ҚАЛАМ МЕН СПОРТТЫ ҚАТАР ҰСТАҒАН

0

Ақын Ордабайұлы – есімін естігенде ел спортын, ауыл спортының дамуын, ұлттық күрестің насихатын еске алатын тұлға. Спортты тек жазу нысаны емес, өмірлік мұрат еткен азамат. 30 жылдан астам уақытын спорт журналистикасына арнап, кітаптар жазып, халыққа пайдалы бола білген қаламгер.

Ол – Сейдахмет Бердіқұлов атындағы сыйлықтың лауреаты, қазақ спорт публицистикасының жарқын өкілі. Еліміздің түкпір-түкпірін аралап, ауыл спортын насихаттаған «Ауыл спорты» телехабары – оның тележурналист ретіндегі айқын қолтаңбасы. Ақын ағаның осы еңбегінің арқасында қаншама жас талант елге танылды.

Ол – өзіне ғана емес, ұлтына, ұрпағына жауапкершілікпен қарайтын азамат. 1986 жылғы Желтоқсан оқиғасына қатысушы, «Желтоқсан ақиқаты» қоғамдық бірлестігінің белді мүшесі. Елі үшін жанын шүберекке түйген замандастары оны «Азаттық» орденімен марапаттады.

Жақында Ақын Ордабайұлы 60 жас мерейтойын өзгеше форматта атап өтті. Журналистер мен спорт ардагерлері арасында шағын футбол турнирін өткізіп, елдің ықыласын, құрметін тағы бір мәрте сезінді.

Турнирге 8 команда қатысты. «Динамо» стадионында өткен жарыс көрерменнің көңілінен шықты. Ашылу салтанатына арнайы келген Туризм және спорт министрлігінің баспасөз хатшысы Мейрам Сапарғалиұлы мерейтой иесіне «Спортты дамытуға сіңірген еңбегі үшін» төсбелгісін табыс етті.

«Уақыт деген аққан судай, соққан желдей, көрген түстей өте шығады», деген екен Бейімбет Майлин. Расыменде алпыстың асқарына қалай келіп қалғанымды білмей де қалыппын. Осы бір келген алпысымды тыныш жатып қарсы алуды жөн көрмей, жарыс өткізіп, бір іс-шара жасап жіберген едік. Иә, «Артқа қарайлаған сайын қартаясың», демекші Алла берген осы жасымда қазақ еліне не істей алғаным туралы бір есеп берейін, ол да әрбір адамның парызы шығар деген оймен осы бір спорттық іс-шараны қолға алған едік. Қалай өткенін көрермен айта жатар, — дейді Ақын аға.

Ал спорттағы достары, әріптестері, шәкірттері мен ауылдастары бұл күні ағасына деген ақжарма тілектерін жаудырды. Кенен ауылынан арнайы келген ардагерлер командасы, өздерінің үлкенге деген құрметін жеңісті қарсыласқа тарту етуімен көрсетті.

Бас жүлде – «Қазақфильм Достар», күміс жүлде – «Іле» ардагерлер командасы (жетекшісі – журналист Әлім Анапиянов), үшінші орын – Кенен ауылы командасы.

Жеке марапат иегерлері: Үздік ойыншы – Әлім Анапиянов, үздік қорғаушы – Сайфутдин Шамсутдинов, үздік қақпашы – Мұрат Нұркеев және Айбек Үшкемпіров атанды.

Жарысқа төрелік жасаған профессор Асылхан Әбішев пен ақын Мұрат Кененов – турнирдің биік деңгейде өтуіне сеп болған тұлғалар.

Сондай-ақ, Қазақ күресінің дамуына өлшеусіз еңбек сіңірген ардагер спорт қайраткері Ерғали Мұхитдинов, Олимпиада жүлдегері Дәулет Тұрлыханов, «Динамо» спорт қоғамының өкілдері және өңір спортын дамытуға үлес қосқан көптеген азаматтар Ақын ағаға алғысын білдірді.

Ақын Ордабайұлы бала күнінен спорт пен домбыраны, жыр мен жазуды серік еткен.

«Бала кезімнен спорт пен домбыра тарту, жазушылық, ақындықты жанымдай жақсы көріп өстім. Әкем мен шешем 4-сыныпта оқып жүргенімде күміс көмей әнші атамыз Кенен Әзірбаевтың алдына апарып, батасын алған едім. Ақиық әнші атамның батасы тигені бір анық, әнші болып кетпесем де қоңыр домбырамды тартып қойып, Алла берген жазбалық өнермен бес кітап жазып, қазақ спортының дамуына өзімше үлес қосуға тырысып келдім. «Алпыс тал түс», демекші, алпыс жасымда бекер өмір сүрмегенімді жиылған жұрттың айтқан ыстық ықылас ақжарма тілектерін тыңдай отырып, мерейтой жарысымды жаныма түйдім.

Кезінде «Ауыл спорты» телехабарымен еліміздің ой-қырын табан тоздырып аралап жүріп, талай таланттарды танытып, ауыл спортының мәселелері, тынысы мен тірлігін наисхаттап еткен еңбегім елеусіз қалмағынын көрдім. Сансыз Аллаға шүкір айтып, алпысымды осылайша қарсы алған едім. Дән жинаған диқандай, еліміздегі спорттың дамуы үшін жылдар бойы жинап жазған журналистік жолым әлі де жалғасар деген үміттемін. Қазақ спортының өркен жайып өсуіне тамшыдай болса да еңбегім тиіп жатса менен асқан бақытты жан жоқ еді», — дейді ардагер журналист.

Ақын Ордабайұлы тек жазып қана қоймай, жас журналистерге жол көрсетіп, шәкірт тәрбиелеп, елге өнеге болып жүрген азамат.

Ақын Ордабайұлы – журналистиканың да, спорттың да жолын жарық қылған азамат. Еңбегі еленіп, халқы бағалаған тұлға. Оның 60 жылдық мерейтойы – бір адамның ғана емес, елдің игілігі жолында аянбай еңбек еткен тұтас буынның тойы.

Жандос ОМАРОВ

Leave A Reply

Your email address will not be published.