Сейсенбі күні Әлжан ана ауылдық мәдениет үйінде өңірімізге белгілі журналист, аудан тарихын түгендеп, еңбек адамдарын паш етіп жүрген қаламгер Құрманбек Әлімжанның «Парасат биігінде» атты жаңа кітабының тұсаукесері өтті. Кітапсүйер қауымның басын жиған келелі кешке аудан әкімінің орынбасары Дамира Сүгірбай, аудандық ардагерлер кеңесі мүшелері, кітапханашылар мен ауыл тұрғындары қатысты.
Қырық жылға жуық журналистика саласында тер төккен Құрманбек Әлімжанның бұл бесінші кітабы. Осыған дейін шығарған «Киелі Қордай», «Кебекбай шешен», «Бұхар баба», «Қаламым – алтын қазынам» атты кітаптары оқырман тарапынан жылы қабылданған еді. Әр жылдары республика, облыс, аудан көлемінде баспасөзде жарияланған очерктер мен мақалалар, публицистикаларынан топталған «Парасат биігінде» атты жинағы өмірі еңбекпен өрілген жандар жайында сыр шертеді, аудан тарихын қаузайды. Кітаптың салтанатты лента қию рәсіміне ауданымызың Құрметті азаматтары Төле Сүгірбай, Біржан Әлімбет және Әбдібек Сейілхановтар қатысты. Ал, аудан әкімінің орынбасары Дамира Маратқызы қазақи дәстүрге сай автордың иығына шапан жауып, қаламыңыз мұқалмасын, еңбегіңіз жана берсін, деген тілегін жеткізді. Алдымен сөз алған Төле Аманжолұлы Құрекең қалам ұшымен Қордайдың жақсылығын асырып жүрген жан екенін айтып, аудан көлемінде орын алған кейбір аса маңызды мәселелердің шешімін табуға сол қаламының ұшқырлығы әсер еткені туралы танымды естеліктерден сыр шертіп, халық алдында алғысын жеткізді. Ал, аудандық ардагерлер кеңесінің төрағасы Біржан Әбдікерімұлы қазіргі таңда аудандық кеңестің белді мүшесі ретінде Құрманбек Әлімжанды мақтан тұтатындығын, туған жердің тарихын түгендеген жанның кітаптары болашақ ұрпақ үшін берері мол дүние екенін сөз етті.
Ал, аудандық Қоғамдық келісім кеңесінің төрағасы Әбдібек Сейілханов «Қошқар болар баланың дөңес болар маңдайы, шешен болар баланың тақылдайды таңдайы», демекші Құрманбек бала күнінен кітапқұмарлығымен ерекшеленіп, жазу-сызуға әуестігімен ерте көзге түскенін сөз етіп, журналистің балалық шағына тоқталып, өзінің ізгі тілегін жеткізді. Құттықтау сөз алғандар қатарында Құрекеңнің сыныптастары, замандастары да болды.
-Өткен жылы «Қазыналы Қордай» атты кітабым жарық көрген болатын. Ал, қазіргі шыққан кітап , жалпы менің барлық жинақтарым бір-бірімен сабақтас болып келеді. Онда әр салада ауданның дамуына атсалысқан азаматтардың өмірі мен еңбек жолы жатыр. Солардың барлығын жинақтап, кейінгі ұрпаққа қалдыруды өзіме парыз санадым. Мәселен, бұл кітаптарға 1976 жылдан бастап 2016 жылға дейінгі қырық жылда әр түрлі деңгейдегі баспаларда жарық көрген мақалалардың жинақтары енгізіліп отыр. Алда әлі де тың жобалар мен жоспарларым бар. Кітаптың жарық көруіне атсалысқан, демеушілік көрсеткен ауданымыздың атқамінер азаматтары Асқар Жұмабаев, Жұмахан Кәкетаев, Сәтбек Саламатов, Талғат Сәрсенбаев және кітаптың толыққанды қолға түсуіне үлкен қолғабыс еткен Қуат Иманалиевке зор алғысымды білдіремін, — деді Құрманбек Әлімжан.
Ізгі тілектер легі бірінен соң бірі жалғасын тапқан кеште көрермен қауымға сиясы әлі кеппеген кітап сыйға берілді. Төрт бөлімнен тұратын жинақ жалпы көпшілікке арналған. Соған аз-кем тоқтала кетсек. Кітаптың І-ші бөлімі «Күркіреп күндей өтті ғой соғыс» деген атақты өлең жолдарымен аталған. Онда ауданымыздан Ұлы Отан соғысына аттанып, ерліктің ерен үлгісін көрсеткен жандар турасында жазылған. ІІ-ші бөлім «Есімі елге елеулі» деп аталады. Онда Қордай жерінен шыққан атақты күйші Байсерке Қылышұлы, академик Мұхтарбай Өтелбаев, жазушы Несіпбек Дәутайұлы сынды атақты адамдар туралы толғанады. Ал, ІІІ-ші бөлімде «Өнерпаз болсаң әрқалан» деп аталып, онда өнер өлкесінде өзіндік жол салған қордайлықтар Қарлығаш Қожағазина, Зияш Жазықбаева, Өжет Нүсіпбаев сынды жандардың өмірі мен шығармашылығы туралы жазылған. Ал, 4 бөлім «Тәуелсіздік-Туымыз» деп аталып, Қордайдың небір мықты азаматтары, сөзі дуалы қариялары мен «Зұлмат жылдар жаңғырығы» айдарымен сол бір жылдары жазықсыз қанды саясат құрбаны атанған қордайлықтар, жалпы тарихи дүниелер туралы сыр шертеді. Кітаптың соңы «Білгенге маржан» деп аталып, автор уақыт, заман туралы сыр шертіп, бірнеше журналистердің мақаласын топтастырған. Құрекеңнің кітабы жақында аудан кітапханаларына таратылатын болады.
Ж.ОМАРОВ