ҚҰРЫЛЫС БАРЫСЫ ҚАТАҢ ҚАДАҒАЛАУДА

0

Сәрсенбі күні аудан әкімдігінде аудан әкімі Мәден Мұсаевтың төрағалығымен жиын өтті. Жиында аудан әкімінің орынбасарлары, аудан әкімінің аппарат басшысы, бөлім басшылары мен кейбір ауыл әкімдері қатысты. Отырыс барысында аудан басшысы тиісті мекемеге жауапты лауазымды тұлғалардан жүргізіліп жатқан жұмысы бойынша есебін алды.

Жалпы аудан бойынша құрылыс жұмыстарының жоспарға сәйкес жүріп жатыр, статистикалық мәлімет блйынша нақты көлем индексі шілде айында 104,3 пайызға орындалса, тамыз айында 102 пайызға жоспардан артығымен орындалған. Ауданда 2022 жылы 29 жобаға бюджеттен 53,4 млрд. теңге қаражат бөлініп құрылыс жұмыстары жүргізіліп жатыр. Оның 4-еуінің құрылысы аяқталса, 18 осы жылы пайдалануға берілуге тиіс, ал 7-еуі 2023 жылға өтпелі болып саналады. Мемлекеттің қаражат бөліп, жүргізіп жатқан құрылыстардың ішінде 2 білім саласындағы нысан, 4 денсаулық саласындағы нысан, 3 ішкі істер мен төтенше жағдайлар саласына қатысты нысан, 9 тұрғын-үй нысаны, 4 спорт нысаны, 4 мәдениет нысаны және 3 инфрақұрылымдық нысандар бар. Барлығы аудан әкімдігінің қатаң қадағалауында. Отырыс барысында Мәден Тоқтарбайұлы әрбір салынып жатқан нысан бойынша аяқталу мерзімі, қазіргі жағдайы, шешімі табылмай жатқан мәселелер бойынша сұрақтар қойды. Әсіресе, тұрғын үйлердің құрылысына ерекше назар аударылды. Бұл орайда, «Батыс» ықшам ауданындағы құрылысы жүріп жатқан тұрғын үйлер бойынша ақпарат талқыланды. Аудан басшысы мердігерлермен жұмысты жандандыру қажеттілігін атап өтті. Жиын барысында спорт кешендерінің құрылысы бойынша да талқылау өтті. Одан бөлек аудан бойынша «Асарлатып үй салу» бағдарламасы бойынша 2022 жылы аз қамтылған отбасыларға 15 жеке үй салып алу жоспарланған еді. Әзірше 9 отбасыға асарлатып үй берілді. «Басты мақсат жоспарланған нысандардың барлығын уақытында қосып, сапасын қадағалау. Мемлекеттің қаражаты ең алдымен халық игілігіне жұмсалуы тиіс. Сондықтан бұл мәселе қатаң қадағаланады», — деді аудан әкімі.

Leave A Reply

Your email address will not be published.