ҚҰРАҚ — ҒАСЫРЛАР ҮНІ, ОЮ — ЖҮРЕКТІҢ ТІЛІ

0

Қазақ халқының қолөнері ғасырлар бойы ұрпақтан-ұрпаққа жалғасып келеді. Әсіресе, құрақ өнері – көшпелі өмірдің бір бөлшегіндей, әрбір оюы, әрбір түсі терең мәнге толы. Бүгінде ұмыт бола бастаған бұл өнерді жаңғыртып, заманауи нақышпен үйлестіру – біздің басты мақсатымыз. Бүгінгі таңда заманауи дизайндағы этникалық стиль – бұл сән үрдісі және бизнестегі сұранысқа ие бағыт.

Қыздың жасауына «басы құралсын, көбейсін» деген ниетпен құрақ көрпелер қосады. Құрақ тіл-көзден сақтайды, жамандықтан қорғайды деген наным бар. Баласы шетіней берген үй «тіл-көзден аман болсын» деген ырыммен қырық құрақ құрап, жас нәрестені соған ораған.

Бетқайнар ауылында тұратын Берік Аллабергенов пен Айнұр Қаниева – қазақ халқының дәстүрлі қолөнерін жаңғыртып, отбасылық бизнестің озық үлгісін көрсетіп жүрген жандар. Ерлі-зайыптылар алдымен жүн түтіп, реставрация жасаудан бастаған болатын. Кейіннен құрақ көрпе мен қазақ нақыштағы көрпелер, жастықтар, бір сөзбен «қыз жасау» тігу арқылы өздерінің хоббилерін табыс көзіне айналдырып қана қоймай, төрт баласына қамқор болып, ұлттық мәдениетті дәріптеуде.

Берік Жақсымұратұлы 1991 жылы Бетқайнарда дүниеге келген. «Береке» гуманитарлық-техникалық колледжінде техник-механик мамандығын игергеннен кейін, 2012 жылдан бастап вахталық әдіспен жұмыс істеп, тәжірибе жинақтады. Бұл оның жұмысты ұйымдастыру және басқару дағдыларын шыңдауға септігін тигізді.

Айнұр Аллабергенқызы 1994 жылы Өзбекстанда туылып, 2006 жылы ата-анасымен бірге Бетқайнарға көшіп келген. Кішкентайынан тігіншілікке қызығушылығы оянған Айнұр, бұл өнерді терең меңгеріп, болашақ бизнесінің негізін қалады.

2019 жылы ерлі-зайыптылар көптен бері армандаған өз істерін бастауға бел буады. Беріктің әпкесінің идеясынан шабыт алып, «Бастау Бизнес» бағдарламасы бойынша грантқа өтініш береді. Нәтижесінде 560 мың теңге көлемінде өтеусіз грантқа ие болып, жүн тарақпен станок сатып алады. Бұл құрал олардың өндірістік процесін едәуір жеңілдетті.

«Қазір өз ісіңді дамытып, еңбек ететін кез келді. Сондықтан да біз уақыт үрдістеріне сүйене отырып, өз кәсібімізді дамыта бастадық. Бағдарламаның жеңімпазы болғаннан кейін алдымен қайтарымсыз грант, содан кейін жеңілдетілген несие алдық. Бұл бізге өз бизнесімізді дамытуға, сол арқылы көптен бергі арманымызды жүзеге асыруға және халықтың игілігі үшін жұмыс істеуге көп көмектесті. Біз мемлекетімізге зор көмек пен қолдау көрсеткені үшін өте ризамыз», — дейді Берік Жақсымұратұлы.

Құрақ көрпелер мен «қыз жасауға» сұраныс артқан сайын, Айнұр алғашында барлығын қолмен тігіп, бірте-бірте өндірісті жаңғырту қажеттілігін сезінеді. 2024 жылдың басында нақты бизнес-жоспар құрып, мемлекеттен қолдау сұрайды. «Ауыл аманаты» бағдарламасы бойынша 2,5% үстемемен 4 миллион 100 мың теңге несие алып, «қыз жасау» мен көрпелерді тігуге қажетті заманауи тігін машиналарын сатып алады.

«Әр өрнек пен кесте өз мағынасын береді. Сондықтан әр жағдайға сәйкес өрнектер бар. Біз негізінен көрпелерді, жастықтарды, төсек жапқыштарды ұлттық ою-өрнектермен безендіреміз. Біздің ата-бабаларымыз сияқты. Бірақ біз кейбір өнімдерге және қазіргі заманның ноталарына енгіземіз. Жас жұбайларға арналған жиынтықтарды аққулардың бейнесімен, ғашық жұптардың силуэттерімен безендіреміз, есімдер мен тілектерді кестелейміз. Әр өнімге жүрегіміздің бір бөлігін, қолымыздың қамқорлығын, жылы тілектерімізді саламыз, сонда әр отбасында махаббат, жақсылық пен амандық орнайды», — деп атап өтті Айнұр Аллабергенқызы.

2024 жылдың ақпан айында Қордай ауылында өз «Rayana» атты цехтарының ашылуы – ерлі-зайыптылардың көп жылғы еңбегінің жемісі. Бірақ олар мұнымен тоқтап қалмайды. Қазақтың ұлттық нақыштағы сөмкелер, барсеткалар, жилеттер мен шапандар тігумен айналысатын Айгүл Өскенбаевамен серіктестік орнатады. Бұл ынтымақтастық олардың өнімдерінің ауқымын кеңейтіп, жаңа клиенттерді тартуға мүмкіндік береді.

«Құрақ көрпе қалыңдықтың жасауында ерекше заттардың бірі болып саналады. Әдетте, қыз жасауды күйеу жігіттің бүкіл отбасы қарастырады, сондықтан біз өте мұқият және креативті болуымыз керек. Біздің құрақ көрпелеріміз жоғары сапамен, сұлулықпен және стильмен ерекшеленеді. Бір айда шамамен 25-30 өнім тігіледі. Бұл іс шынайы рахат әкеледі. Әркім өзінің сүйікті ісімен айналысуы керек. Өмірлік мұраттарға жету – үлкен бақыт», — деді қолөнерші.

Берік пен Айнұрдың оқиғасы – табандылық пен еңбектің арқасында кез келген арманды жүзеге асыруға болатынының дәлелі. Олардың отбасылық бизнесі – ауылдағы шағын кәсіпкерліктің дамуына үлкен үлес қосып, қазақ халқының мәдени мұрасын сақтауға бағытталған маңызды қадам.

 

Мадина УЗБЕКОВА

 

Leave A Reply

Your email address will not be published.