Ауданымызда соңғы жылдары жолдың жайы реттеліп, құрылыс жұмыстары қарқынды жүріп келеді. Одан бөлек ауданға қарасты ауыларалық жолдар да қайта жаңғырып, алыс-жақын елді мекеннен қатынайтын ағайынның да жұмысы жеңілдеді.
Айнадай тегіс боп төселіп, келер жылы адам көргісіз күйге түсетін жолдар жолаушыны діңкелетіп, таяқ тастам жердің өзіне сағаттап жеткізбей қоятыны рас. Ал жол жақсы болса, жолаушы мен темір тұлпарға алыс қашықтықтың өзі бұйым болмас еді. Мемлекет қолға алып отырған қазіргі міндет те осы – алыс, жақын бағыттардың бәріне де сапалы, жайлы жол салу. Жолдарды қалпына келтіру және оны күрделі жөндеуден өткізу аса өзекті мәселе. Шұғыл түрде жөндеуді талап етіп келген аудан жолдарының жағдайы бүгінгі күні едәуір жақсы. Өзекті мәселені шешу үшін жыл сайын қаржы бөлініп, қарқынды жұмыстар жүргізілуде. Бүгінде халықтың өмір сүру сапасын жақсартудағы маңызды фактордың бірден бір бөлігі — сапалы инфрақұрылыммен қамтамасыз ету. Соған сәйкес, ауданымызда асфальт қоспасын қолдана отырып, аудандық маңызы бар автомобиль жолдарына ағымды жөндеу жұмыстарын жүргізу басталды. Жол-көлік оқиғасының алдын алу мақсатында, жолдардың шұңқырларын жою, бүлінген асфальт бетон жабындарының жекелеген учаскелерін қалпына келтіру жұмыстарын «Тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық жөніндегі кәсіпорны» мердігер мекемесі жүргізбек.
Аудандық тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығы жөніндегі кәсіпорнының берген мәліметіне сәйкес, аудан бойынша 12 ауылдық округтің ойық-шұңқырларын қалпына келтіру жұмыстары жоспарда тұр.
«Қалпына келтіруді қажет ететін аудандық маңызы бар жалпы жол ұзындығы 275 шақырымды құрайтын болады. Биылғы жолды қалпына келтіру жұмыстарын Соғанды ауылына апарар жолдан бастап отырмыз. Аудан тұрғындарының өтініштерін назарға алып, шұңқырларды жөндеудеміз. Сондай-ақ, биылғы жылы, жаңа жол салу, күрделі жөндеу және ағымды жөндеу жұмыстарын қайта жандандырдық. Мәселен, таяуда Отардағы ауылдар арасын жалғайтын ауыспалы жол жөндеу жұмысы қайта қолға алынып, ұзындығы 5 шақырымды құрайтын жол салынуда», — дейді ТҮКШ директоры Қуаныш Байжігітов.
Ә.ДҮЙСЕНҰЛЫ