ҚҰРЫЛЫС БАРЫСЫНА ҚАДАҒАЛАУ

0

Аудан әкімі Бегзат Болатбеков жұмыс сапарымен бірнеше елді мекенді аралап, тұрғындардың мұқтажын өтеуге бағытталған құрылыс нысандарының басына барып, жұмыстардың атқарылуын қадағалап қайтты. Әкіммен бірге осы салаға жауапты аудан әкімінің орынбасары Бахыт Сахатов және аудандық ТҮКШ, ЖК және АЖ бөлімінің басшысы Данияр Ебелекбаев жүріп, құрылыс

барысы жайында

баян етті.

Жасыратыны жоқ, ауданымыздағы көптеген елді мекендердегі ең өзекті мәселелердің бірі халықты таза ауыз сумен қамту. Сонау кеңес заманынан мұраға қалған су жүйелері қазіргі таңда тозығы жетіп, қараша жұрттың мұңына айналғаны бар.

 

Дегенмен, мемлекетік бағдарламалардың нәтижесінде ауылдардағы сумен қамту жүйесі біртіндеп жаңартылып келеді. Мәселен, биыл Еңбек және Күнбатыс-2 ауылдарында су құбырларын жаңарту жұмыстары басталып кетті.

Бегзат Болатбеков сапарын шалғайдағы Еңбек ауылынан бастады. Жалпы Қарасай ауылдық округіндегі ауыз су мәселесі бұрыннан шешімін таппай келеді. Осы ретте бюджеттен қаражат бөлініп, «Темір-Строй Сервис и Ко» ЖШС жұмысты бастаған. Жоба бойынша құрылыс мерзімі 10 айдан аспауы тиіс. Аудан басшысы жұмыстың сапалы болуын талап етіп, тұрғындардың су мәселесінің шешілуін тағатсыздана күтіп жүргенін атап өтті.

Осыдан кейін Бегзат Болатбеков Қаракемер ауылындағы «Жайлы мектеп» жобасы аясында салынып жатқан 300 орындық мектеп құрылысы барысымен танысты. Келесі жылы құрылысы аяқталатын білім ошағы ауылдағы мектеп тапшылығын толығымен өтеуі тиіс. Күнбатыс-2 ауылында да «Темір-Строй Сервис и Ко» ЖШС су құбырларының құрылысын жүргізуде. Аудан әкімі мердігерге құбырларды салу жұмысын уақытылы тапсыруын ескертіп, жауапты тұлғаларға да тапсырмалар берді.

Масаншы және Сортөбе ауылдарында халық санының көптігіне байланысты емхана мәселесі өзекті. Осыған орай биыл қомақты қаражат бөлініп, Масаншыда ауылдық аурухана емханасына қосымша құрылыс салу жобасы және Сортөбеде ауылдық аурухананың аумағында бір ауысымда 200 келушіні қабылдайтын емхана салу жобасы қолға алынды. Құрылыс аяқталған соң ем-дом қабылдауға мұқтаж болатын тұрғындар аудан орталығына қатынамай, өз ауылдарында сапалы медициналық қызметтерді пайдаланатын болады. Сонымен қатар, аудан әкімі алдымен Масаншыдағы полиция бөлімшесінің жай-күйін көріп, Сортөбе ауылындағы салынып жатқан 75 адамға арналған ІІД бөлімшесімен де танысты. Аймақтағы криминогендік ахуалды жақсартуға бағытталған құрылыстың барысымен танысқан аудан басшысы бірқатар маңызды мәселелерге тоқталып өтті.

Сапарының соңында Бегзат Болатбеков Бәйтерек ауылындағы 150 орындық мектептің құрылысын да көрді. Осы жерде Президенттің елдегі мектеп тапшылығын жою туралы тапсырмасының орындалуы ерекше қадағада болатынын атап өткен аудан әкімі, мердігерлермен құрылысқа қатысты мәселелерді талқылады.

Аудан басшысы сапарын қорытындылай келе, жауапты тұлғаларға барлық құрылыс нысандарын қадағалап отыруын тапсырып, тұрақты түрде есеп беріп отыруын бұйырды.

Еркін Қатбеков

Leave A Reply

Your email address will not be published.