ҚҰҚЫҚТЫҚ ҚОЛДАУ КӨРСЕТІЛДІ

0

9 шілде күні «Заң мен тәртіп» жобасы аясында Қордай аудандық прокуратурасының ұйымдастыруымен пробация қызметінде есепте тұрған азаматтарға арналған форум өтті. Аудандық Мәдениет үйінде өткен жиынның негізгі мақсаты – қоғамға қайта бейімделу жолында жүрген азаматтарға құқықтық және әлеуметтік қолдау көрсету, қатысушыларға заң мен тәртіптің қатаң сақталуына қоғамның әр өкілінің үлесі орасан зор екенін ұғындыру болды.

Форумның жұмысына Қордай ауданының прокуроры Бірлік Ізбасаров, аудан әкімінің орынбасары Жұлдызбек Бақаев, аудандық қоғамдық кеңестің төрағасы Нұржан Молдабеков және Қазақстан халқы Ассамблеясы жанындағы Қордай аудандық ақсақалдар кеңесінің төрағасы Сәтбек Саламатов қатысты.

Форум аясында пробация қызметінің есебінде тұрған азаматтарға құқықтық кеңес беріліп, мемлекет тарапынан көрсетілетін әлеуметтік қолдау шаралары туралы жан-жақты мәлімет ұсынылды.

Айта кетейік, Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев үстіміздегі жылдың 23 маусымында өткен құқық қорғау органдарының кеңейтілген алқа мәжілісінде сөйлеген сөзінде бүгінгідей құбылмалы уақытта қоғамдық қауіпсіздікті сақтау, заңның мүлтіксіз орындалуын қамтамасыз ету – айрықша маңызды міндет екендігін атап өткен болатын. Осыған орай құқық қорғау органдары мен жергілікті атқарушы құрылымдардың өзара тығыз ынтымақтастықта жұмыс істеу қажеттілігі артып отыр.

Жиын барысында сөз алған аудан прокуроры Бірлік Ізбасаров құқықтық сауаттылықты арттыру мен құқық бұзушылықтың алдын алуда осындай кездесулердің маңызын атап өтті. Сонымен қатар, жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар бөлімінің басшысы Ақсана Елеусізова пробация есебінде тұрған азаматтарға көрсетіліп жатқан әлеуметтік көмек түрлеріне тоқталды.

Бұдан бөлек, форум бағдарламасы аясында қатысушылар назарына тәрбие мен заң тақырыбындағы бейнеролик ұсынылды.

Қоғамдық кеңестің төрағасы Нұржан Молдабеков жастардың тәрбиесіне қатысты өз пікірін білдіріп, азаматтық қоғамның маңызды рөлін атап өтті. Ал, ақсақалдар кеңесінің төрағасы Сәтбек Саламатов үлкендердің өнегелі сөзі мен тәрбиелік ықпалы жайында ой қозғап, жастарды қоғамға пайда келтіретін жолмен жүруге шақырды.

Форум соңында қатысушылар көкейде жүрген сұрақтарын қойып, тиісті мамандардан нақты жауап алды. Мемлекет тарапынан жан-жақты қолдау көрсетілетіні тағы бір мәрте ескертілді.

Leave A Reply

Your email address will not be published.