ҚАЙ ЖЕРДЕ ҚАЛДЫ ЕКЕН, ҚАЙРАН АҒА?

0

Осыдан сексен бес жыл бұрын фашистік басқыншылар бастаған сұм соғыс жер бетіне ажал сеуіп, аяғында сол ажал өздерінің де басын жұтты. Сол соғыстың салдарынан қаншама шаңырақтар қаусап құлап, оттары өшті. Сондай оты өшіп, мынау жарық дүниеде артында із қалмаған не бір асыл азаматтар өтпеді ме өмірден өкінішпен. Осындай сандаған жандардың бірі менің әкемнің немере ағасы, КӨКІМҰЛЫ ЖАРЫЛҚАСЫН атамыз еді.

Өзінің жалындаған жастық шағын, бар тыныс — тіршілігін өкімет төңкерісіне жұмсап, революцияны күшейтуге, коллективизацияны нығайтуға, Голощекиннің қазақтарға әдейі жасаған ашаршылық қырғынын бәсеңдетуге, сол кездегі іштегі жаулардың көзін жоюға тағы басқа сан түрлі қиғаш та қиямпұрыс әрекеттерге қарсы жұмсап, соғыс басталған кезде шау тартып қалған еді. Жоғарыда айтылған түрлі қиындықтардан ел енді есін жия бастаған кезде батыстан соғыс шығып, жұрт есеңсіреп қалды. Амал барма, сол кезде солқылдап өсіп жиырмадан асып қалған жалғыз ұлы Жексенді көппен бірге іші қан жыласада қан майданға шығарып салды. Өмірдегі жалғыз үміті арқа сүйері, ізбасары, шаңырақ мұрагері Жексеніне ақ тілеу айтып қараша үйінде қала берді Жарылқасын атамыз. Кеңес өкіметінің қалыптасуына бір кісідей атсалысқан Жарылқасын атамыз қаншалықты қажырлы да қайратты болғанымен, жалғыз ұлының соғысқа кетуі ол кісінің ішкі жан дүниесін жегідей жеп, санаулы уақыттарда сүлдесі қалды. Әрине, жалғыз емес, қасында кемпірі Зейнегүл мен жасы біржарымға толар толмас қызы Мейрамгүл бар еді. Отбасы мүшелерінің әрқайсысының орны бөлек, соның ішінде Жексенінің жөні ерекше еді – ау. Сырғып күндер, айлар өтіп жатты. Әскерге кеткен Жексеннен хабар жоқ. Сананы сағыныш қат — қабат етіп, екі көздері төрт болған 3 — 4 ай өткенде, үшбұрышты үшбу хат келгенде ата-анасы шексіз қуанды. Соғыс майданына таяу барып, күн-түн демей жаттығуда екен. Сары — ала қозыдай сары форма кигендердің бәрі тұстас өрімдей жастар болса керек. Барлық тіршіліктері жаттығуға кететін көрінеді. Айтатын әндері мен ұрандары «Отан үшін», «Сталин үшін жан пида» сияқты сөздер ауыздан түспейді. Хат соңында «Қарудың түр — түрін үйретуде. Көп ұзамай соғысқа да кіреміз. Ауылды, сіздерді сағындым», — деп атын жазған екен. Сағыныштан жүрек сыздатқан хатты кезек – кезек қолдарына алып, қам көңілмен иіскеп те сүйіп те жатыр қос мұңлық. Баласының жазуына қарағанда Европаның Саратов деген қаласында көрінеді. Тағыда бірер айдың шамасында арасында әскери киіммен түскен суретін салып, сәлем жолдапты. Ата-анасы суретті алма — кезек аймалап, шөлдерін басты. Шекесінің бір жағына қисайта киген пилотка сондай жарасымды. Жанарынан от ұшқандап, көз жанары жанып тұр. Келген хатты қайталап оқып, суретті кеуделеріне басып, сүйе берді — сүйе берді. Міне, осыдан соң қанша күтседе Жексеннен хат келмеді. Ауыл орталығындағы бағана басына қойылған қара радиодан күніне бірнеше рет берілетін информбюраның соғыс туралы мәліметтері ғана айтылады. Онда соғысқа