ҚҰРЫЛЫС НЫСАНДАРЫ БАҚЫЛАУДА

0

Осы аптада аудан әкімінің орынбасары Бахыт Сахатов бірнеше елді мекендерде жүргізіліп жатқан құрылыстарды көріп, жұмыс барысымен танысты. Құрылыс барысын тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық, жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары бөлімі, сәулет, қала құрылысы және құрылыс бөлімінің өкілдері және ауылдық округ әкімдері баяндап отырды.

Бірінші кезекте аудан әкімінің орынбасары Қарасай ауылдық округіне қарасты Еңбек ауылына барды. Мұнда су жүйесінің құрылысы жүргізілуде. Қазіргі уақытта құбырлар тартылды, резервуарлар дайындалды, инженерлік жұмыстар аяқталды, дегенмен әлі де құрылыс бітпеді. Осы орайда, Бақыт Оңласынұлы жауапты тұлғаларға нысанды тезірек аяқтау қажеттігін айтты. Осыдан кейін Бахыт Сахатов Қарасай ауылындағы мәдениет үйінің құрылысы барысын көрді. Бүгінде қабырғасы көтеріліп, шатыры жабылып, есік-терезелері орнатылған нысанның ішкі әрлеу жұмыстары жүргізілуде. Сонымен қатар, аудан әкімінің орынбасары Қарасай, Еңбек, Керу ауылдарына тартылатын газ құбыры желісінің жұмыстарымен де танысты.

Келесі кезекте ол Қаракемер ауылында 300 оқушыға арналған мектеп құрылысының инженерлік инфрақұрылым жүйесінің жұмысы барысын көрді. Құрылысын «Таразстрой-2004» ЖШС жүргізіп жатқан нысан осы жылы толығымен аяқталуы тиіс.

Бахыт Сахатов Масаншыдағы ауылдық ауруханаға қосымша ғимарат салу және Сортөбе ауылындағы бір ауысымда 200 келушіні қабылдайтын емхана құрылысы барысымен де танысты. Бас мердігерлер нысандар белгіленген уақытта аяқталатынын жеткізді. Аухатты ауылында су құбыры желілерінің инженерлік инфрақұрылымының құрылысымен танысқаннан кейін, Бахыт Оңласынұлы Қызылсай ауылына жол тартып, О.Жандосов атындағы орта мектептің күрделі жөндеу және абаттандыру жұмысы барысын байқап қайтты. Сондай-ақ, жұмыс сапарының соңында Қарасу ауылында 300 оқушыға арналған мектеп құрылысының инженерлік инфрақұрылым жүйесінің жұмысымен танысты. Білім ошақтарының жәй-күйін көрген аудан әкімінің орынбасары оқушыларға барлық жағдайлар жасалып, құрылыс сапалы жүргізілу керектігін атап өтті.

Е.ҚАТБЕКОВ

Leave A Reply

Your email address will not be published.