. Мектепте оқушылардың тұлға ретінде қалыптасуына ықпал ететін дәрістер оқытылуға тиіс» дей келіп, олардың ел заңдарын сақтауына көңіл бөлген болатын.
«Тәртіпке бас иген адам құл болмайды, тәртіпсіз ел болмайды» деп Бауыржан Момышұлы айтқандай, еңбек тәртібін сақтап, заңды құрметтегеннен ешкім де ұтылмайды.
Жастар туған мемлекетімізді баянды етуге, қуатын арттыруға, оның игілігіне қызмет етуге парыздар.
Ол үшін әрбір жас еліміздің тұтастығын, жеріміздің бүтіндігін, халқымыздың бірлігін сақтай білгені абзал.
Күлжахан ЕЛЕМЕСОВА, Қарасай ауылдық округінің әкімі