Ноғайбай ауылдық округінде жас ұрпақ үшін ерекше маңызды шара өтті. Қордай ауданы әкімдігінің және Қордай аудандық прокуратурасының тапсырмасы негізінде, кәмелетке толмағандар арасындағы құқық бұзушылықтың алдын алу және оның жолын кесу мақсатында құрылған мобильдік топтың қатысуымен №35 Р.Кунакова атындағы орта мектепте студенттер мен жоғары сынып оқушыларына арналған «Құқық бұзушылықтың алдын алу» тақырыбында құқықтық тәрбие беру кездесуі өтті.
Кездесудің басты мақсаты – жастардың құқықтық мәдениетін қалыптастырып, заң алдындағы жауапкершілік пен азаматтық ұстанымын нығайту.
Жиынға Ноғайбай ауылдық округінің әкімі Е. Ешмұрат, Қордай АПБ ювеналды полиция тобының инспекторы Е.Джамалбеков, полиция өкілі Е. Қазақбай, ауылдық ардагерлер алқасының төрағасы Ж. Джаманкөзов, ауылдық әйелдер алқасының төрайымы Э.Хибраева, №35 орта мектебі директорының тәрбие ісі жөніндегі орынбасары Ж.Оралбай қатысып, жастармен ашық сұхбат жүргізді.
Кездесу барысында қатысушылар құқық бұзушылықтың салдары, заң талаптары мен қоғамдағы тәртіптің маңызы туралы жан-жақты түсіндіріп, нақты мысалдар арқылы ой бөлісті.
Осындай игі шаралар – болашақ буынның құқықтық сауатын арттырып, оларды саналы әрі жауапты азамат ретінде қалыптастыру жолындағы маңызды қадам.
Заңды білу – ел ертеңіне сеніммен қараудың кепілі.