ҚҰРЫЛЫС БАРЫСЫН ҚАТАҢ ҚАДАҒАЛАУ ҚАЖЕТ

0

31 қазан күні аудан әкімдігінде кезекті аппараттық кеңес өтті. Аудан әкімі Мәден Мұсаев төрағалық еткен жиынға аудан әкімінің орынбасарлары, бөлім мен мемлекеттік мекемелер басшылары, ауыл әкімдері қатысты.
Күн тәртібінде негізгі екі сұрақ қаралды. Біріншісі аудандағы жүргізіліп жатқан құрылыс нысандарына қатысты болса, екіншісі тұрғын үй коммуналдық шаруашылығының жағдайына қатысты болды. Алғашқы сұрақ бойынша аудан әкімдігінің сәулет, қала құрылысы және құрылыс бөлімінің басшысы Е.Мендекеев ауқымды баяндама жасады. Жалпы 2022 жылы аудан бойынша 29 жоба жүзеге асырылып, осы мақсатқа бюджеттен 53,4 млрд. теңге бөлінген. Оның ішінде: білім саласында 2 нысан, денсаулық саласы — 4 нысан, ішкі істер органдары / төтенше жағдай — 3 нысан, тұрғын үй — 9 нысан, спорт саласы — 4 нысан, мәдениет саласы — 4 нысан, ИКИ — 3 нысан. Баяндамашының сөзінше білім саласында 2 нысан – Арал ауылындағы 180 орындық мектеп пен Қалғұты ауылындағы 180 орындық мектептердің құрылысы аяқталып, пайдалануға берілген. Денсаулық саласы бойынша да аса маңызды әлеуметтік нысандар 2 дәрігерлік амбулатория, Гвардейск қтк биозаводы және БСЛ-3 құрылыс жұмыстары жүргізілуде. Биыл құқық қорғау саласы үшін де қаражат бөлініп 2 полиция бөліміне ғимарат салына бастады. Бірі Қордай ауылында, екіншісі Сортөбе ауылында. Баяндама барысында аудан әкімі кейбір нысандардың құрылыс барысына көңілі толмайтындығын жеткізіп, бірқатар сыни-ескертпелерін жеткізді.
Жиын барысында ерекше назар аударылған мәселе тұрғын үй құрылысына қатысты болды. Аудан басшысы салынып жатқан нысандарды уақытында аяқтау қажеттігін атап өтті. Сонымен бірге Мәден Тоқтарбайұлы жұмыс істеп жатқан құрылысшыларды мемлекеттік сақтандыру жүйесіне енгізу қажеттігін қадап айтты.
«Біздің ауданда көп нысандар салынып жатыр. Ол жерде құрылысшы ретінде біздің жергілікті тұрғындар еңбек етуде. Сол адамдар неліктен келісім-шартқа отырып, ресми түрде әлеуметтік және медициналық сақтандыру жүйесіне қосылмаған. Бұл жұмыссыздық мәселесін де біраз жеңілдетер еді», — деді аудан әкімі.
Аппараттық кеңестің күн тәртібінде қаралған тағы бір мәселе аудандағы инфрақұрылым құрылысына қатысты болды. Бұл сұрақ бойынша аудан әкімдігінің тұрғын-үй коммуналдық шаруашылығы, жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары бөлімінің басшысы Е.Амантаев баяндамасын ұсынды. Баяндаманы тыңдай отырып, аудан басшысы тағы да жұмыс істеп жатқан құрылысшыларды ресми тіркеу мәселесін көтерді. Осы орайда, тиісті бөлім басшыларына тапсырмалар берілді. Күн тәртібіне негізгі сұрақтармен бірге мемлекеттік қызметкерлердің этикасына қатысты мәселе де қаралды. Бұл сұрақ бойынша аудан әкімі аппаратының кадр бөлімінің басшысы Ж.Дадабаева баяндама жасап, мемлекеттік қызметкерлер тарапынан болған этиканы бұзу фактілерін келтірді.

Серғазы МАНАСБАЕВ

Leave A Reply

Your email address will not be published.