Қайнарда ауыз су мәселесі шешілді

0

Су – тіршіліктің көзі. Сондықтан да таза, әрі сапалы суды тұтыну өте маңызды аспект екендігі сөзсіз. Жасыратыны жоқ, ауданымыздағы көптеген елді мекендердегі ең өзекті мәселелердің бірі халықты таза ауыз сумен қамту. Сонау кеңес заманынан қалған су жүйелері қазіргі таңда тозығы жетіп, қараша жұрттың мұңына айналғаны бар. Дегенмен, соңғы уақытта тікелей Президенттің тапсырмасымен ауылдардағы сумен қамту жүйесі біртіндеп жаңартылып келеді. Соның бір дәлелі – Қайнар ауылындағы салынған сусорғы станциясының пайдалануға берілуі.

Ашылу салтанатына келген тұрғындардың қуанышында шек жоқ. Көптен күткен ауыз су мәселесі оңтайлы шешімін тауып, 25 шақырымнан астам құбыр тартылып, жақын арада үйлерге су жеткізілетін болады. Мердігер «Стройком лимитед» ЖШС-нің еңбегіне ауыл тұрғындары оң бағасын берді. Аталмыш  нысанда 350 текше метрлік екі резервуар, сусорғыш станция, ультракүлгін сәулелерімен залалсыздандыру ғимараты және 50 текше метр су кернеуіш мұнара орнатылған. Ал, жарық сөніп қалса, дизельдік электрстанса жұмысты тоқтатпауға мүмкіндік береді. Осының барлығын баяндап берген мердігер 150 метрден астам тереңдіктен шығатын судың сапасы жоғары болады, дейді. Ендігі кезекте су жүйесі «Қордай су» КМК-нің қарамағына беріліп, кәсіпорын бірінші кезекте ауыз суды әр үйге тарту мәселесін шешіп, жүйені күтіп-ұстау, төлемдерді жинау міндетін де өз мойнына алады.

Ауыл жұрты көп жиналған салтанатты ашылу рәсіміне аудан әкімінің орынбасары Бақыт Сахатов келіп, тұрғындарды құттықтап, ізгі тілектерін жеткізді.

— Ауылдарды сапалы ауыз сумен қамту Президентіміздің тапсырмасы. Өздеріңіз куә болғандай, ол тапсырма орындалып келеді. Биыл Қайнар ауылында бірқатар игі жұмыстар атқарылады. Мәселен, Шу қаласына қатынайтын автожол жөнделеді, суармалы су мәселесі шешілуі тиіс, сонымен қатар ауыл көшелерін жөндеу де жоспарда бар. Баршаңызды өткен мерекелермен құттықтаймын, жағымды жаңалықтар бола берсін, — деді Бақыт Оңласынұлы.

Ауыл ақсақалы Магомед Фараджиев те тұрғындарды бұл қуанышпен құттықтап, басшылыққа және мердігерге алғысын айтты.

— Ауыз су мәселесі жиырма жылдан астам уақыт өзекті болып келеді. Жаңа сусорғы станциясының құрылысына атсалысқан барлық адамдарға алғысымды айтамын. Енді тез арада әр үйге ауыз суы кіргізілсе екен. «Қордай су» мекемесіне үміт артамыз, — деді қария.

Ал, мердігер компанияның басшысы Бахытбек Сәдібеков жұмыстың нәтижесіне тұрғындар лайықты бағасын беретініне сенетінін және барлық жұмыстар тиісті деңгейде атқарылғанын атап өтті.

Қайнар ауылында жалпы 640 үй бар, ендігі кезекте сол әр үйге суды жеткізу мәселесі шешілмек. Бұл жұмыстармен «Қордай су» мекемесі айналысады.

Еркін Қатбеков

Leave A Reply

Your email address will not be published.