ҚАМҚОРЛЫҚПЕН ДАЙЫНДАЛҒАН ӨНЕР ТУЫНДЫСЫ

0

Соңғы жылдары глютенсіз өнімдерге деген сұраныс артып келеді. Бұл тек глютенге төзбеушілікпен ауыратын адамдар санының артуына байланысты емес. Глютенсіз тағамның адам денсаулығына пайдасы мол болғандықтан, көпшілігі саналы түрде дәл осы диетаны таңдайды. Сұраныс бар жерде өнімді дайындайтын арнайы мамандардың болуы заңдылық. Қордай ауданында да осы саланың дамуына өзіндік үлесін қосуға ниетті дарынды наубайшылар бар. Солардың бірі – Полина Торицына. Кейіпкеріміздің глютенсіз тағам пісіру туралы шешім қабылдауы жай ғана сәйкестік емес. Бұл жайында ол бізбен сұхбат барысында бөлісті.

– Полина Леонидовна, сізді глютенсіз тағам дайындауға не шабыттандырды?

– Ең алдымен глютен дегеніміз не және одан адам ағзасына қандай зиян келетінін түсіндіріп өтейін. Глютен — бидай, қара бидай және арпада кездесетін ақуыз түрі, ол сезімтал адамдарда асқазан ауруы, іштің кебуі, шаршау және бас ауруы сияқты жағымсыз белгілерді тудыруы мүмкін. Мен аутизмі бар егіз ұлдардың анасымын, мұндай балаларда глютенге сезімталдық жиі кездеседі. Бала өзін не мазалайтынын толық түсіндіре алмайтындықтан, бұл оның мінез-құлқына айтарлықтай әсер етеді. Ұлдарым бұрын глютенсіз диетада болды, бірақ отбасылық себептерге байланысты оны тоқтаттық. Ал, 2024 жылдан бастап бүкіл отбасымызбен глютенсіз тағамға көшу туралы шешім қабылдадық. Дүкендерде мұндай өнімдер жоқтың қасы. Осылайша глютенсіз тағамдарды өзім пісірейін деп шештім. Қажетті ингредиенттерді қайдан сатып алуға болатынын іздей бастадым, рецепттерді зерттеп, глютенсіз тамақ дайындауды бастап кеттім.

– Ал, глютенді қандай ингредиенттермен алмастырасыз?      

– Глютенсіз ұнның әртүрін, «глютенсіз» деп белгіленген тапиока, жүгері немесе картоп сияқты крахмалдарды қолданамын. Сондай-ақ, псиллиум, ксантан және гуар шайырлары да маңызды рөл атқарады.

– Глютенсіз тағам пісіру барысында қандай ерекшеліктер мен қиындықтар кездеседі?

– Басты қиындық – дұрыс құрылым жасап шығару, өйткені глютен қамырдың серпімділігі мен беріктігіне жауап береді. Қажетті нәтижелерге қол жеткізу үшін глютенсіз ингредиенттермен бірнеше рет тәжірибе жасау қажет болады.

– Өзіңіз ерекше мақтан тұтатын, сүйікті глютенсіз тағамыңыз бар ма?

– Иә, глютенсіз шоколадты кекс – менің және отбасымның ең сүйікті тағамы. Ол үлпілдек, дәмді және хош иісті болып шығады. Сырт көзге қарапайым кекстен айырмашылығы болмағандықтан, көбісі оның глютенсіз екеніне таң қалады.

– Қандай ұнның түрлерін жиі қолданасыз?

– Күріш, жүгері, бадам және кокос ұндарын қолданамын. Осы ұн түрлерінен жасаған өнімдер жақсы шығады және басқа глютенсіз ингредиенттермен оңай біріктіріледі.

– Глютенсіз өнімдер үшін сапалы ингредиенттерді қалай таңдайсыз?

– Мен органикалық өнімдерді ұнатамын және өнімдердің шын мәнінде глютенсіз екеніне көз жеткізу үшін құрамын мұқият тексеремін. Әдетте ингредиенттерді мамандандырылған дүкендерден сатып аламын немесе сенімді өндірушілерден тапсырыс беремін.

Әзірге Полина Торицына глютенсіз өнімдерді тек отбасы мүшелеріне ғана пісіреді. Болашақта сүйікті ісін кәсіп көзіне айналдырып, өндірісті кеңейтуді көздейді. Осы мақсатына жету үшін әрекетін де жасауда. Жуырда аспаз бизнес бастау үшін қайтарымсыз грант алуға өтініш берген екен. «Менің мақсатым ерекше диеталық қажеттіліктері бар адамдарға, соның ішінде балалар мен глютенге сезімтал жандарға көмектесу», — дейді кейіпкеріміз.

Полина Леонидовнаның тағам дайындауға деген сүйіспеншілігі мен адамдарға көмектесуге шынайы ұмтылысы жоғары сапалы өнімдерді жасап шығаруына шабыт берген. Оның глютенсіз пісірілген өнімдері жай ғана тамақ емес, қамқорлықпен, ерекше көңілмен жасалған өнер туындылары десек қателеспейміз.

Сәуле МҰХАДИНҚЫЗЫ

Leave A Reply

Your email address will not be published.