кеткендердің нақты есімдері жоқ. Сондада соғысқа кеткен ұлдарын айтып қала ма деген үмітпен әркім — әркімдер сонда барғыштайды. Сарғайтқан күндер сағыныш толып кеудеге шемен болып қатып жатты. Бірақ, хабар жоқ. Осылайша өткен күндер ұлы сағыныштың қаралы хабарын бірақ әкелді. Онда «Сіздің ұлыңыз Жарылқасынов Жексен майдан даласында хабар-ошарсыз кетті», — делінген. Қаралы хатты қанша аударып — төңкергенмен басқа мысқалдай да өзгеріс жоқ. Жер бауырлап, қанша жылап — сықтап, жоқтау айтылғанмен мынау меңіреу әлемнен сыбыс жоқ. Жылай — жылай әбден шаршаған әке — шеше «Көптің басына түскен нәубет қой, қайтеміз құдай басқа салса көнеміз де. Мүмкін қайтыс болмаған шығар. Неге денесі, құжаттары, тағы басқа айғақтары жоқ» — деген сан ойлар мен сұрақтар бойды торлап алды. Сана шарқ ұрып, мүмкін тұтқынға түсіп басқа елге кеттіме екен? — деген де ой болды. Бірақ жоғарыдан басқа ешқандай хабар болмады. Қайғыға малынған әке де кетті өмірден. Аяулы Зейнегүл апамыз қолында қалған Мейрамгүл қызын өсіріп, күн сайын үміт отын сөндірмей «тұтқынға түскендер көп дейді ғой, оларды жақында босатады екен. Келеді менің Жексенім» — деп жүріп өтті өмірден қайран кейуана. Әке мен шешеден соң жалғыз бауырына деген сағынышын арқалап Мейрамгүл — Мейраш әпкемізде (біз осылай айтатынбыз ол кісіні) өмір бойы жол күзетіп, бауырынан бір дерек біле алмай бақилық болды ақыры. Бізде әлдеқандай бір хабар болар ма екен деген, ниетпен әр жерлерге хаттар жазғанымызбен еш нәтиже болмады. Қолдағы бары Ұлы Отан соғысы (1941 — 1945 ж.ж) жеңісінің 55 жылдығына арналған «Боздақтар» атты ескерткіш кітап қана болып шықты. Осы кітаптың 2 а томының 144 бетінде «Жарылқасынов Жексен, қатардағы жауынгер, 1922 жылы Чапаев атындағы колхозда туған, қазақ. Әскерге Қордай аудандық әскери комиссариатында шақырылған. Хабар — ошарсыз кетті»-делінген. Ойпырмай, атпал азаматтың қай майданда, қай күні, қандай жағдайда опат болғаны неге көрсетілмейді? Тіптен хабар — ошарсыз кеткеннің өзінде қай майданда болғаны неге айтылмайды? Аталмыш кітапты қолға алып қарап отырып, ішінде Жарылқасынов Жексен ағамыз тақылеттес сандаған сарбаздардың дәл осылай жоқ болып кеткендеріне көз жетеді. Әрине, бұл оңай шаруа емес. Дегенмен, сондай сандаған сарбаздардың ең болмаса қай майданда болғанын атап кетсе талай деректер шығар ма еді, әттең шіркін?! Иә, әттең шіркін… деп талайлар жүрген шығар жақындарынан әлі де болса бір хабар күтіп. Міне, бүгіндері жатқа тырнағын да қимас бауырлардың ең болмаса мәңгілік дамылдаған орнын біле алмай жүрміз бізде. Ойға еріксіз сексен жылдық жеңістің күңгей жағына мән беріп, арғы көлеңкелі бетіне қарамайтынымыз түсе береді. Қуанышты жеңісті күндер бүгінге дейін   көбімізге беймәлім болған боздақтардың өмірі арқылы келіп жатқан жоқпа. Олай болса еріксіз, «Қай жерде қалдың екен, қайран аға?! — деймізде сағынышпен.

Әбдібек СЕЙІЛХАНҰЛЫ, Қордай ауданының Құрметті азаматы

Leave A Reply

Your email address will not be published.