ҚАЙЫРЫМДЫЛЫҚ КЕРУЕНІ

0

Республика күніне орай Қазақстан халқы Ассамблеясының «Қайырымдылық керуені» атты республикалық форумы мен гала-концерті өтті.

Аталған іс-шара Қазақстан халқы Ассамблеясы, Ақпарат және қоғамдық даму министрлігі «Қоғамдық келісім» РММ қолдауымен ұйымдастырылды.
Форум жыл сайын балалар шығармашылығын дамыту, мүмкіндігі шектеулі балалардың жетістіктерін паш ету, тұлға ретінде қалыптастыру және қазіргі қоғамға, әлеуметтік ортаға бейімдеу мақсатында қолға алынады.
Жиында тірек-қимыл аппараты бұзылған, көру, есту қабілеті нашар және түрлі жанрларда шығармашылықпен айналысатын балалар (аспаптық музыка, халықтық, академиялық, эстрадалық жеке ән айту, авторлық ән, поэзия, көркемсөз, ерекше жанр, пантомима, хореография, бейнелеу және сәндік-қолданбалы өнер) мен балалар ұжымдары өнер көрсетті.
Іс-шараға өңірлерден келген арнайы делегациялар, Шым¬ке¬нт қаласының депутаттарымен кәсіпкерлері, меценаттар, қайырымдылық ұйымдары мен қорлар, Қазақстан халқы Ассамблеясының мүшелері, этномәдени бірлестік өкілдері, үкіметтік емес ұйымдар, еріктілер қозғалысының көшбасшылары қатысты.
Сонымен бірге форум Қазақстан Республикасы Президентінің 2022 жылғы 15 қыркүйектегі №1014 Жарлығымен бекітілген Қазақстан халқы Ассамблеясының 2022-2026 жылдарға арналған даму тұжырымдамасын жүзеге асыру жөніндегі іс-қимыл жоспарының 8.1 тармағын іске асыру мақсатында және Балалар жылы шеңберінде ұйымдастырылды.
Жиын бағдарламасының аясында жүзге жуық бала Шымкент қаласының көрікті жерлерін аралап, хайуанаттар бағын тамашалады.
Өз кезегінде қаладағы этно¬мәдени бірлестіктер балақайларға көтеріңкі көңіл күй сыйлауға атсалысып, өз тарапынан кәдесыйларын табыстады.
– Қазақстан халқы Ассамблеясының ұйытқы болуымен өтіп жатқан игі шараның басты мақсаты – мүмкіндігі шектеулі балалардың шығармашылығын қолдау арқылы жас буынды дамыту мен тәрбиелеу. Халқымыздың «Кең болсаң, кем болмайсың» дейтін нақыл сөзін бойына сіңірген этнобірлестіктер қайырымдылық көрсетуді өздеріне азаматтық парыз деп біліп, мұқтаж жандарға әрдайым қолұшын созып келеді. Қайырымдылық сынды қасиетті құндылықты дәріптеуді көздеген «Қайырымдылық керуені» форумы – қоғамдық келісім мен жалпыұлттық бірліктің басты факторы ретінде қоғамда мейірімділік пен өзара риясыз көмек жасауға ықпалдасуды абыроймен атқарып келеді. «Кең пейілді кемімес, тар пейілді кеңімес» деген қанатты сөзбен бүгінгі форумға атсалысқандарға шынайы алғыс айтамын. Ел игілігі жолындағы жұмыстарыңызға табыс, отбасыларыңызға бақ-береке, амандық тілеймін! – деді қалалық ішкі саясат және жастар істері жөніндегі басқармасының басшысы М.Шотанов.
Жалпы Қазақстан халқы Ассамблея мүшелері түрлі қайырымдылық іс-шаралардан, көпбалалы және жалғыз басты аналарды, мүмкіндігі шектеулі балаларды өмірге икемдеу, көмек көрсету сияқты игі істерден шет қалмауда.

Leave A Reply

Your email address will not be published.