ҚАЛПЫНА КЕЛТІРУ ЖҰМЫСТАРЫ ЖҮРУДЕ

0

Сәрсенбі күні кешкі сағат 18.00-ден бастап соққан дауылды жел аудандағы бірқатар елді мекенге зардабын тигізді. Секундына 18-25 метрге дейінгі жылдамдықпен соққан желмен қатар нөсер жаңбыр жағдайды ушықтыра түскен.

Долы желден Қақпатас, Беріктас, Бетқайнар ауылдарында көше бойындағы газ құбырына ағаштар құлап, зақымдады. Осыған байланысты осы аймақта газ беру уақытша тоқтатылған болатын. Сонымен қатар, электр желілері үзіліп, қауіпсіздік мақсатында Беріктас, Жаңатұрмыс және Соғанды ауылдарында электр жабдықтау істен шықты. Қатты дауылдан оншақты үй және мал қоралардың шатыры ұшып кетсе, желден 3 тұрғын зардап шегіп, оларға дереу медициналық көмек көрсетілді.

Ал, Соғанды ауылында таудан аққан ағынды су салдарынан мал шығыны орын алып, Бетқайнар және Соғанды ауылдары арасындағы жоғары вольтты желі бағанасы мен көпір зақымданды. Сондай-ақ, бірнеше елді мекенде электр бағандары құлады. 15 тұрғын үй және қора жайлардың шатырлары жел салдарынан ұшып кеткен. «Beeline» ұялы байланысының мұнарасы құлаған.

Сол күні кешке Отар аумағында және Кенен ауылдық округінің төңірегінде бұршақ аралас жаңбыр жауды.

Осы орайда аудан әкімі Бегзат Болатбековтың тапсырмасы бойынша құзырлы мекемелер оқиға орындарына шығып, жедел шаралар қабылдады.

Аудан басшысы жоғарыда аталған барлық елді мекендерге барып, жағдайды өз бақылауына алды. Анықтау кезінде жеке аула аумақтарын, сондай-ақ тұрғын үйлерді су басу фактілері тіркелмеді.  Шығын есептелуде. Ағын су салдарынан бүлінген «Соғанды-Бетқайнар» автожолы маңында жергілікті атқарушы органдар мен полиция қызметінің күшімен бекет қойылып, жол жүру қамтамасыз етілді. Қазіргі таңда көпірді қалпына келтіру жұмыстары жүргізілуде.

Қазіргі уақытта Беріктас және Соғанды ауылдық округтердің инфрақұрылымын қалпына келтіру жұмыстары жүргізілуде. Беріктас ауылында өшірілген 219 абоненттің 209-на газ берілді. Қақпатас өзенінің арнасын ағаштардан тазалауға 30 адам жұмылдырылып, тиісті жұмыстар атқарылуда. Беріктас ауылында 1-мамыр және С.Кеншімбай көшелерінде құлаған ағаштардан 6 аула тазартылып, электр желілерін қосу үшін 2 бригада жұмыс атқарды. Соғанды ауылында да электр желілерін қосу үшін жұмыс жүргізілді. Жел салдарынан құлаған ағаштардан газ құбырлары сынған, аудандық «ҚазТрансГазАймақ» тарапынан қалпына келтіру жұмыстары қолға алынды.

Нысандарды қалпына келтіру жұмыстары облыс, аудан әкімінің тікелей бақылауына алынған.

Leave A Reply

Your email address will not be published.