Құрлық әскерлеріне қарасты «Қарасай батыр» атындағы оқу орталығында «Құмар ойынға жол жоқ» тақырыбында алдын алу іс-шарасы өтті.
Оған 30212 әскери бөлімінің әйелдер санатындағы лауазымды тұлғалар қатысты. Әскери бөлім командирінің тәрбие және идеологиялық жұмыстары жөніндегі орынбасары, ұлан подполковнигі Болат Койшиннің ұйымдастыруымен өткізілген шараға Гвардейск гарнизонының Әскери полиция бөлімінің анықтау және іздестіру бөлімшесінің офицер-уәкілі, әділет аға лейтенанты Ербол Сахаев қатысты. Ондағы мақсат — әскери бөлімде құмар ойынға жол бермеуге, құмар ойынға бейім әскери қызметшілерді анықтауға және алдын алу жұмыстарды ұйымдастыру болды. Тақырыпты талқылау барысында қазіргі таңда құмар ойыны түрлерінің көбейгендігі және соның ішінде ұялы телефон арқылы ойнатылатын ойындар туралы сөз болды. Сондай-ақ, құмар ойындардың арқасында қарызға, пайызға және несиеге белшеден батып, отбасына қиындық тудыратындар жайы айтылды.
«Құмар ойыны әскери қызметшілердің отбасылық әлеуметтік-тұрмыстық жағдайының төмендеуіне және жанұясының бұзылуына әкеп соғуы әбден мүмкін. Сондықтан оған жол бермеуіміз керек. Әскери қызметшілердің отбасы құндылықтарын сақтап қалу үшін осындай алдын алу іс-шараларының жиі өткізілуі өте қажет», — дейді 30212 әскери бөлімнің әскери қызметшілердің отбасы мүшелерімен жұмысты ұйымдастыру қызметінің басшысы Шырын Азбаева.
Жиын соңында әскери полиция өкілі тарапынан бірнеше ұсыныстар түсті және ұлан подполковнигі Болат Койшин әскери бөлімнің әскери қызметшілердің отбасы мүшелерімен жұмысты ұйымдастыру қызметіне бірқатар тапсырмалар жүктеді.
Жомарт Тажиханов, Гвардейск гарнизоны
баспасөз қызметінің бастығы, майор