ҚҰРЫЛЫС НЫСАНДАРЫНДА ҚАРҚЫНДЫ ЖҰМЫС

0

Аудан әкімі Р.Дәулет өткен аптада округтердегі құрылыс нысандарын аралағыны турасында жазған болатынбыз. Рүстем Рысбайұлы содан кейін Отар және Сұлутөр ауылдарындағы бірқатар нысандардың жұмысын көріп, мердігерлермен кездесті.

Қос ауылдағы құрылыс жұмыстарымен танысу кезінде аудан әкімі бірқатар ұсыныстарын жеткізіп, жіберген олқылықтарды түзету үшін мердігерлер мен жауапты мамандарға бірқатар тапсырмалар жүктеп, орындау уақытын да нақтылап берді. Аудан басшысының құрылысы қарқын алған Отар мен Сұлутөр ауылдық округтеріне жасаған жұмыс сапары туралы газетіміздің келесі бетінен толықтай оқи аласыздар.

Аудан басшысы алдымен Гвардейский қалашығындағы ҚР БҒМ Ғылым комитетінің Биологиялық қауіпсіздік мәселелері ғылыми-зерттеу орталығы жанындағы вакцина шығаратын биофармацевтикалық зауыттың құрылыс алаңында болып, маңызы зор нысанның құрылыс жұмыстарымен танысты. Нысанның құрылысына жауапты тұлғалар аудан әкіміне бүгінде жұмыстар жоспарға сәйкес атқарылып жатқандығын жеткізді. Рүстем Рысбайұлы елдегі эпидемиологиялық ахуалды ескеріп, құрылыс жұмыстарының сапалы әрі мерзімінде аяқталуы жөнінде құрылыс компаниясының басшыларына тапсырмалар берді.

Аудан әкімінің жұмыс сапары Отар ауылындағы іргетасы жаңадан қаланған спорттық сауықтыру кешенінің құрылыс жұмысын көрумен жалғасты. Қазіргі таңда құрылыс жұмыстары толығымен басталып, жұмысшылар қызу тірлікке кіріскен. «Taраз-Ісмер» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі жүргізіп жатқан спорт алаңының көлемі 1500 шаршы метрге жуық аумақты құрайды. Спорт нысанының құрылысымен танысқан аудан әкімі бұл нысанның сапасы мен қолданылып жатқан құрылыс материалдарына баса назар аудару қажеттігін қатаң тапсырды.

Рүстем Рысбайұлы жұмыс сапарының соңында Сұлутөр ауылындағы №38 орта мектептің күрделі жөндеу жұмыстарының құрылысымен танысып, мердігер компания басшыларына мектепті келісілген мерзімге дейін пайдалануға беруді жүктеді. Бүгінде білім ордасының ішкі және сыртқы әрлеу жұмыстары бастап кеткен.

Жұмыс сапарының соңында Р.Дәулет аудан әкімінің орынбасары Е.Орынбаевқа аудан көлемінде жүргізіліп жатқан барлық әлеуметтік нысандар мен тұрғын үй құрылысы жұмыстарына күнделікті бақылау жүргізіп отыруды тапсырды. Сонымен қатар, мемлекеттік мекемелердің және мердігер компаниялардың басшыларына аталған жұмыстар бойынша уақытылы әрі сапалы орындауды жүктеп, бірқатар нақты тапсырмалар берді.

Leave A Reply

Your email address will not be published.