«ХАЛЫҚ ҮНІНЕ ҚҰЛАҚ АСАТЫН МЕМЛЕКЕТ»

0

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың бастамасымен қолға алынған «Халық үніне құлақ асатын мемлекет» тұжырымдамасы ауданымызда кең көлемде жүзеге асуда. Осының айғағы ретінде аудан әкімі Рүстем Дәулет бастаған бөлім мен мекеме және ұйым басшылары ауылдарда қоғамдық қабылдаулар өткізуде.

Өткен жұма күні Үлкен Сұлутөр ауылдық округінде көшпелі қоғамдық қабылдау өтті. Ауыл мектебінің алдында аудан әкімі Рүстем Дәулет бастаған мамандар тұрғындар қойған жалпы ауылға қатысты және жеке сұрақтарына жауап беріп, ұсыныстарға құлақ түрді. Кейбір мәселелер назарға алынды.

Қабылдауда аудан әкіміне жолыққан алғашқылардың бірі ауылдық ардагерлер кеңесінің төрағасы Мұқан Алтыбаев болды. Ардагер қазіргі таңда округте жүріп жатқан газдандыру мәселесі бойынша және ауыз су жайында сұрақтар қойып Рүстем Рысбайұлы барлығына тұшымды жауап берді. Газдандыру бойынша аталмыш сала мамандарына тапсырмалар жүктелсе, ауыз су бойынша «Қордай су» мекемесінің өкілдеріне ауыл үлкендерімен бірігіп, судың басына барып, атқарылған жұмыстар жайын көрсетіп, алдағы жоспарларымен бөлісуді тапсырды аудан әкімі. Сонымен қатар, аудан басшысы қабылдауға келген азаматтарға биылғы жылы округте атқарылатын жұмыстар жайында айтып, жағымды жаңалығымен бөлісті. Сонымен қатар, келесі жылы Үлкен Сұлутөрде мәдениет үйін салу мәселесі де шешімін таппақ.

Қабылдауға келген ауыл тұрғындары көбіне бизнесті дамытуға несие алу, жұмыспен қамту сынды әлеуметтік мәселелерді көтеріп, ол сұрақтарға әр сала мамандары нақты жауаптарын берді.

«Билік өкілдерінің ауылдарға арнайы келіп, халықтың талап-тілегіне құлақ асып, тұрғындарға көмектескені құптарлық іс. Биыл ауылымыз газдандырылуда, ауылішілік жолдар жасалады деп жатыр. Одан өзге де жағымды жаңалықтары бар екен. Осындай оң өзгерісті көргенде Мемлекет басшысына, аудан және облыс басшылығына алғыстан басқа айтарымыз жоқ», — дейді ауыл азаматтары.

Leave A Reply

Your email address will not be published.