ҚҰРЫЛЫС ЖҰМЫСТАРЫ БАҚЫЛАУДА

0

Күллі әлемді әбігерге салған пандемияға қарамастан өткен жылы Қордай ауданындағы құрылыс жұмыстарының қарқыны бір сәтке де толастаған жоқ. Ауданның үлкенді-кішілі елді мекендерінде жолдар жөнделіп, тротуарлар салынып, көше шамдары орнатылса, аудан орталығында бес қабатты баспаналар бой көтеріп, шалғай ауылдарға көптен күткен газ құбырлары тартылды.

Қысқасы, өткен жылы қордайлықтардың игілігі үшін ауданымызда бұрын-соңды болмаған ауқымды жұмыстар атқарылды. Игі дәстүрге айналған бұл үрдіс биыл да жалғасын тауып, былтыр іргетасы қаланған бірнеше әлеуметтік нысандар аз күндері қолданысқа берілмек. Айта кетсек, ауданда салынып жатқан әрбір нысанның құрылысы, жұмыстардың сапасы мен мерзімі аудан басшылығының тұрақты бақылауында.

Осы айтылғанға айғақ ретінде күні кеше аудан әкімі Рүстем Дәулет Масаншы, Күнбатыс-2, Қалғұты, Арал ауылдарындағы мектептердің құрылысын бақылап, мердігер мекеме өкілдерімен кездесті.

Тарқата айтсақ, жұмыс сапарын аудан басшысы Масаншы ауылындағы 600 орындық зәулім мектептің құрылысынан бастады. Мұнда ол жауапты міндетті арқалаған «Таразстрой 2004» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінің өкілдерімен кездесіп, істің мән-жайын анықтады. Жалпы, нысандағы құрылыс жұмыстарының аяқталуына аз қалған. Бүгінде үш қабатты ғимараттың қабырғасы көтеріліп, шатыры жабылған. Мердігер компания өкілдері алдағы уақытта нысанның сыртқы сылау жұмыстарын аяқтап, абаттандыру жұмыстарын қолға алатынын атап өтті. Осыдан кейін Рүстем Рысбайұлы Күнбатыс-2 ауылында болып, ондағы 150 орындық орта мектептің құрылыс жұмыстарын жүргізіп отырған «Инжиниринг Сервис Групп» ЖШС мамандарымен тілдесті. Сондай-ақ, аудан басшысы Сортөбе ауылындағы қоспәтерлі он тұрғын үйдің құрылысын көрді. Әрқайсысы 80 шаршы метрді құрайтын баспаналар бес бөлмеден тұрады. Құрылысшылар бүгінге үйлердің ішкі және сыртқы әрлеу жұмыстарын соңына шығарып, ауласы мен бақшасын темір қоршаумен қоршаған. Алдағы уақытта олар нысанның еденін төсеп, қажетті жабдықтарын орнатпақ.

Келесі кезекте Р.Дәулет Қалғұты ауылындағы 180 орындық мектепке ат басын бұрды. Мұнда ол «Теберда СтройСервис» ЖШС-нің жүргізіп отырған жұмысын сынға алды. Айта кетсек, мердігер компания нысанды қолданысқа беру мерзімінен әлдеқайда кешіккен. Бүгінде нысанның қабырғасы қаланып, шатыры жабылған. Алайда, құрылысшылар әлі күнге ғимараттың ішкі және сыртқы әрлеу жұмыстарын аяқтамай, айналасын абаттандыру жұмыстарын бастамаған. Осы орайда, жауапты тұлғалармен тілдескен аудан басшысы мұндағы жұмыс сапасын сынға алып, құрылысқа қамшы басу керектігін баса айтты. Осыдан кейін аудан әкімі Арал ауылында басталған жаңа мектеп құрылысын көріп, Отар ауылындағы Мәдениет үйіне табан тіреді. Мұндағы 180 орындық мәдениет үйінің құрылысын «Байсын-А» ЖШС өз мойнына алған. Нысанда атқарылған жұмыстарды бақылаған Рүстем Рысбайұлы мамандармен тілдесе келе, бірқатар ұсынысын жеткізіп, ғимараттың нақты мерзімінде қолданысқа берілуі тиіс екенін қадап айтты.

Әлібек Оспанов

Leave A Reply

Your email address will not be published.