Құрылыстың қазанында қайнаған…

0

Ауданымызда жылыту маусымына тыңғылықты әзірлік жұмыстары басталып кетті. Әсіресе, өз нормативтік мерзімін толық өтеген жылу желілерін жаңарту – басты назарда. Қазірдің өзінде бұл бағыттағы жұмыстар бірқатар елді мекендерде қарқын алған. Солардың бірі – Сортөбе ауылы. Біз осы ауылдағы білім ұяларының біріне арнайы барып, аптап ыстыққа қарамастан жұмысын тоқтатпаған құрылысшылармен тілдесіп, істің жай-жапсарымен танысып қайттық.

Тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық жөніндегі кәсіпорны мектептегі жылу желілерін ауыстыру жұмыстарын кешенді әрі жүйелі түрде жүзеге асыруда. Мақсат біреу – білім беру мекемесінде жылыту жүйесін жаңарту арқылы оқушылар мен мұғалімдер үшін жайлылықты қамтамасыз ету. Коммуналдық шарушылық жөніндегі кәсіпорнының директоры Қуаныш Байжігітовтің мәліметінше, аудандық білім бөліміне қарасты бірқатар білім ошақтарында ескі құбырлардың шамадан тыс тозуы, және жылу жоғалтуы сияқты мәселелер анықталған. Аталған ақаулардың негізінде кәсіпорын мамандары жағдайға сәйкес заманауи, энергия үнемдейтін және экологиялық талаптарға сай келетін материалдарды таңдау үдерісін қолға алды. Бұл жаңартулар оқу процесінің тиімділігін арттырумен қатар, педагогикалық қызметкерлердің жұмысын оңтайландырады, өйткені мұғалімдер жылу жүйесін басқару мен бақылау туралы алаңдамай, өз міндеттеріне көбірек көңіл бөле алады. Сонымен қатар, жылу желілерін ауыстыру тек жылу жүйесінің тиімділігін арттырып қана қоймай, инфрақұрылымды жаңарту, балалардың денсаулығын қорғау және білім беру ортасын жақсарту бағытында да маңызды рөл атқарады. Әсіресе, қыс кезеңінде, ауа температурасының күрт төмендеуіне байланысты, жылыту жүйесінің тиімділігі аса маңызды.

«Жалпы, мектептегі жылу желілерін жаңарту жұмыстары білім беру мекемесінің инфрақұрылымын заманауи стандарттарға сай келтіруге, оқушылар мен мұғалімдердің денсаулығы мен қауіпсіздігін қамтамасыз етуге және білім беру сапасын арттыруға бағытталған маңызды қадам болып табылады. Сонымен қатар, мектептің жылу жүйесінің жаңа деңгейге көтеріліп, оқыту процесінің сапасына зор үлес қосатынына сенімдіміз»,— дейді ТҮКШ директоры Қуаныш Бақытұлы.

Кез келген саланың өзіне тән қызығы мен ауыр тұстары болады. Сондықтан өз ісінің маманы атану көп еңбектеніп, ізденуді қажет етеді. Өз ісінің маманы, көпшіліктің адамы бола білген, тұрғын-үй коммуналдық шаруашылық жөніндегі кәсіпорнының қызметкері – Асхат Нұрбековті атап айтуға болады. Ол – 1971 жылы  көршілес Қырғыстан мемлекетінің Тоқмақ қаласында дүниеге келген. Қазіргі таңда аталмыш кәсіпорнының учаске бастығы болып қызмет етіп, өзінің мол тәжірибесі мен кәсіби біліктілігін пайдалана отырып, коммуналдық қызмет сапасын көтеруге белсенді үлес қосып келе жатқан маман. 2006 жылы Қордай ауданына қоныс аударып, сол жылы №1 Д.Қонаев атындағы мектеп-гимназиясына шаруашылық меңгерушісі қызметіне орналасты. 2011-2016 жылдары тұрғын-үй шаруашылық кәсіпорнында механик болып жұмыс істей отырып, техникалық білімін тереңдете түседі. 2016-2020 жылдар аралығында «Қордай-Су» мекемесінде учаске бастығы қызметін атқарып, су құбырларын және коммуналдық қызметтерді тиімді пайдалану мен тұрғындардың су тапшылығын болдырмау мақсатында жүйелі жұмыстар жүргізді. Бүгінгі таңда, 2020 жылдан бастап, тұрғын-үй коммуналдық шаруашылық жөніндегі кәсіпорнында учаске бастығы ретінде қызмет етіп, «колхоз» аймағына жататын 11 білім ошағының қазандықтарының жұмысын қадағалап, жылыту маусымы кезінде қауіпсіздік шараларын назарда ұстап, білім ошақтарының жылыту жүйесінің үздіксіз әрі сапалы жұмыс істеуін қамтамасыз ету мақсатында қажетті техникалық қызметтерді ұйымдастырумен айналысады.

«Ең дәмді деп татқаның – өз еңбегіңмен тапқаның. Сонда ғана еңбегің – дәулетің, беделің – сәулетің бола алады»,-деген халқымызда даналық сөз бар. Осы ретте, жылу желілерін ауыстыру жұмыстарын жүргізіп жатқан құрылыс бригадасының құрамы ерекше назарға лайық. Олардың әрқайсысы өз саласында мол тәжірибеге ие, соның ішінде Ерлан Мұрынбаев – тұрғын-үй коммуналдық шаруашылық жөніндегі кәсіпорнының  дәнекерлеуші маманы ретінде жоғары кәсібилікпен және жауапкершілікпен еңбек етуде. Бақдәулет Сариев –  2009 жылдан бері құрылысшы және қазандық операторы ретінде өзінің функционалдық міндеттерін абыроймен орындап, көпжылдық тәжірибесін жинақтаған білікті қызметкер. Ал, Ержан Мұрынбаев – 2015 жылы қазандық операторы болып жұмысқа қабылданғаннан бері, өзінің біліктілігімен қоса жауапкершілігін арттыра отырып, құрылыс бригадасының маңызды мүшесіне айналған. Бахтияр Назарымбетов – 2020 жылдан бері қазандық операторы және құрылысшы қызметтерін атқарып келе жатқан тәжірибелі маман қатарында.

Айта кетерлігі, 2025 жыл елімізде Президентіміздің бастамасымен «Жұмысшы мамандықтар жылы» деп жарияланды. Бұл бастама қоғамның еңбек адамына деген құрметін арттырумен қатар, елдің экономикалық дамуын қамтамасыз ететін жұмысшы мамандықтардың маңыздылығын қайта бағалауға үлкен серпін берері сөзсіз.

Әділет ҚҰТТЫБАЙ

Leave A Reply

Your email address will not be published.