ҚҰРЫЛЫС ЖҰМЫСТАРЫ ҚАЙТА ЖАНДАНДЫ

0

Аудан аумағында құрылысы басталғанымен көп ұзамай түрлі себептерге байланысты тоқтап қалған нысандар бар болатын. Тіпті тұрып қалғанына екі-үш жыл болған құрылыс орындары бар. Солар бойынша аудан әкімдігі мердігерлерге қатысты жұмыстар жүргізген болатын. Аталмыш нысандар бойынша сәулет және құрылыс бөлімінен сұрап білген едік. Берілген жауап көңілден шықты, аудан тұрғындарына жағымды жаңалық та жоқ емес көрінеді.

Тарқатып шықсақ. Қордай ауылы «Батыс» ықшам ауданына 5 қабатты 60 пәтерлі №3, №4 тұрғын үйлердің құрылыстары 2021 жылы басталған болатын. 77 пайыз жұмысы атқарылған еді. Ондағы себеп құрылыс материалдарының қымбаттап кетуі және тағы да басқалар. Аудан әкімдігі осыған байланысты өзіне үй салуды міндет қылып алған мердігерді сотқа беріп, Жамбыл облысының мамандандырылған ауданаралық экономикалық соты сот талқылауы барысында бұрынғы мердігер компанияға мемлекет бюджетіне жалпы аванстық төлемдер қайтарып өндіру, тұрақсыздық айыбы және мемлекеттік баж салығы өндіру бойынша шешім шығарған болатын. Мердігер тарапынан аппеляциялық шағым берілген, нәтижесінде шағым өзгеріссіз қалдырылды. Мердігермен келісім шарт бұзылып, жергілікті «Эстимат» ЖШС келісім шарт жасалыпты. Аталмыш мердігер енді жоғарыда аталып өткен екі үйдің құрылыс жұмыстарын жалғастыруды қолға алған. Қазіргі таңда бес қабатты үйлердің терезелерін салу жұмыстары жүріп жатыр. Барлығы ойдағыдай болатын болса 2025 жылдың мамыр айында бірқатар қордайлықтар қоныс тойын тойлайтын болады.

Құрылысы тоқтап қалғандар қатарында Қарасай батыр ауылындағы дене шынықтыру-сауықтыру кешені де бар болды. Осыған дейін аталмыш кешен төңірегінде сыни пікірлер аз айтылған жоқ. Қазір бұл жердегі сең де қозғалыпты. Спорт нысанының іргетасы 2021 жылы құйылған болатын. Алайда, көп ұзамай ол да түрлі себептермен тоқтап қалған еді. Құрылысты қолға алған мердігерді аудан әкімдігі сотқа беріп, Жамбыл облысының мамандандырылған ауданаралық экономикалық соты мемлекет бюджетіне аваныстық төлемдер қайтарып өндіру, тұрақсыздық айыбы және мемлекеттік баж салығы өндіру бойынша шешім шығарды. Мұнда да мердігер тарапынан аппеляциялық шағым берілген, дегенімен де шағым сотпен өзгеріссіз қалдырылды. Қазіргі таңда мердігермен келісім шарт бұзылып, құрылыс жұмыстарын аяқтауға жаңа мердігер анықталған. Бұл дегеніңіз көп ұзамай Қарасай ауылындағы спорт кешені аяқталады деген сөз.

Ж.ОМАРОВ

Leave A Reply

Your email address will not be published.