ҚАЙҒЫЛЫ КҮНДЕР КЕЛМЕСІН

0

Еліміздің тарихында қайғы-қасіретке толы жылдар аз болған жоқ. 1925 жылы елді басқаруға келген Филипп Голощекин «Кіші Қазан төңкерісін» жүргізуді ұстанды. Осының салдарынан ұлт зиялылары қуғынға ұшырады. Кеңестік тоталитаризмнің зұлым саясаты ешкімді де аямады. 1920-1950 жылдары миллиондаған адам саяси қуғын-сүргінге ұшырады. Қазақтың бетке ұстар айтулы азаматтары сол солақай саясаттың құрбандарына айналды.
Қанды қасап кезінде жерімізге тұтас халықтар жер аударылды. Қазақстанға миллиондаған адам күшпен көшіріліп әкелінді. Кеңестік биліктің зорлауымен қоныс аударған этнос өкілдері бүгінде біздің ең жақындарымызға, отандастарымызға айналып отыр.
«Асыра сілтеу болмасын, аша тұяқ қалмасын» деген ұжымдастыру ұранымен білек түре, бел шеше кіріскен белсенділер еліміздегі қырық миллионнан астам мал басының қырылуына әкеп соқтырды. Халық жаппай ашаршылыққа ұшырады. Ашаршылық жылдарында сан миллион адам қайтыс болды. Бұл жөнінде Қазақстан Республикасының Президенті Қ.Тоқаев «Тәуелсіздік бәрінен қымбат» атты мақаласында былай деді:

«…1921-1922 жылдардағы алапат ашаршылықтан бері 100 жыл өтті. Тарихымыздың осы ақтаңдақ беттері әлі күнге дейін зерттелмей келеді. Тіпті ғалымдардың арасында ашаршылық құрбандарының нақты саны туралы ортақ пайым жоқ. Ала-құла деректер және оның себеп-салдары жайлы әртүрлі көзқарастар қоғамды адастырады. Тиісті тарихи құжаттарды, жиналған мәліметтерді аса мұқият зерделеу керек. Білікті мамандар жүйелі зерттеумен айналысып, соған сәйкес ашаршылық мәселесіне мемлекет тарапынан баға берілгені жөн. Біз бұл күрделі мәселеге ұстамдылықпен және жауапкершілікпен қарауымыз қажет».
Мемлекет Басшысының 2020 жылдың 24 қарашасында «Саяси қуғын-сүргін құрбандарын толық ақтау жөніндегі мемлекеттік комиссия құру туралы» Жарлығы шыққаны көпшілікке жақсы белгілі.
«Қырық жылда қазан, елу жылда ел жаңа» дейді қазақ халқы. Араға жетпіс жыл салып барып еліміз қасиетті Тәуелсіздігіне қол жеткізді. 1997 жылы саяси қуғын-сүргін құрбандарының ұлттық келісім мен естелік жылы деп жарияланды және 31 мамырда Саяси қуғын-сүргін құрбандарын еске алу күні пайда болды. Содан бері бұл күн жыл сайын ерекше аталып өтіп, саяси қуғын құрбандарын жұртшылық еске алып, олардың ұрпақтары, бүгінгі таңда 80 жастан асып, тоқсанды алқымдаған қариялар көз жастарына ерік бере әңгімелеп отырады. Сол саясаттың салқынымен туған жерінен айырылған ұлттардың өкілдері бір үзім нанымен, бір кесе талқанымен бөліскен қазақ елінің ақ көңіліне ризашылығын білдіріп, мейірбандығына тәнті екендерін айтады.
Қордай ауданынан да қуғынға ұшырағандар көп. Мәселен, Отар, Кенен, Аңырақай, бір кездегі Байтас ауылдарынан 76 адамның нақты қудалауға ұшырағаны туралы тізім Кенен Әзірбаев музейінде сақтаулы тұр. Солтанкелді, Бөкен, Ерсары, Байсары, Мүлкаман, Қонай елдерінің ұрпақтары қоныстанған аймақта сталиндік репрессия құрбандары аз болмады. Ал, олардың кейбіреуінен тіпті ұрпақ қалмаса, қалғандарының бүгінде балалары бір қауым елге айналып отыр. Мәселен, Ұлы Отан соғысының ардагері болған Керімқұл Қосақов ақсақалдың әкесі Қосақ Карбозов, бар ғұмырын білім саласына арнаған ұстаздар, бүгінде өздері бақилық болған Дүйсеғали Елібаевтың әкесінің ағасы Төлібай Абданбаев, Ниетжан Нүпбаевтың атасы Нүпбай Бөлтіріков, Нүпбайдың інісі Дәулетқұл Бөлтіріков, бүгінде Кенен ауылында қанат жайған Садырбаевтар әулетінің үлкені саналатын Садырбай Шортанбаевтар солақай саясаттың құрбаны болғанын біреу білсе біреу білмес. Ары қарай айта берсең жалғаса береді. Бұл азаматтардың аттары Кенен ауылындағы музей маңында ашылған арнайы ешкерткіште тасқа қашалып жазылған. Ендігі жерде көк байрағымыз мәңгі желбіреп, егемендігіміз ұзағынан болсын. Еліміз аман болып, қазақтың басына түскен дүрбелең кезеңдер ешқашанда қайталанбасын деп тілейміз.

Зарина ДОҚТЫРБЕК, Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ филология және әлем тілдері факультетінің 1 курс студенті Ғылыми жетекшісі: Қозыбақова Ф.А
Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ тарих факультетінің Қазақстан тарихы кафедрасының профессоры

Leave A Reply

Your email address will not be published.