Көпұлтты отбасылар – Қазақстанда тұрып жатқан түрлі ұлт өкілдерінің тіліне, дініне, салт-дәстүріне деген құрметтің айқын дәлелі. Бүгінде елімізде әртүрлі ұлттың мәдениеті мен әдет-ғұрыптары өзара тоғысып, жарасым тауып отыр. Тіпті елімізде «Рождество құтты болсын!» дегенде «Бірге болсын!» деп жауап беретінімізді әзіл-шыны аралас айтатын қазақтың қалжыңы да осы көпұлттылықтың шынайы көрінісі.
Мәдениеттер тоғысқан мұндай үйлесімділік әсіресе көпұлтты отбасыларда ерекше байқалады. Себебі мұндай отбасыларда тіл, діл, дін ғана емес, жүрек үндестігі мен көзқарас үйлесімі де маңызды рөл атқарады. Осындай жарасымды өмір сүріп жатқан отбасылардың бірі – Қордай ауылында тұратын Әмірқұл Багисбеков пен Ирина Кокшарева.
Ирина Эрнстовна 1963 жылы Қордай жерінде дүние есігін ашқан. Еңбек жолын ерте бастап, небәрі 16 жасында пошташы болып қызмет атқарады. Бір жарым жыл бойы жұрттың аманатын уақытылы жеткізіп, жауапкершілікті мойнына алған қайратты қыз кейін аудан әкімдігінде, мектепте техникалық қызметкер болып еңбек етеді. Соңғы бес жылдан бері «Интенсив-Білім» кәмелетке толмағандармен жұмыс жөніндегі қоғамдық қорында белсенді қызмет етіп келеді.
Ал Әмірқұл Ибрайұлы – техника тілін жетік меңгерген білікті маман. 42 жыл бойы ПМК-48 мекемесінде механик әрі экскаваторшы болып тер төккен, еңбекқорлық пен адалдықты өмірлік ұстанымына айналдырған азамат.
– Біз отбасымыздың әр мүшесінің ұлтына құрметпен қараймыз. Барлық мерекелерді өз күнтізбелеріне сай атап өтеміз. Үйлену тойымыз болсын, баланың туған күні болсын – барлығы орыс, қазақ және неміс халықтарының әні мен күйі, биі мен тағамы тоғысатын шын мәніндегі көпұлтты тойға айналады. Біздің отбасымыз маған Қазақстанды еске салады – мұнда түрлі ұлт өкілдері тату-тәтті, бір шаңырақ астында өмір сүреді. Ұлтқа, дінге, тілге бөлінбей, бір-біріне түсіністікпен қарап, құрмет көрсетеді, – дейді Ирина Эрнстовна.
Расымен де, бұл отбасының дастарханы да, дастархан басындағы әңгімесі де түрлі мәдениетке толы. Қазақтың қуырдағынан бастап, немістің штруделіне, орыстың винегретіне дейін – дәм мен тілдің де үндестігі ерекше. Ирина Эрнстовна қазақтың ұлттық тағамдарын, әсіресе тәттілерін әзірлеуді ерекше ынтамен үйренгенін мақтанышпен айтады.
Ерлі-зайыптылар екі қыз тәрбиелеп өсірді – Кристина мен Екатерина. Ирина тәте көп балалы ана, екі ұлы Ресейде тұрады. Қыздары болса – туған жер, Қордайда. Кіші қызы Катяның екі қызы бар: Маша мен Даша – Ирина мен Әмірқұл атаның көз қуанышы. Айтпақшы, біз бұған дейін де Маша Кухаренконың қолөнерге бейім екенін, тоқылған қуыршақтары арқылы көпшілікті таңғалдырғанын жазған едік. Ол – нағыз шығармашыл бала.
– Әмірқұл мені өмірімнің ең қиын кезеңінде қолдап, демеу болды, – дейді Ирина Эрнстовна толқыныспен. – Оның өз баласы болмағанымен, менің қыздарымды туған қызындай қабылдап, олар да оны бірден «әке» деп атай бастады. Бұл – мен үшін өмірімдегі ең үлкен бақыт. Осындай мейірімді, сабырлы адаммен тағдыр қосқаныма шүкіршілік етемін.
Ирина мен Әмірқұл отбасыдағы ұлттық менталитеттегі айырмашылықтарды керісінше, өмірдің сәні, бір-бірінен үйренерлік артықшылық деп санайды. Әр ұлттың бойындағы жақсы қасиеттерді бойға сіңіріп, жанұяны үйлесім мен жарасымға бастайтын жол ретінде қарайды.
– Бізден «бақытты отбасы болудың сыры неде?» деп жиі сұрайды. Біз әрқашан «сыйластық пен құрмет» деп жауап береміз. Бір-біріміздің көзқарасымызға, салт-дәстүрімізге, дінімізге құрметпен қарап үйрендік. Уақыт өте келе өзіміздің де отбасылық дәстүрлеріміз қалыптасты, – дейді Әмірқұл Ибрайұлы.
Рас, бүгінгі күні көпұлтты отбасылар саны азайып бара жатқаны жасырын емес. Алайда Багисбеков-Кокшарева отбасы – түрлі ұлт өкілдерінің жарасым тапқан татулығының, берік бірліктің, сүйіспеншілік пен түсіністіктің шынайы үлгісі.
Олардың өмірлік жолы – нағыз шабыт көзі. Бұл отбасы арқылы біз шын мәнінде түсінеміз: бір ұлтты болсын, көпұлтты болсын, ең бастысы – жүректегі сүйіспеншілік пен сенім, кешірім мен шыдамдылық, құрмет пен жауапкершілік.
– Отбасының бақыты – бір-біріне сенуде, мейірімде, қамқорлықта. Отбасының берекесі – ұлтқа байланысты емес, жүрекке байланысты, – деп түйіндеді сөзін Ирина Кокшарева.
Мадина УЗБЕКОВА