ҚАУІПСІЗДІК — БАСТЫ МӘСЕЛЕ

0

Осы аптада аудан әкімдігінде аудандық прокуратураның ұйымдастыруымен мекемеаралық жиын өтті. Іс-шараға аудан әкімі Р.Дәулет, аудан прокуроры Н.Ұласбекұлы, аудан әкімдігі аппаратының қызметкерлері, бөлім басшылары, ауыл әкімдері, әр түрлі мекеме басшылары және құқық қорғау органдарының өкілдері қатысты. Күн тәртібіне екі мәселе көтеріліп, олар толықтай талқыланды.
Қай кезде болмасын адам өмірі дүниедегі басты құндылық саналатыны рас. Ал, осыдан туындайтын адамның бостандығы, оның қауіпсіздігі, меншік құқығы және де жалпы қоғамдық тәртіп мәселесі күн тәртібінен еш уақытта түскен емес. Осыған орай, мекемеаралық жиында аудандық прокуратура өкілдері бірінші кезекте аудан аумағында меншікке, қоғамдық қауіпсіздікке және қоғамдық тәртіпке қарсы қылмыстардың орын алу себептері, сонымен қатар осы бағыттағы атқарылған жұмыстар мен алдын алу шаралары мәселесін көтерді. Ең әуелі мінберге аудан прокурорының орынбасары Қ.Бекмұратов көтеріліп, жоғарыда аталған мәселелерге жасалған талдаудың жеті айлық қорытындысын көпшілікке ұсынды. Өз баяндамасында ол аудандағы жасалған әр түрлі қылмыстар санының өскенін айтып, оған нақты дәйектер келтірді. Қылмыстың көбі, әрине алкоголь ішімдіктері мен есірткінің кесірінен орын алып жатады. Сол себепті Қ.Бекмұратов осы мәселелерге ерекше назар аударылуы керектігін жеткізді. Сонымен қатар, аудан прокурорының орынбасары көптеген қылмыстың алдын алуда патрульдік полиция жұмысының маңызы зор екенін атап өтті. Алайда, прокуратураның талдауы нәтижесінде патрульдік полиция жұмысында бірқатар кемшін тұстар анықталды. Осы орайда полицейлерге және уәкілетті орган өкілдерінің жұмысына біраз сын айтылды. Жиында қоғамдық тәртіпті қамтамасыз ету және қылмыстардың алдын алу, анықтау бағытында көшелерді жарықтандыру және де бақылау бейнекамераларының тиімділігі жайында сөз болды. Белгілі болғандай, көшелерге бақылау бейнекамераларын орнату мәселесі басшылық назарында тұр.
-Құқық бұзушылықтың салдарымен күресуден гөрі, оның алдын алу жұмыстарын жүргізу тиімдірек. Сондықтан да бұл бағыттағы жұмысты бір жүйеге келтіріп, халық артқан сенімді ақтау қажет, – деген Қ.Бекмұратов аталмыш жұмыстарды жетілдіру бағытындағы прокуратура тарапынан берілген ұсыныстар хаттама жобасына енгізілгенін тілге тиек етті.
Осы мәселеге жауап ретінде аудан әкімінің орынбасары Б.Жамангозов сөз сөйлеп, жергілікті атқарушы органдардың атқарып жатқан жұмыстарын баяндады. Сондай-ақ, ол жиынға қатысушылардың қойған сұрақтарына жауап беріп, жұмысты жандандыруға әрқашан дайын екенін жеткізді. Сонымен қатар, кездесуде аудандық полиция бөлімінің басшысы М.Ережепов прокуратура тарапынан қойылған сұрақтарға жауап беріп, полицейлер қылмысты болдырмау, алдын алу және қоғамдық тәртіпті сақтау жұмысын күшейтетініне уәде берді.
Келесі мәселе – соңғы үш жылда аудан аумағында орын алған жол-көлік оқиғаларының себептері және апатты оқиғаларды азайтуға бағытталған уәкілетті орган жұмысының тиімділігіне жасалған талдау қорытындысы болды. Бұл сұрақ бойынша да аудан прокурорының орынбасары Қ.Бекмұратов сөз алып, аталмыш талдаудың қорытындысын назарға ұсынды. Баяндамадан байқағанымыздай жол-көлік апаттары көбіне республикалық тас жолдарда орын алады екен. Әрине, апаттардың басты себептерінің бірі жүргізушілердің жылдамдықты арттыруы болғанымен, қыс мезгілінде жолдың дер кезінде тазаланбауы, тиісті жол белгілерінің болмауы және жалпы жолдардың жағдайы бұл көрсеткішке кері әсерін тигізетіні анық. Сондықтан бұл мәселенің жайы да сөз болды. Өкінішке орай, жол-көлік оқиғалары ауыл көшелерінде де азаяр емес. Соңғы үш жылда ауданда 59 жол апаты орын алып, 58 адам түрлі жарақат алса, 4-уі мерт болған. Талдау нәтижесінде Қордай ауылындағы Жібек жолы, Өтеген, Домалақ ана және Төле би көшелерінде апатты жағдайлар жиі орын алады. Ең сорақысы мас күйінде көлікті тізгіндеген азаматтардың болуы. Осы орайда, аудан прокурорының орынбасары бірінші кезекте полиция бөліміне және де жергілікті атқарушы органдардың жұмысына қатысты бірқатар кемшіліктерді атап өтті. Жиында сонымен қатар, жылдамдықты бақылайтын бейнекамералар орнату мәселесі де көтерілді.
Аудан прокуроры осының барлығын ескере отырып, жұмысты жүйеге келтіріп, жандандыру бағытында өзінің ұсыныстарын жеткізді. Өз кезегінде аудан әкімі Рүстем Дәулет те бірқатар ұсыныс айтып, жұмысты дұрыс жолға қою қажеттігін сөз етті. Қ.Бекмұратовтың баяндамасынан кейін аудан әкімінің орынбасары Ерлан Орынбаев жол белгілері, бейнекамералар, ауылішілік жолдардың жағдайы турасында ақпарат беріп, сұрақтарға жауап берді. Ал, аудандық полиция бөлімінің басшысы М.Ережепов бірнеше проблемалық мәселелерді көтеріп, полицейлерге айтылған сын-ескертулер орынды екенін атап өтіп, жұмысты жандандыруға барын салатынын жеткізді.
Еркін Қатбеков

Leave A Reply

Your email address will not be published.